Бұл оқиға Израильдің Қатардағы алғашқы әскери әрекеті болып табылады. Шабуыл барысында бірнеше жарылыс дыбыстары естіліп, қара түтін көтерілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қатар билігі бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу және ел егемендігін аяққа таптау деп айыптады.
Қатар Сыртқы істер министрлігінің өкілі Маджид әл-Ансаридің айтуынша, Израильдің бұл әрекеті Қатар халқы мен елде тұрып жатқан азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Қатар бұл әрекетті "қорқақтық әрекет" деп атап, елдің қауіпсіздігі мен егемендігін қорғауға дайын екендігін хабарлады.
Израиль тарапы нысана ретінде 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылды ұйымдастырған жетекшілер көзделгенін атап өтті. Әскерилер бейбіт тұрғындарға залалды азайту үшін жоғары дәлдікті қару қолданғанын мәлімдеді.
ХАМАС өкілдері шабуыл кезінде ешкімнің қаза таппағанын айтады.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің Дохадағы шабуылын айыптап, оны Қатардың егемендігін бұзу және халықаралық құқыққа қайшы әрекет деп бағалады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дохадағы акцияны айыптап, қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын жеткізді.
"Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді", – деп жазылған хабарламада.