Қатардың Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҰОК) 2036 жылғы Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге ресми түрде ниетті екенін растады. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттің халықаралық олимпиадалық қозғалысқа белсенді қатысатыны туралы мәлімдеген Қатар ҰОК-нің президенті Тамим ибн Хамад Әл Тани былай дейді:
“Біз спорттың адамдар мен мәдениеттерді жақындастырып, жастардың әлеуетін ашудағы рөлін жоғары бағалаймыз. Олимпиада мен Паралимпиада ойындарын өткізу туралы жалғасып жатқан диалогқа қатысуымыз – біздің елдің спорты ұлттық дамудың қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған стратегиясының бір бөлігі. Қазіргі таңда қажетті спорттық инфрақұрылымның 95 пайызы дайын, ал қалған бөлігін толық аяқтау үшін жан-жақты жоспарымыз бар”, – деп мәлімдеді Әл Тани.
Егер Қатар бұл құқыққа ие болса, Олимпиаданы өткізген Таяу Шығыс аймағындағы алғашқы ел атанбақ. Катар 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын сәтті өткізген болатын. Сонымен қатар, соңғы он жылда Қатарда Олимпиадалық спорт түрлері бойынша алты әлем чемпионаты ұйымдастырылған.
2036 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге тағы төрт ел ресми өтінім берді. Ол Индонезияның Нусантара қаласы, Түркияның ірі қаласы Стамбул, Үндістанның Ахмедабад қаласы, Чили астанасы Сантьяго.
Естеріңізге сала кетейік, 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтсе, 2032 жылғы Олимпиада Австралияның Брисбен қаласында ұйымдастырылады.