Кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіріліп жатыр

1810

Елордадағы салық органдарының қызметкерлері кәсіпкерлердің банктегі шоттарын негізсіз бұғаттап, заңды қызметіне кедергі келтіреді. Бұл аз десеңіз, тергеу, тексеру шарасын бейнетаспаға жазып, шағын және орта бизнес иелерінен қылмыскер секілді жауап алады. 

Кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіріліп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасына осындай мазмұнда шағым түсіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаштың мәлімдеуінше, салық органдарының кәсіпкерлерге қолданып жатқан "тәсілдері" ақылға қонымсыз. Салық қызметкерлерінің шағын және орта бизнес субъектілерінің шотын, электронды шот фактуралардың ақпараттық жүйесін негізсіз бұғаттауы заңға қайшы әрекет. Ал кәсіпкерлердің әріптестеріне олардың бизнесі тәуекел тобында екені туралы хабарлама жіберу іскерлік белсенділік пен беделге нұқсан келтіретін шара. 

"Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, салық төлеуден жалтарып жүрген бір күндік компанияларға шара қолдану, салық төлемеудің алдын алу, адал кәсіпкерлерді жосықсыз кәсіпкерлерден қорғау сонымен қатар көлеңкелі экономика деңгейін жою мақсатында әзірленген қосылған құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі қанатқақты жобаны мемлекеттік кірістер департаменті жүргізеді. Өкінішке қарай, қысымға жосықсыз бизнес иелері емес, адал кәсіпкерлер ұшырап жатыр. Біз мұндайға түбегейлі қарсымыз!", – деді Қуанышбек Мұқаш.

Оның сөзінше, мемлекеттік кіріс органдары тәуекел деңгейі төмен және орташа кәсіпкерлерге хабарлама жіберуді әдетке айналдырып алған. 

"Тек Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы бойынша кәсіпкерлерге заңсыз 84 хабарлама жіберілген", – деді директордың орынбасары.

Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, логистикалық қызмет нарығына маманданған кәсіпкерге мемлекеттік кірістер басқармасы белгілі бір қаржы-шаруашылық операцияларының ықтималдығы төмен екені туралы хабарлама жолдайды. Өз кезегінде мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері өткен кезеңге міндетті төлем мен өсімпұл төлеу туралы ауызша талап қояды.

Бұған қоса тексеруші орган кәсіпкерлерден қаржы-шаруашылық операциясына қатысы жоқ құжаттарды сұратады. Осылайша кәсіпкерді қағазбастылықпен қажытады. 

"Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 140 - бабында профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде қажетті ақпаратты талап етуді қоспағанда, мынадай әрекеттердің бірін, оның ішінде тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты сұрату арқылы жасау жолымен бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы тексеру мен профилактикалық бақылауды және қадағалауды бақылау және қадағалау органдары жүргізеді деп белгіленген. Жоғарыдағы талап мемлекеттік кіріс органдары қызметкерлері іс жүзінде заңсыз тексерулерді жүзеге асыратынын көрсетеді. Бұл әрекеттер ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің
175-бабында белгіленген жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзады", – деді Қуанышбек Мұқаш.

Оның сөзінше, салық органдарының қызметкерлеріне қаржылық-шаруашылық операциясы дұрыс атқарылғанын дәлелдеген кәсіпкерлер негізсіз бұғатталған банк шоттары мен электронды шот фактуралары ақпараттық жүйесінің ашылуын күтуге мәжбүр болады. 

"Барлық жағдайда кәсіпкерлердің құқығы аяқ асты болып жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріп отырған елде мұндай әрекетке жол берілмеуге тиіс. Біз нақты шараның қабылдануын, кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтірілмеуін талап етеміз", – деді Қуанышбек Мұқаш.

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу