Қасым-Жомарт Тоқаев: Алмағайып кезеңде түркі елдерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды

845

Әлемде жаңа сын-қатерлер пайда болды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алмағайып кезеңде түркі елдерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткерудеміз. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады. Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын", – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы саммитте талқыланатын жасанды интеллект және цифрлық дамудың өзектілігіне назар аударды.

"Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу