Қасым-Жомарт Тоқаев "Nur Otan" атынан сайлауға түседі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3037

"Nur Otan" партиясы кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Nur Otan" атынан сайлауға түседі

"Nur Otan"-ның кезектен тыс ХІХ съезінде партия атынан кезектен тыс президент сайлауына түсетін кандидат анықталды. Ол – Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Еліміздегі билік сабақтастығын жалғастыру – Ата Заңымызға толық сәйкес келеді. Екі апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жан-жақты ойластырылып жасалған қадам. Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі", – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия съезінде.

Елбасының пікірінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға лайықты азамат.

"Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде  жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Дипломатиялық жетістіктерімен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең  күрделі кезеңінде  Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты. Оның тікелей қатысуымен 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын өркендетуге жол ашылды. Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына атсалысты", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш президенті сол жылдары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, даму институттары осы кезде пайда болғанын атап өтті. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалғанын жеткізді. Жаңа зейнетақы жүйесі де осы уақытта қалыптасты.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің жаңа заң шығару қызметіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендеуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін. Ол менен бір мүшел жас кіші, осы күні ел басқарып отырған төңіректегі көршілеріміздің құрдасы және замандасы болып саналады. Жұмыс істеуіне ыңғайлы", – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш президенті республикалық сайлау штабының жұмысын абыройымен ұйымдастыру қажет екенін мәлімдеді. Кандидаттың сенімді адамдарының қатарына танымал қоғам қайраткерлері кіруі керек екенін баса айтты.

"Ал үгіт-насихат жұмыстары кезінде жаңа коммуникация құралдары мен саяси технологогияларды қолдану қажет. Осы орайда шетелдік тәжірибені де зерделеп шыққан жөн. Еліміздің басқа да аймақтарында тиісті штабтар жұмыс істейтін болады. Кандидатымызды қолдау үшін қысқа уақыттың ішінде қажетті дауысты жинау керек. Партияның барлық ресурстарын сайлау науқанына салу қажет. Осы жұмысқа барлық филиалдар атсалысуы тиіс. Саяси кеңестің мүшелері де, бюро қызметкерлері де тыс қалмауы қажет. Дәл осы уақытта бізге саяси кеңестің әлеуетін барынша пайдаланған жөн. Адамдармен кездесу керек. Бағдарламамыздың негізгі міндеттерін түсіндіру керек. Дұрыс таңдау жасауға үндеуіміз керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының сөзінше, сайлаудың қорытындысы бойынша "Nur Otan" партиясы жетекші саяси партия ретінде өзінің мәртебесін күшейтуі керек.

"Мен жеңіске жететінімізге сенімдімін. Себебі біздің алған бағытымыз дұрыс. Ал халық бізге сенеді. Ел азаматтары бізге әрқашан сенуі керек. Соған жұмыс істеуіміз қажет. Барлығына тек сәттілік тілеймін! Алға "Nur Otan", алға Қазақстан!" – деді Елбасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу