Каспий жақта мертіккен жұмысшы өтемақысыз қалуы мүмкін

1629

Еңбек министрлігі еңбек инспекторының ұйғарымына қарсы ма? 

Каспий жақта мертіккен жұмысшы өтемақысыз қалуы мүмкін

Екі жылға ұзаған пандемия мен карантин біраз салаға қиындық әкелді, бизнес пен халықтың санасын сансыратты, елдің өмірін өзгертті. Шектеу шараларынан тек компаниялар ғана емес, қарапайым еңбеккерлер де зардап шекті.

Осы орайда "Caspian Offshore Construction" (СОС) компаниясы Үкімет мүшелеріне ұзаққа созылып кеткен бір мәселеге қатысты түсініктеме беруді сұрап жүгінді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Бұл ЖШС Каспий теңізінің континенталды қайраң-шельфін игеретін кемелерді эксплуатациялаумен айналысады.

Айта кетер жайт, теңіз көлігінің жұмысында біраз ерекшелік бар. Мысалы, жұмысшылар кемемен бірге ұзақ уақытқа ашық теңізге шығады, тиісінше, жұмыс процесі үздіксіз жүреді. Сондықтан олар су көлігінің экипаж мүшелерімен бірге вахталық әдіспен жұмыс істейді.

Пандемия басталғалы карантин шаралары бұл жұмысқа да өз түзетулерін енгізді. Атап айтқанда, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарын орындау мақсатында вахташы-жұмысшылар вахталық жұмысқа кіріспес бұрын, алдымен 14 күндік оқшаулануға міндеттелді. Осы мақсатта компания жеке қонақүй жалдаған.  

"2020 жылдың тамызында жазатайым оқиға болды. Компанияның қызметкері қонақүйдегі нөмірінде душта суға түсіп жатып, қатты құлаған. Бұған душ кабинасындағы кілемшенің еденге бекітілмеуі және қыштақтаның тайғанақ болуы себеп болған. Салдарынан, жұмысшының денсаулығына ауыр залал келді. Мемлекеттік еңбек инспекторы жазатайым оқиғаға байланысты арнайы тергеп-зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде инспектор "Caspian Offshore Construction" қызметкері душар болған жазатайым оқиға Еңбек кодексінің 186-бабына сәйкес, "еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға" ретінде есепке алуға жатады деген қорытындыға келді. Себебі оқиға жұмысшының жұмыс берушінің мүддесі үшін вахта алдындағы 14 күндік карантинде болу уақытында, яғни жұмыс кезінде орын алған", – деді компания.

Расында, Еңбек кодексінің 186-бабының 2-бөліміне сәйкес, егер жұмыскер "жұмыс уақыты басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін жұмыс орнын, өндіріс құрал-жабдықтарын, жеке қорғаныш құралдарын дайындау және ретке келтіру және басқа да әрекеттер кезінде" еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан оқиғаға душар болса, денсаулығы зақымданса, онда ол "еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға" ретінде есепке алынады. Демек, компания өтемақы төлеуі шарт.

Алайда Еңбек кодексінде "карантин" деген бір сөз жоқ.

Осы орайда компания мұндай қорытындымен келіспей отыр.

"Біздің пікірімізше, бұл жағдайда Еңбек кодексінің 186-бабының 3-бөлімінің 1-тармақшасы қолданылуға тиіс ("функционалдық міндеттеріне кірмейтін және жұмыс берушінің мүддесімен байланысты емес жұмыстарды немесе өзге де әрекеттерді зардап шеккен адам өз бастамасы бойынша орындаған, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыс, тынығу мен тамақтануға арналған үзіліс кезінде орындаған кезде денсаулығының зақымдануы). Осы айтылғанды назарға ала отырып, мынаны түсіндіріп беруді сұраймыз: біріншіден, бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес бекітілген карантинде және оқшаулауда болу уақыты жұмыс уақыты болып есептеле ме? Екіншіден, жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша емес, өз қалауы бойынша жеке гигиеналық процедураларды орындау кезіндегі қызметкердің іс-қимылы үшін жұмыс беруші жауапкершілік арқалай ма?", – деп сұрады компания Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтен.

Ведомство басшысы СОС-қа ресми блогы арқылы жауап қайырды. Министр есепке алынатын "еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар" тізімі Еңбек кодексінің 186-бабында жазылғанын еске салды. Әйтсе де, осы кодекстің 1-бабының 1-бөлімінің 47-тармақшасы бойынша жұмыс уақытына – жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт жатады.

"Жазатайым оқиғаның мән-жайынан белгілі болғанындай, "Caspian Offshore Construction" ЖШС жұмысшысы Қадырбаев вахтаға кірісу үшін қалаға келген. Содан кейін жұмыс берушінің нұсқауы бойынша жұмысшы қонақүйде 2 апталық вахталық карантинге орналастырылған. Бұл ретте COVID-19 тесті теріс нәтиже көрсеткен жағдайда ол жұмыс орнына бағытталатын еді. Бұл жағдайда жеке, арнайы тергеп-тексеру жүргізу қажет. Егер жұмыс берушінің айыбы жоқ екені, жарақат зардап шегушінің өз кінәсінен болғаны анықталса, бұл жазатайым оқиға өндіріспен байланысты емес деп танылады", – деді еңбек министрі.

Олай деп танылса, жұмыс беруші өтемақы төлеуден босатылады.

Бұл жерде заңдағы олқылық аңғарылады: бір жағынан, Еңбек кодексінде карантинге байланысты оқшаулау мерзімінде болатын жазатайым оқиғалар қарастырылмаған. Ендеше жұмыс беруші сол кездегі қайғылы оқиғалар, жарақаттар, өлім мен апаттар үшін жауап бермеуі де мүмкін.  

Екінші жағынан, еңбек инспекторының кемтар болып қалған еңбеккерді қорғауға деген ізгі ниеті байқалады. Егер карантинге жабылмай, бірден вахтаға кіргенде жұмысшы әлгі оқиғаға жолықпай, сап-сау қалатын ба еді?!

Заңгерлер бұл жағдайда жуынатын бөлменің еденіне тайғанақ кафель төсеп, бекітілмеген кілемше тастап, клиенттерінің өмірі мен денсаулығына бей-жай қараған қонақүйді де жауапқа тартуға кеңес береді.

Қалай болғанда, былтырдан бері созылған бұл мәселенің кесімді бітімін айту – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қолында тұр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу