Қасым-Жомарт Тоқаев "300 спарталыққа" хат жолдады

1474

Нұр-Сұлтандағы EXPO кешендерінің бірінде Президенттік жастар кадрлық резерві форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Қасым-Жомарт Тоқаев "300 спарталыққа" хат жолдады

Форум барысында Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

"Баршаңызды Президенттік жастар кадрлық резерві форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұл – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктердің басқосуы. Мен жас ұрпақтың елдік мүддеге берік, мемлекетшіл тұлға болып өсуіне баса мән беремін. Білімді де білікті, белсенді әрі отаншыл өрендерге жол ашу – маңызды міндеттердің бірі. Біз олардың жауапты қызмет атқарып, шыңдала түсуіне толық жағдай жасаймыз", – дейді Президент өз құттықтауында. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару ісіндегі сабақтастықты сақтай отырып, басшылардың жаңа шоғыры қалыптастырылатынын, сол үшін арнайы құрылған комиссия конкурс жариялап, аңдаулы 300 адамды іріктеп алғанын еске салды. Байқау жеңімпаздарымен Президенттің өзі былтыр қаңтар айында кездескен.

"Алдағы міндеттер туралы ойымды ортаға салып, бағыт-бағдар бердім. Содан бері көпшілігіңіз түрлі лауазымға тағайындалдыңыздар. Биыл араларыңыздан Мәжіліске екі депутат сайланды. Сонымен бірге, екі азамат Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше болды. Өңірлерге барып еңбек етіп жүрген қыз-жігіттерді де білемін. Жас мамандардың елмен етене жұмыс істеуі – құптарлық қадам. Себебі бұл – нағыз өмір мектебі. Жастар жан-жақты ізденіп, ауқымды бастамалар мен нақты жобалар ұсынды. Мұның бәрі жас өркеннің әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Президенттік кадр резервінде болу – талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Алайда оны билікке жетудің емес, халыққа қызмет етудің төте жолы деп білу керек. Шын мәнінде ең үлкен мәртебе де, абырой да осында", дейді Мемлекет басшысы.

Президент биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатынын атап өткен.

"Сіздер – еркін елде туып-өскен рухы азат, санасы ашық азаматсыздар. Қазақстанды одан әрі өркендеру – өздеріңізге жүктелетін үлкен жауапкершілік. Осы орайда өскелең ұрпақ ел үмітін ақтайды деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін. Форумның жұмысы табысты болсын", дейді өз хатында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу