banner

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады

22198

Ел азаматтарын Covid-19 коронавирусынан қорғау  үшін президент бір айға  төтенше жағдай енгізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болған жағдайда, елімізде төтенше жағдай режимінің мерзімінің ұзартылуы мүмкін екенін айтты. 

"Қазақстан заңнамасына сәйкес мен елімізде төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойдым. Менің кешегі Жарлығыммен бүгін таңғы сағат 8.00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады. Қажет болған жағдайда режим мерзімі ұзартылуы мүмкін", – деді Тоқаев бүгін телевизия арқылы жасаған үндеуінде. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетке дағдарыс кезіндегі мәселелерді тез арада шешуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойғанын да айтты. 

"Мен "Мемлекет жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат мемлекеттік органдардың тиімділігін арттырады, билік вертикалін күшейтеді және дағдарыс кезінде қажет болған жағдайда салық саласында да жедел шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді", – деді Тоқаев. 

"Бұл жарлық дәрі-дәрмектер мен басқа да құралдарды, негізінен отандық өндірушілерден қажетті мөлшерде сатып алуды жеңілдетілген тәртіпте жүзеге асыру құқығын береді. Осылайша, біз уақыт пен ақша үнемдейміз, бұл қазіргі төтенше жағдайда өте маңызды", – деп сөзін толықтырды ол. 

Сақтанғанды Құдай сақтайтынын еске алаған Президент коронавируспен күрес шаралары аясында үкімет сынақ жүйелері мен жабдықтарын сатып алуға қаражат бөлгенін атап өтті. 

"Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді", – деді Мемлекет басшысы. 

Президент елдегі, азық-түлік қоры жеткілікті екеніне сендіре отырып, отандастарымызды сабырлы болуға шақырды. 

"Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек", – деді Президент. 

"Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек", – деп сөзін толықтырды ол. 

Дүйсенбі күнге дейін елімізде Covid-19 жұққан тоғыз жағдайы тіркелді. Алматыда жеті адам ауруханаға жатқызылды, соның ішінде 12 жасар қыз бала да бар. Ал Нұр-Сұлтан қаласында екі жағдай тіркелген. Президент елімізде дағдарыстың теріс әсерін жоюға жеткілікті қаражат бар екенін айтты. Сондай-ақ, еліміз бизнесті және халықты жұмыспен қамтуды қолдауды барынша арттыру үшін бюджет шығыстарын қайта қарастырады, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

"Экономикалық катаклимздерге қарамастан, біз әлеуметтік шиеленіс пен жұмыссыздықтың артуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдаймыз. Елбасының көреген саясатының арқасында еліміздің халықаралық резервтері 90 млрд долларға жетті. Бұл экономикамыздың  тұрақтылығын қаматамсыз етуге және мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерін орындауға қажет маңызды кепіл", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық Үндеуде. 

"Біз бюджет шығыстарын жұмыспен қамтуға және бизнеске әсерін барынша арттыратын бағыттарға бағыттаймыз ", – деді Президент. 

Ол отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кемінде 300 миллиард теңге бөлінетінін еске салды. 

"Біз бизнесті несиелеу деңгейінің төмендеуіне жол бермеуіміз керек. Ішкі нарықты толтыру және өндірісті ынталандыру үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын қаржыландыру артады", – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет коронавирус туындаған дағдарысқа байланысты әлеуметтік шиеленіс пен жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын айтты. 
"Біз коронавирустың әлемдік экономикаға өте жағымсыз әсерін көрдік. Шындығында, біз бүкіл әлемдік экономикалық жүйені қайта форматтау туралы айтып отырмыз. Қазақстан осы үлкен дағдарыстың салдарын сезінеді, бірақ экономикалық апаттарға қарамастан, біз әлеуметтік шиеленістің және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін барлық шараларды қолданатын боламыз.", – деді Тоқаев. 

Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер азық-түлік тауарлары мен қызметтердің бағасын қатаң бақылауға алады деп сендірді. 

"Осы орайда, азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейд", – деді ол. 

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті азаматтарды коронавирустың таралу қаупі туындаған кезде тәртіп сақтауға және гигиенаны сақтауға шақырды. 

"Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек.  Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет", – деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бұл күндері денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне көп ауыртпалық түсетініне де тоқталды.

"Ел өміріндегі бұл күрделі кезеңді біздің дәрігерлер абыроймен өтіп, азаматтарымыздың денсаулығы үшін барлық жағдай жасауы керек", – деп атап айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу