Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында 20 жастағы Сержан Аяпберген де болған. Ол әскерге дейін спортпен айналысып, самбо мен дзюдодан жетістіктерге жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сержан "Жас Батыр" спорт мектебінің тәрбиеленушісі болған. Ол республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлдемен оралған.
Турнирлердің бірінде команда жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған. Бұл жетістікке Аяпберген де өз үлесін қосқан. Оның жаттықтырушысы Айбек Бисекенов Сержанның финалдық бәсекелердің бірінде жеңіске жетуге сәл ғана жетпей қалғанын еске алған.
Сержан самбомен қатар дзюдодан да өнер көрсеткен. Ақтауда өткен халықаралық жасөспірімдер турнирінде 42 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болған.
Спорт мектебінің мәліметінше, Аяпберген самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған. Сондай-ақ ТМД студенттері арасындағы жарыстарда медаль жеңіп алып, дзюдодан ірі турнирлерге қатысқан. Бұдан бөлек, 2006-2008 жылдары туған спортшылар арасындағы жасөспірімдер жарыстарында жеңімпаз болған.
Жарыстардан кейін Сержан мерзімді әскери қызметке кеткен.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.
Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Іс ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.