Қасіретті тарих та турист тартуы мүмкін

148

Қазақстан ондаған жылдан бері туристік әлеуетін арттыруды мақсат тұтып келеді.

Қасіретті тарих та турист тартуы мүмкін Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Әр аймаққа сансыз ағылған шетелдіктерді көрмесек те, ресми статистикалар аздаған нәтижелер барын алға тартады. Былтыр 9 айдың өзінде елге 12,1 млн турист келгенге ұқсайды.

Салаға туризм деп жалпылама атау бергенімізбен, оның ішінде де көпшілікке таңсық тармақтар бар. Соның бірі – "Dark tourism". Қазақша тәржімалайтын болсақ, "қара туризм" немесе "қасіретті туризм" дегенге саяды. Бұл сөз әлемдік туризм индустриясында кейінгі онжылдықта жаңа бағыт ретінде қарастырылып отыр. Бірақ Қазақстан дәл осы "қасіретті туризмді" әзірге қолға алмаған секілді көрінеді.

Алдымен бұл бағыттың шығу тегі мен ерекшелігіне тоқталып алайық. Негізі ХХ ғасырдың соңында ғылыми еңбекке еніп, адамзат тарихындағы қайғылы оқиғаларға, саяси қуғын-сүргінге, геноцидке, соғыс пен апат орындарына туристік қызығушылықты арттыруға қолдана бастаған термин еді.

Түсінуге тиіс бір дүние, "қара туризм" – көңіл көтеру емес. Теңіз бен түрлі табиғаты сұлу жерден бөлек, табиғи апат пен адам қолынан болған оқиғалар орнына құмартатындар саны жетерлік. Әрі олардың көбі өткен тарихқа үңілушіледі. Туристердің мұндай тобы кейде Қазақстанға да аялдап жүр. Өйткені ХХ ғасырдағы ауыр тарихи кезеңдерге куә жерлер көп. Бұл бағыттың өзіндік ерекшелігі барын Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы Әлібек Шоқпаров та айтып берді.

– "Қасіретті туризм" – жай ғана демалу немесе көңіл көтеру емес, керісінше өткен тарихи қасіретті оқиғаларды тану, олардың адамзатқа тигізген зардабын түсінуге бағытталған ерекше тәжірибе. Мұндай сапар көбіне туристерге түрлі эмоция қалдырып, тарихи әділетсіздіктерді түсінуге, адамзат тарихынан сабақ алуға ықпал етеді. Біздегі бұл туризм бағыты әлі толық игерілмеген. Десек те болашағы бар, – деді ол.

Мысалы, Семей полигоны мен Арал теңізі – экологиялық апат аймағы. Екеуі де адамның табиғатқа жасаған орасан зор қателігінің айқын көрінісі. "Қара туризмнің" тағы бір орталығы – Қарағандыдағы КарЛАГ, яғни, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері. Лагерь көлемі жағынан бүкілодақтық ГУЛАГ жүйесінің ең ірі орталықтарының бірі болды. Долинка кентіндегі музей бүгінде мыңдаған шетелдік туристі қабылдайды. Экспозициялар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тағдырын баяндап, лагерь өмірінің ауыр шындығын көрсетеді.

Ал Ақмоладағы ең ірі лагерь – АЛЖИР "қара туризмнің" маңызды нысандарының бірі. Онда мыңдаған әйел, әйгілі ғалымдар мен қайраткерлердің жұбайлары жазықсыз отырды. Қазір музей сол зұлматты жылдарды еске түсіріп, тарихи әділетсіздікті көрсетіп отыр.

Қазақстанда Степлаг, Песчанлаг сияқты өзге де лагерьлер болғанын біреу білсе, біреу білмес. Олар да болашақта "қасіретті туризмнің" халықаралық маршруттарына қосылуы мүмкін. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді де осы қатардағы нысандарға жатқызуға болады.

Негізі бұндай нысандарды еліміздің кез келген өңірінен табуға болады. Әйтпесе шетелдіктер көбіне Қазақстанды Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты сияқты көрнекті орындарымен таниды.

"Қасіретті туризмнің" бір нышаны ретінде Аралдағы "Балықшылар" музейін атауға болады. Бұл нысанға бірнеше рет бас сұғып көрдік. Бірақ осыншама тарихы мен қасіреті бар орынға туристер жиі келмейді. 1700-ден астам теңіз жәдіргері бағалаусыз тұр. Мысалы, музей сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандар есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – "Лев Берг" деп аталатын 25 метрлік кеме.

Арал ауданында көп жылдан бері туристерге гид болып қызмет атқаратын Серік Дүйсенбаев аймақта туризмнің дамымай қалуына мұраға салғырт қарау мен инфрақұрылымның дамымауы себеп болғанын алға тартты.

– Жағада қалған кемелер кешегі күнге дейін болды. 5-6 жыл бұрын да туристер барып, тіпті басына түнеп жүрді. Қазір кеме жоқ. Ал музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл-күйі түсіп кетеді. Өйткені олар шынайы емес. Бояп, сырлап қойылған. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кемелер қызық. Ал көрші Өзбекстан теңізден қалған кемелерін сақтап үлгерді, – дейді азамат.

Ал Арал құмында қалған кемелерді беріге дейін кім көрінген сұраусыз кесіп, сұлбасын да жоқ қылуға шақ қалды. Оның үстіне, жырақта жатқан аймаққа жету қиын, жолдың көбіне қиыршық тас төселген, басқасы қара жол. Жарық пен су тартылмаған орындар да жетерлік.

Осылайша, еліміз табысы мен танымы көп, рухани әсер сыйлай алатын тарихи бағыттағы "қасіретті туризмге" көп көңіл бөлмей отырғандай. Әйтпесе, шетелдіктерге кешегінің шындығы мен бүгінгінің болмысын ашып көрсетуге болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу