Қасым-Жомарт Тоқаев: Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында отаншыл ұрпақ өсіп шығады

151

Президент Отбасы күнімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында отаншыл ұрпақ өсіп шығады Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бұл мерекенің қазақстандықтар үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әрбір адам ең алдымен өз шаңырағында қалыптасып, ата-анасының үлгі-өнегесі арқылы өмірлік құндылықтарды бойына сіңіреді.

"Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық салт-дәстүрді сақтап, қазіргі замандағы озық көзқараспен үйлестіре отырып, отбасы құндылықтарын нығайтуға шақырды. Әсіресе, аналардың қоғамдағы рөліне айрықша тоқталды.

"Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. "Ана – Жер-Ана" – адамзат өркениетінің өзегі", – деді Президент.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы әкелердің еңбегін де атап өтіп, олардың табандылығы мен ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.

Президенттің пікірінше, әр шаңырақта ынтымақ пен береке орнықса, Қазақстан да қарқынды дамиды.

"Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы құттықтауын ақ тілекпен түйіндеді.

"Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын! Барша отандастарымызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!" – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу