Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерін жасанды интеллектіні дамытуға шақырды

1734

Мемлекет басшысы V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерін жасанды интеллектіні дамытуға шақырды Фото: Ақорда

Биыл халықаралық пікірталас алаңында "Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру" тақырыбы талқыланады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Президент форумға қатысу үшін елордаға келген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына және делегация жетекшілеріне ілтипат білдірді.

"Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы 10 жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады. Цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе. Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын "төрт еркіндік" қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу