Kazakhstan Growth Forum алаңында Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе компанияның 2013 жылғы ішкі материалдарынан алынған слайдты көрсетті. Онда сол кездің өзінде жасанды интеллект, дауыстық командалар және дербестендіру туралы айтылған.
Ломтадзенің сөзінше, бұл идеялар болашақ Kaspi Магазиннің стратегиясын әзірлеу кезінде талқыланған.
"2013 жылы біз жай ғана банк емес, одан да ауқымды компания болғымыз келетінін анықтадық. Сондай-ақ, интернет-дүкен ашуды жоспарладық, сөйтіп, 2014 жылы Kaspi Магазинді іске қостық", – деді ол.
Михаил Ломтадзе Kazakhstan Growth Forum алаңында таныстырған Kaspi.kz-тің 2013 жылғы ішкі материалдарынан алынған слайд
Ломтадзе команданың сервистерді әзірлеуге қалай қарайтынын түсіндірді: алдымен қол жеткізгісі келетін түпкі нәтиже айқындалады, содан кейін соған қажетті шешімдер белгіленеді.
"Біз түпкі нәтиже, түпкі өнім және сервис тұрғысынан ойлаймыз. Содан кейін қол жеткізгіміз келетін нәтижеден немесе сервистен кері қарай жүріп, оған қалай жетуге болатынын қарастырамыз".
Бүгінде компания Kaspi Магазиндегі дербес AI-көмекші Kasper-ді дамытып жатыр. Ол қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі сұрауларды түсінеді, клиенттің қажеттіліктерін нақтылайды және тауар таңдауға көмектеседі.
Ломтадзенің айтуынша, даму бағыттарын таңдағанда команда клиенттерге барынша пайда әкелетін міндеттерді шешуге басымдық береді. Алдағы уақытта компания Kasper-дің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оның басқа да күнделікті міндеттерді орындауға көмектесуші жасауды жоспарлап отыр.