Каспийді экологиялық апат күтіп тұр ма?

2934

NCOC-тің кеме жүретін каналдар салу жобасын көпшілік қолдамай отыр. 

Каспийді экологиялық апат күтіп тұр ма?

NCOC (North Caspian Operating Company N.V) компаниясының Каспий теңізінің түбін тереңдету жөніндегі мәлімдемесі экологтар мен тұрғындардың қарсылығын тудыруда.

Солтүстік Каспий жобасының операторы мұндай шараны жүзеге асырмаған жағдайда "ғасыр жобасы" атанған Қашаған кенішінен "қара алтын" өндіруді тоқтату қаупі бар екенін алға тартады. Ал ҚР экологиялық реттеу және бақылау комитеті "Теңіз кеме жолдары" жобасын "қаралған нұсқалардың ішіндегі ең қауіпсіз әрі экологиялық жағынан тиімдісі" деп танығанын жария етті, деп жазды inbusiness.kz  тілшісі. 

Жоба бойынша, қазылуға тиіс каналдардың ұзындығы 56 шақырымды құрайды. Спутниктен түсірілген түсірілімдерге сүйенсек, соңғы 13 жылда Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі су деңгейі 1,5 метрге төмендеген. 2005 жылдан бері 5 мың шаршы метрден астам алаң құрғап, қайраңдар мен аралдар пайда болған. Жоба бойынша қазылатын бір каналдың ені 80-115 метрді құрамақ. Жұмысты жүзеге асыру үшін судан 18,5 млн текше метр топырақ алынып, теңіз түбі тереңдетіледі. Теңізден қопарылып алынуға тиіс жердің алаңы 29 млн шаршы метр құрайды екен. Компания жобаны биыл сәуір айында бастап, 2022 жылдың қараша айында аяқтамақ ниетте. 

"Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және соған байланысты оның Қашаған кен орнындағы теңіз кешенінің нысандары орналасқан аймақта таяздануы теңіз кемелерін пайдалану мүмкіндігін шектеп, Қазақстандағы ең ірі кен орындардың бірінің толықтай тоқтау қаупін төндіріп отыр. Мұндай салдарды болдырмау үшін Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы теңіз кемелері қатынайтын арналар жобасын әзірледі. Бүгінгі таңда бұндай шешім қарастырылған барлық балама нұсқалардың ішінде қысқамерзім аралығында орындауға болатын жалғыз шешім болып отыр. Оны жүзеге асыру төтенше жағдайларда персоналды қауіпсіз эвакуациялауды, теңіз нысандарының үздіксіз жұмыс істеуін және теңізде Жобаны жүзеге асыру барысында ең озық қолжетімді технологиялар пайдаланылады. Жоба Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген",  деп мәлімдейді NCOC компаниясының баспасөз қызметінен. 

Айта кетейік, компанияның мұз және гидрометеорологиялық зерттеулер  бөлімінің мамандары 2000 жылдан бері Шығыс Қашаған және Баутино базаларындағы өлшеу теңіздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі су деңгейіне мониторинг жасаумен айналысады.

Соңғы ұзақ мерзімдік болжамға сәйкес, аталған бөліктегі су деңгейі жылына 5-6 см-ге азайып келеді. Бұл аймақ климатының жылынуымен және Каспий теңізінің беткі қабатындағы судың буланымен байланыстырылып отыр. Сондай-ақ, теңіз деңгейінің төмендеуі 2030 жылы -1,1метрді көрсетуі де мүмкін деген болжам бар. NCOC егер кеме жолдарын төсемесе, 2022 жылы кен орнын жоспарлау-ескерту жұмыстары жүргізілмейді, соның салдарынан, 2027 жылы мұнай өндірісі тоқтауы мүмкін деп санайды.

Әрине, теңізден мұнай алып отырған ірі кәсіпорынның оған көпе-көрнеу қол сұғуды көздеген жобасына қарсылар қарасы қалың. Себебі ол теңіздің ғана емес, тұтас өңірдің қалыптасқан экожүйесіне қалай болғанда да өзгеріс әкеліп, бұзатынына ешкім күмән келтірмейді. Табиғат қорғаушылар жобаны ұсынып отырған ұйымды ғана емес, оны қолдап отырған еліміздің экология және энергетика министрліктерін де "тек бір күндік пайда тауып қалуды" ойлап отыр деп айыптауда. 

"Жоба бойынша, теңізден орасан көп көлемде топырақ алып, оны жағаға шығармақ екен. Теңіздің топырағы аса тұзды болып келеді, оны шығарғасын қайда апарады, кепкесін не істемек? Салдары қандай? Бұл сұрақтардың жауабы жоқ. Жобаның шикі тұстары көп, оны бүге-шігесіне дейін ойластырып, асықпай шешім қабылау керек", – дейді "Эко Маңғыстау" ҮЕҰ жетекшісі  Кирилл Осин. 

Ал "Атамекен – Эко" экологиялық қоғамдық қорының жетекшісі Арман Хайруллин су түбін тереңдету жұмыстарының теңіздегі балық қорына келтіретін зиянына алаңдайды. Оның айтуынша, балық кез-келген аз көлемдегі шуды, химиялық өзгерістерді сергек қабылдайды әрі жұмыс жүретін жерлер балық жүретін миграциялық жолдар болып саналады. Басқа да су қоймалары сияқты бентосқа (бентос - су қоймаларының түбіндегі организмдер жиынтығы, көптеген балықтардың жемі) бай Каспий теңізінің түбі бұл әрекеттен орасан зор зардап шегуі мүмкін. Бұған қоса, теңізден нәпақасын айырып отырған балықшылар қауымы барын да естен шығармау керек. Оларға өтемақы төлеу жайында мүлдем әңгіме қозғалып отырған жоқ.

Бұдан бөлек, қазіргі күні NCOC жобасын жүзеге асыру Каспийге бір кездері адамның өрескел араласуынан тартылып кеткен Аралдың кебін келтіреді деген болжамдар да айтылуда. Қазірдің өзінде ғалымдар 130 өзеннің суы тоғысатын Каспийдің жыл санап таяздана түсуіне одан мұнай өндіруден бөлек, келіп құйылатын Жайық пен Волганың да тартылып бара жатқаны себепші деп танып отыр.  

Өз кезегінде қозғалған тақырыпқа орай әлеуметтік желілер арқылы қойылған сауалдарға жауап қайтарған ҚР экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов аталған жоба былтырғы жылдың соңында келіп түскенін, оған байланысты бірқатар ескертулер берілгеннен кейін, толықтырылып, түзетіліп, 2021 жылдың ақпан айында қайта ұсынылғанын және бұл жолы мемлекеттік экологиялық сараптама оған қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат ете отырып, оң баға бергенін жасырмады. Комитет төрағасының айтуынша, "құжатта каналды салу кезінде балық қорына зиян келтірмеуге, теңіз экожүйесін сақтауға арналған табиғат қорғау шараларының максималды кешені" қарастырылған. 

Әлбетте, әлден-ақ келешегі күмән тудырып, көпті үркітіп отырған жоба алдымен жергілікті деңгейден өтіп, мемлекеттік органдардың қолдауына ие болған. Алайда былтырғы 21 қыркүйек күні өткен қоғамдық тыңдауға карантин кезі болғандықтан және дұрыс хабарланбағандықтан жүздің үстінде ғана адам қатысады. Оған қатысқан экологтар, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қарт Каспийдің қойнауына қол салуға тегіс қарсы шыққан.

Қазіргі күні журналист, құқық қорғаушы Бигелді Ғабдуллиннің бастамасымен "Каспий теңізін экологиялық апаттан құтқарамыз" деген атпен петиция жарияланды. Оған әзірге тоғыз мыңға жуық адам қол қойған. Хат мәтінінде NCOC компаниясы ұсынған жобаға балама ретінде "Екі канал қазудың орнына, тайыз сумен қозғала алатын техника пайдалану, ол үшін экологиялық жағынан анағұрлым қауіпсіз әуе жастығы бар кемелер мен баржаларды немесе басқа да қосалқы инфражүйелерді қолдану" ұсынылады. Сондай-ақ, қоршаған ортаға үлкен зардап келтіретін теңіз түбін тереңдету, құрғату сияқты жұмыстарға мораторий жариялау, Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінің тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдердегі әлеуметтік маңызын да көтеру үшін ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін беру, Каспий теңізінде ҚР заңдарына сәйкес экологиялық қауіпсіздік жағдайына үздіксіз мониторинг жасап отыратын тұрақты экологиялық бекет құру ұсынылып отыр. 

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу