Қатар үкіметі стадиондарда алкогольсіз сыра сатуға ғана рұқсат берді

1556

Бұл шешімді кейбіреулер дүниежүзілік футбол чемпионатының дәстүрін бұзу деп қабылдап отыр.   

Қатар үкіметі стадиондарда алкогольсіз сыра сатуға ғана рұқсат берді Фото: google.com

Әлем чемпионатының ашылуына екі күн қалғанда, қабылдаушы мемлекет Қатар күтпеген жерден стадиондарда сыра сатуға тыйым салды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Бұл шешімді біреулер сынға алса, басқалары құптады.

Қатар шенеуніктері жаһандық турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын футбол жанкүйерлерін қарсы алуға дайын екендіктерін көптен бері айтып келеді. Бірақ сол фанаттар Қатардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеулері керек.

Ішімдік пен мұсылмандық наным-сенімдерге қатысты кейбір мәселелерге қысқаша шолу төмендегідей:

Құранда алкоголь жайында не айтылған?

Исламда ішімдік - харам және оған тыйым салынған. Оның харамдығына дәлел ретінде мұсылман ғұламалары қасиетті Құран Кәрімде мас қылатын заттар "шайтанның ісі" деп айтылған аятты алға тартады. Бұған қоса, беделді дін қайраткерлері бұл мәселеде Мұхаммед пайғамбардың сөздері мен алкогольдің зардабын да еске салып отырады.

Ішімдіктен бас тартумен қатар, кейбір мұсылмандар күнделікті өмірде өзге де сұрақтар мен дилеммаларға діннен жауап іздейді. Солардың қатарында алкогольмен араласқан тағамды тұтыну немесе тұтынбау; арақ ұсынатын мейрамханада жұмыс істеу-істемеу; спирт қосылған парфюмерияға рұқсат ету, ішімдік берілетін рәсімдерге немесе іс-шараларға қатысу-қатыспау жайлы сауалдар бар.

Мұсылмандардың алкогольге көзқарасы

Исламда ішімдікке тыйым салуға кеңінен құлақ асады деп есептеледі. Мәселен, Pew зерттеу орталығының дүние жүзіндегі мұсылмандар арасында жүргізген сауалнамасына қатысқандардың көпшілігі спирттік сусын ішу моральдық тұрғыдан дұрыс емес деп айтқан. Pew 2013 жылы жариялаған баяндамаға жүгінсек, сауалнама жүргізілген барлық елде мұсылмандардың жартысынан көбі дәл осындай пікір білдірген. Ал, Таиланд, Гана, Малайзия, Палестина территориялары, Индонезия, Нигер және Пәкістан сияқты елдерде мұсылмандардың оннан тоғыздан астамы осындай ойда екен. Жалпы алғанда, бұл сұқбатқа 38 000 адам қатысыпты.

Дегенмен, осы сұрақ қойылған 37 елдің 11-інде респонденттердің кем дегенде оннан біреуі алкоголь ішуді моральға жат емес десе, кейбір мемлекеттерде социологиялық зерттеу қатысушылардың айтарлықтай пайызы ішімдікті моральдық проблема деп сипаттаудан бас тартқан.

Алкогольге қалай тыйым салынады?

Алкоголь кейбір ислам елдерінде қолжетімді. Дегенмен, оны қай жерде сатуға немесе тұтынуға қатысты ережелер әртүрлі. Мысалы, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерде алкогольге мүлдем тыйым салынған. Оларда ішімдік ішкендерге дүре соғу, айыппұл салу, бас бостандығынан айыру, шетелдіктерді депортациялау тәрізді жазалар қолданылуы мүмкін.

Бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай секілді саяхатшылар үшін аса танымал қалаларында алкогольге көзқарас басқашалау. Дубай көптеген келушілерді, ауқатты шетелдіктерді тартатын барларымен, түнгі клубтарымен, демалыс орындарымен мақтана алады. Соңғы жылдары мұнда алкоголь сатуды және оны сақтауды реттейтін заңдар босаңсып келеді. Өйткені, бірқатар елдердегідей, Дубайда да алкоголь саудасы - салық пен табыс көзі.

Алкоголь Иорданиядағы арақ-шарап дүкендерінде еркін сатылады және де бұл ащы сусын ел астанасы Аммандағы барлар мен мейрамханаларда ұсынылады.  Халқының басым бөлігі мұсылман Мысыр да туристер үшін тартымды. Мұнда да алкоголь бар. Елдің жағажай клубтары мен барларында коктейль немесе шарап ішіледі. Вино, сыра, арақты онлайн-тапсырыспен алдыратындар бар. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың көпшілігі ішімдікке әуес емес; Pew зерттеуінде Египеттегі сауалнамаға қатысқан мұсылмандардың 79%-ы алкоголь тұтынуды моральға жат әрекет деп атаған.

Ережеге бағынбау

Исламның ең қасиетті жерлері орналасқан Сауд Арабиясында тыйымға бағынбайтындар да кездеседі. Бұл корольдікке ішімдікті шұлыққа жасырып немесе "пепси" бөтелкелеріне құйып өткізуге әрекет жасағандар болған. Алайда ереже бұзу әрекеттер кейде қайғылы аяқталады. Мысалы, 2002 жылы Сауд Арабиясында құрамында метанолы бар одеколон ішкен 19 адам қайтыс болып, өзгелері ауруханаға түсті. Сонымен қатар, Иранда да үйде жасалған сыраны ішіп, метанолдан уланып өлу фактілері тікелген.

Қатар және ішімдік

Сауд Арабиясы сияқты исламның уахабизм атты ультраконсервативтік нұсқасын ұстанатын Қатарда алкогольді сатып алу мен тұтынуға қатаң шектеулер қойылған. Бірақ оны бірнеше жылдан бері қонақүй барларында сатуға рұқсат етілді. Ал, Әлем чемпионаты кезінде сыра кешкі уақытта стадиондар мен фан-зоналарда да сатылады деген болжам айтылған еді. Алайда өткен жұмада бәрі өзгерді.

Сол күні жергілікті билік стадиондарда алкогольсіз сыра ғана ұсынылсын деп жариялады. Ал, шампан, шарап, виски және басқа да алкоголь өнімдері қонақ қабылдайтын сәнді зоналарда ғана сатылмақ. Билет иелерінің басым көпшілігі болса, бұндай жерлерге кіре алмайды.

Қатардағы әлем чемпионаты алкогольге байланысты үлкен пікірталас тудырған бірінші оқиға емес. 2014 жылғы турнир кезінде Бразилия стадиондарда жанкүйерлер арасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін футбол матчтарында алкоголь сатқызбаған. Алайда, бұл тыйымды қолдамағандардың пікірінше, сыра сату - әлем чемпионаты дәстүрлерінің маңызды бөлігі екен.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться