Сенатта "Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жобаның аясында Каспийдің түбінде кабель тартылады. Ол арқылы электр энергиясы тасымалданады. Сол электр энергиясын кім өндіреді? Мысалы, біздің өзімізде дефицит болып отыр ғой. Өзбек тарапында да осы мәселе бар. Әзербайжан оны әрі қарай Еуропаға жіберу үшін электр энергиясы керек қой, сол қайдан шығады? Инфрақұрылым жайы түсінікті, ал бірақ сол электр энергиясының көзі керек қой", – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов бұл күрделі сұрақ екенін айтты.
"Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі қуаты 26 ГВт болатын жаңа жобаларды жүзеге асыратын болады. Оның ішінде көптеген жоба жаңартылған көздерге байланысты болады. 26 ГВт ішінде және 2032 жылға дейінгі жаңа жобалардың арасында шамамен 6 ГВт жаңартылатын көздерге байланысты жобалар жүзеге асырылады. Сондықтан жалпы айтқанда біз профициттік деңгейге жететін боламыз. Электр энергиясынан дефицит болмайды. Екіншіден, бұл үш мемлекет қой. Өзбекстаннан жасалатын жобалардан электр энергиясы бірінші Қазақстанға тасымалданады, содан әрі қарай Транскаспий арқылы Әзербайжанға, Еуропаға жеткізілетін болады. Сол себепті біздің болжамымыз бойынша келесі бесжылдық, жетіжылдыққа қарасақ, Өзбекстан мен Қазақстанның жаңартылған көздерден алынатын электр энергетикасы артады", – деді ол.
Оның айтуынша, бұл жобада тек қана жасыл энергетикасы емес, басқа да энергия көздерінен электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік пайда болады.