Каспий құбыр консорциумы Қазақстан Үкіметінің мазасын әбден қашырды

20 жылдан бері еш кідіріссіз жұмыс істеп келген құбырдан биыл біресе ақау шығып, кейін дауыл тұрып, тіпті 70 жылдан бері анықталмаған қару табылды. Энергетика министрі мұны "сәйкестік" деп атағанымен сарапшылар бұған сенбейді. Олар мұның саяси және экономикалық астарын ашық атады. 

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан Үкіметінің мазасын әбден қашырды Фото: inbusiness.kz

28 қыркүйек "KIOGE-2022" халықаралық мұнай-газ конференциясында тілшілерге сұхбат берген Болат Ақшолақов қазан айының ортасында консорциумда жөндеу жұмыстары аяқталады деп нақтылады. Алайда водомство басшысының айтқаны орындалмады. Бүгін қазанның 28-і. КҚК-ның баспасөз қызметін жөндеу жұмыстарына дайындық жаңа басталғанын хабарлады. Осынау сан сылтаудың себебі неде? Inbusiness.kz мұның сырын белгілі экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтан сұрады.

– Рашид Хасенұлы, Каспий құбыр консорциумының жұмысы қашан жандануы мүмкін?

– КҚК мәселесі осы 7-8 айдың ішінде біздің мазамызды алды. Біріншіден, бұл экономикамыздың күре тамыры екені айдан анық. Екіншіден, біздің мемлекет мұнай-газ өнімдеріне және өндірісіне өте тәуелді екенін көрсетіп отыр. Себебі біздің бюджетке табыстың басым бөлігі мұнай мен валюта түсімінен келіп отыр. КҚК мәселесіне қатысты сарапшылар әр түрлі болжам айтуда. Бірақ бұл болжам жасауға келмейтін күрделі жағдай. Қазіргі таңда Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс қай шекке барып жетеді және қандай биіктікте барып тоқтайды? Оны ешкім нақты айта алмайды. Ол мәселе тек қана үлкен геосаясатқа байланысты. Оны халыққа ашық түсіндіріп, айту керек. Мен неге оны айналып, тиіп-қашып айтатынын білмеймін.

– Демек жөндеу жұмыстары деген жәй ғана сылтау ғой?

– Ол жәй сөз. Ресей жағы тіптен келесі 2023 жылдың наурызына дейін бұл мәселе шешілмейді деп бізге ескертті. Мәселен, жуырда Солтүстік ағымдағы үш құбыр жарылды. Оның себебі неде? Адами фактор ма? Техникалық фактор ма? Әлде саяси фактор ма? Ешкім оның басын ашып айта алмай келеді. Ондай үлкен газ құбырлары тоқтап жатқан кезде 60 млн тонна мұнай тасымалдап тұрған КҚК оларға сөз емес.

Сондықтан мемлекетке "балама жол іздеп жатырмыз, басқаша қарастырамыз" деген қысыр әңгімені қою керек. Үкіметке КҚК құбырымен мұнай тасымалдауды тоқтатпаудың амалын табу керек.

Онда біз қандай да бір концессияға, шегініске баруымыз пе?

– Олардың бізден сұрап отырғаны саяси қолдау, болмаса экономикалық қолдау, дүниежүзі елдері салған санкцияны айналып өту жолдары... Иә, біз заңды бұза алмаймыз. Бірақ басқа да аргументтер бар. Мысалы, бір күні бұл шиеленіс аяқталады. Сол кезде Ресей қайтадан өз экономикасын дамытып, әлемдік аренаға шығуға ұмтылады. Сол кезде Қазақстан көмектеспегенде кім көмектеседі? Сондықтан олар мұны да ескеруі керек. Осындай аргументтер айтылса, Ресейге сөзімізді жеткізуге болатын сияқты.

– Келесі жылдың наурызына дейін көрші елмен келісе алмасақ, экономикалық зардабы үлкен болатын сияқты

– Әлбетте, жыл басында Энергетика министрлігі осы құбыр арқылы 87 млн тонна мұнай тасымалдаймыз деген болжам жасады. Қазіргі біздің есебіміз бойынша "шала-жансар" істеп тұрған желімен 80 млн тонна жеткізіп алсақ жақсы болар еді. Осы жетпей қалған 7 млн тонна тасымалдап отырған мұнайымыздың 10%-ы бюджетке қатты ықпал ете қоймайды. Ал егер алдағы жылы 80 млн тонна емес, 40 млн тонна шикізат тасымалдайтын болсақ, онда міндетті түрде экономика ғана емес, өнідіріс зардап шегеді, жаңа туған баладан қартайған зейнет жасындағы әр қазақстандық осының зардабын сезеді.

– Әзербайжан бағыты арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндігіне қалай қарайсыз?

– Әзербайжан бағыты туралы көп айтылады. Алайда бір нәрсені ұғуымыз керек – Әзербайжан тура осы мұнай-газ өндірісіне келгенде бізбен бәсеке мемлекет. Қазір Ресей Еуропаға жеткізе алмай отырған мұнай-газдың орнын толықтыруға басқа мемлекеттер таласып жатыр. Венесуэла, Иран, Ирак та осы нарыққа шығуды көздеуде. Әзербайжан да өзінің бар күш-қуатын Еуропаға жеткізіп, кейін содан артылған көлемді ғана береді. Ал қазір өзінің күш-қуатын толықтырып, "сендер де мұнай тасымалдап алыңдар" деген мамыражай келісім бола қоймайтын шығар. Ол мәселенің бір тұсы. Екінші тұсы – Әзербайжан мен біздің мұнайдың сапасы екі түрлі. Егер шикізат бір құбырмен кететін болса, біз өзіміздің мұнайды сату үшін Әзербайжанның стандартына сәйкестендіруіміз керек.

– Ал оған біздің зауыттар дайын ба?

– Біздің технология Ресей арқылы тасымалдауға бейімделген ғой. Сондықтан бұл жерде бірінші технологиялық мәселе, екінші экономикалық, үшінші саяси мәселе бар. Одан кейін Әзербайжан арқылы біз Еуропаға бірден шықпаймыз ғой. Грузия арқылы өтеміз, Қара теңізден ары қарай тасымалдауымыз керек. Яғни 5-6 мемлекеттен өтеміз. Оның бәрін міндетті түрде заңдастыру керек. Бұл Қытайдан алып шығатын ала дорба емес. Сол үшін наурызға дейін КҚК жұмыс істемей қалса, біз Баку – Жейхан арқылы экспортқа шығамыз деген талқылайтын да әңгіме емес. Әрине, уақыт өткізіп, үміттендіру үшін айтылатын шығар. Бірақ нақты мәселені шешудің амалы, бағыты, құралы емес.

– Мәселені шешудің қандай жолы бар?

– Бұл тіпті дипломаттар және премьер-министрлердің төңірегіндегі әңгіме емес. Одан жоғары екі ел Президенттері ғана шеше алатын мәселе. Біздің Президентіміз шамасы келгенше, бүкіл саяси, дипломатиялық өнерін салып, КҚК арқылы мұнай тасымалдауды тоқтатпаудың амалын жасауы керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Редакциядан: Еске сала кетсек, КҚК құбыр жүйесі ТМД елдеріндегі шетел капиталының қатысуымен энергетика саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 шақырымды құрайды. Қазақстанның жалпы экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы осы бағыт бойынша тасымалданады. КҚК-нің ірі акционерлері: "Транснефть" ЖАҚ (сенімгерлік басқару) атынан Мемлекеттік мүлікті басқару федералды агенттігі – 24%, КҚК компаниясы – 7%, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ – 19%.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу