Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты

2340

Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысы бейнебайланыс режимінде өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты

Жиынға Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі трансұлттық және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Кездесуге қатысушылар адами капиталды күшейтуге, экономика мен инвестициялық саясатқа экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқарудың стандарттарын енгізуге баса мән бере отырып, еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасына назар аудара отырып, дер кезінде қабылданған батыл шешімдердің арқасында еліміздегі жағдайдың толық тұрақтанғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қағидаттарға толық сай келетін тергеп-тексеру жұмыстарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Президент қаңтар оқиғасы инвесторларға белгілі бір деңгейде жайсыздық туғызғанын айтты.

"Ел Президенті ретінде шетелдік инвесторлар үшін "ашық есік" саясаты біздің стратегиялық басымдығымыз болып қала беретінін айтқым келеді. Мемлекет серіктестер мен инвесторлар алдындағы міндеттемелері мен кепілдіктерін толық орындайды. Қаңтар дағдарысы нарықтық экономикаға, заң үстемдігіне, халықаралық және ішкі міндеттемелерді сақтауға деген бейілдігімізге еш әсер еткен жоқ. Керісінше, бұл одан әрі жетілдіруге тың серпін берді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізді одан әрі трансформациялау жөніндегі ойын ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігі мен оның тең дәрежеде қолданылуы жаңа бағдардың сөзсіз негізі болатынын атап өтті.

"Бұдан былай экономикалық реформалардың басты міндеті – ішкі жалпы өнім өсімінің абстрактілі сандары мен әлемдік рейтингтерден орын алу емес, халқымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру. Әрине, бұл мақсатқа кәсіпкерлердің жаңа шоғырын қалыптастырмай, жоғары сапалы инвестиция тартпай қол жеткізу мүмкін емес. Фаворитизмді, элитаның ерекше мүдделері мен артықшылықтарын, сыбайлас жемқорлық пен олигополияны жоямыз деп, халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады", – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің инвестициялық ахуалы сенімді екенін тұрақты түрде растайтынын атап өтті. Президенттің пікірінше, қаңтар оқиғасындағы қайғылы жағдайларға қарамастан, елдің саяси және экономикалық жүйесі беріктігін көрсетті.

"Барлық деректің жуырда ресми жариялануы біздің бүкіл іс-әрекетіміздің толық ақталғанын және тек еліміздің тұтастығын сақтауға, азаматтарымыздың өмірі мен бизнесіміздің мүлкін қорғауға бағытталғанын айқын дәлелдейтініне сенімдімін. Қазақстанда ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздің достары – сіздерге бұл белгілі деп ойлаймын. Сол күндердің шынайы картинасы туралы ақиқат аса маңызды", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Кеңес мүшелерінің ұсыныстары Қазақстанға және жүзеге асырылып жатқан реформаларға лайықты қолдау болатынын атап өтті.

"Сіздерді елімізде реформалардың шынайы түрде жүргізілуіне, экономикалық еркіндік болуына отандық кәсіпкерлермен бірдей мүдделі деп есептеймін. Сондықтан елімізді экономикалық тұрғыдан трансформациялауға және жаңартуға баршаңызды белсене атсалысуға шақырамын. Өзара ынтымақтастықтың жаңа, неғұрлым әділ және тиімді тәртібін, ашық әрі тұрақты реттеу мәселесін бірлесе жүйелей отырып, біз, шын мәнінде, тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыра аламыз. Бұл – біздің ортақ мүддеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою, тиімді мемлекеттік басқаруды құру және сапалы адами капитал қалыптастыру көздеген мақсатқа жеткізетін жол деп атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар өзекті міндетке назар аударды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы әділ әрі бейтарап сот жүйесі ғана қуатты экономика мен лайықты бизнес-климат құрудың негізі екеніне тоқталды. Оның пікірінше, инвесторлардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғаудың басты кепілі дәл осы болуға тиіс. Мемлекет басшысы инвестициялық дауларды шешу бойынша Астана халықаралық қаржы орталығы мен Халықаралық арбитраж орталығының әлеуетін толық пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев адал бәсекелестікті дамыту ісін жаңа бағыттың тағы бір маңызды басымдығы деп санайды.

"Экономиканың негізгі салаларындағы олигополиялардың тарихи үстемдігі нарықтар мен салалардың дамуын тежейді. Бұл жағдайды заңнамалық және практикалық тұрғыдан батыл өзгертетін боламыз. Биыл қол қойылған бәсекелестікті дамыту мәселесі жөніндегі заңда маңызды бастамалар қарастырылған. Бұл – нарық субъектілерінің шектеулі ресустарға қол жетімділігі, нарыққа кіру кедергілерін төмендету және аралас нарықтарға монополияның кері әсерін жою. "Самұрық-Қазына" қорын түбегейлі қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілік ресурстардың есебінен тапсырыс алған компаниялар өздерінің артықшылықтары мен келісім-шарттарынан айрылуда. Қордың инвестициялық жобаларының топтамасы – шамамен 3,5 триллион теңге. Бұдан былай барлық жобалар ашық әрі конкурс негізінде халықаралық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Егер, олай болмай жатса, бірден маған тікелей хабарлаңыздар. Өйткені бұл – менің президенттік қызметімдегі аса маңызды іс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде монополияларға және нарыққа кіру кезіндегі жасанды кедергілерге қарсы басталған күрес инвесторлардың ел экономикасын әртараптандыруға қатысуына мүмкіндік береді.

"Қазіргі уақытта тартылған тікелей шетелдік инвестицияның шамамен 35 пайызы тау-кен саласына тиесілі. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені, туризм, өңдеу және көлік өнеркәсібі сияқты бәсекеге қабілетті салалардың әлеуетін іске асыруда айтарлықтай мүмкіндіктерді жіберіп алып жатырмыз. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың ауқымды тұтыну нарықтарының басымдығы анық көрінеді. Осы салаларды дамытуға белсенді атсалысуға шақырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент өзінің жуырда Қытайға және Ресей Федерациясына жасаған сапарына тоқталды.

"Аталған мемлекеттердің басшыларымен өте табысты келіссөздер жүргізілді. Олардың бәрі негізінен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Келісімдердің перспективасы зор екенін тағы да қайталап айтамын", – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвесторлардың назарын еліміздің көлік-логистика саласындағы әлеуетіне аударып, Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлық транзиттік тасымалдың 83 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін атап өтті.

"Достық – Мойынты" аса ауқымды теміржол жобасы жүзеге асырылады. Бұл өткізу әлеуетін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. "Дарбаза – Мақтаарал" жаңа теміржол бағыты Орталық Азиядан Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын транзиттік тасымалдың дамуына ықпал етеді. "Түркістан – Шымкент – Ташкент" жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті энергетикалық әлеуетті арттыруға, атап айтқанда атом энергетикасын, жасыл сутегін, экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару қағидаты бойынша цифрландыруды дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тоқталды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік секторды реформалаудың, соның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар мен холдингтерді жекешелендіру және IPO-ға шығару жұмыстарын жалғастырудың маңызды екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың тиімділігіне қатысты мәселеге де тоқталды.

"Бүгінде инвестиция тартудың барлық сатысында формализм мен келісімге келудің ұзаққа созылатын ішкі үдерістері әлі де басымдыққа ие екенін білеміз. Соның салдарынан инвесторлар қажетті шешімді айлап, жылдап күтіп қалады. Осыдан барып олар инвестициялық жобаларды кейінге қалдырады немесе басқа елге кетеді. Халықаралық келісімдердің мемлекеттік органдардағы кабинеттерде жатып қалуына, сондай-ақ келісімдерді ратификациялау ісінің көп жылға созылып кетуіне қатысты мысалдар жеткілікті. Бұрын солай болған, ол қазір де бар деп ойлаймын. Ал мұндай келісімдерге өзге елдерде бір-екі айдың ішінде қол қойылады. Инвестициялық жобалар бойынша нақты әрі түсінікті алгоритм керек. Кеңеске Үкіметпен бірлесіп, аталған мәселені пысықтауды тапсырамын", – деді Президент.

Президент өз сөзінде "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорының құрылғаны жөнінде айтты.

"Кейбір шетелдік инвесторлар арасында Қорға жарна аудару міндетті ме деген сұрақ туындайды. Жарна аудару ерікті түрде жүргізілетінін атап өткім келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуді қорытындылай келе, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалармен қатар, кеңес те өз қызметіндегі тәсілдерді жаңартып отыруға тиіс екенін атап өтті.

"Мен белсенді түрде көмектесуге, негізделген шешімдер қабылдауға дайынмын. Жалпы мен Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға басымдық беремін. Сіздерден тың бастамалар мен ұсыныстар күтемін. Кеңес өзара ықпалдастықтың, экономиканы әртараптандырудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың шынайы әрі нақты тетігіне айналуы керек", – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Кеңестің келесі 34-ші пленарлық отырысының күн тәртібін жариялады. Алдағы жиын экономиканы декарбонизациялау және төмен көміртекті технологияларды енгізу мәселелеріне арналады.

Сондай-ақ Президент шетелдік инвесторлардың еліміздегі жұмыстарына қатысты бірқатар өзекті сауалға жауап берді.

Сонымен қатар жиын барысында Экономика министрі Әлібек Қуантыров, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Citigroup, EY, Exxon Mobil, Chevron, TotalEnergies, Shell, Eni S.p.A., CNPC, Cameco, ArcelorMittal, General Electric және басқа да халықаралық ірі қаржы және бизнес құрылымдарының жетекшілері сөз сөйледі. Кездесуді "Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі" Ассоциациясының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков жүргізді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу