Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдеріне алғыс білдірді

1400

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау салтанатына қатысты, деп жазады inbusiness.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдеріне алғыс білдірді Фото: akorda.kz

"Бүгін "Алтын сапа", "Парыз" және "Қазақстанның үздік тауары" байқаулары өз мәресіне жетті. Біз бұл конкурсты жыл сайын өткізіп, табысқа жеткен кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік танытқан, ел өміріне бей-жай қарамаған кәсіпорындарды марапаттаймыз. Осы күнге дейін еліміздің 160-тан астам компаниясы "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атанды. 365 кәсіпорынға "Парыз" табысталды. Мұның бәрі отандық бизнестің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Жалпы 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есеге өсті. Яғни ол қазір ел экономикасының 34 пайызына жуықтады", - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде бұл салада 3,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. 

"Бұл еңбек ететін халықтың 40 пайызы деген сөз. Тағы бір жетістік – былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық көрсеткішке 20 млрд долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 трл теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады", - деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев "Үздік индустриялық жоба" номинациясы жеңіске жеткен Павлодар облысының "Проммашкомплект" кәсіпорнын, "Үздік инновациялық жоба" номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Алматы облысының "Антиген" ғылыми-өндірістік кәсіпорнын" марапаттады. 

Сондай-ақ, "Парыз" сыйлығының шағын және орта бизнес иелері арасындағы Гран-при жүлдесі Ақмола облысының "Шуйское-ХХІ" ЖШС берілді. Бұл сыйлықтың ірі бизнес иелері арасындағы Гран-При жүлдесіне Атырау облысының "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." кәсіпорны ие болды. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдайды жасаған "Үздік өңір" санаты бойынша арнайы сыйлық Шымкент қаласының әкімдігіне тапсырылды.

Ал, “Үздік аудан” санаты бойынша арнайы сыйлыққа Сәтбаев қаласының әкімдігі ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу