Қауіпсіздік сертификаты 8 миллионнан астам вирусты анықтаған

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2490

Сондай-ақ мемлекеттік органдарды 130 мың кибершабуылдан қорғап қалған.

Қауіпсіздік сертификаты 8 миллионнан астам вирусты анықтаған

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатына қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ұялы телефонына қауіпсіздік сертификатын орнатқанын айтты.

"Біріншіден, ұялы телефоныма қауіпсіздік сертификатын орнатқанымды айтқым келеді. Маған оператордан тиісті СМС хабарлама келді. Ешқандай қиындықсыз орнаттым", – деді министр.

Асқар Жұмағалиевтің сөзінше, көпшілік арасында қызу талқыланған қауіпсіздік сертификатын мемлекеттік қызметшілер бір жарым жылдан астам уақыт бойы қолданып келе жатыр екен. Сертификат соңғы бір айдың ішінде 8 миллионнан астам вирусты анықтаған. Осылайша, мемлекеттік органдарды 130 мың кибершабуылдан қорғап қалған.

"Біз, мемлекеттік қызметшілер қауіпсіздік сертификатын орнатып, жұмысымызды жалғастыра береміз. Ал жеке тұлғалар ерікті түрде орнатады. Қажет деп тапса, сертификатпен сақтанса болады. Мемлекет бұл тұрғыдан өз әрекетін жасады", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.   

Ол қауіпсіздік сертификаты байланыс сапасына қаншалықты әсер ететінін де еске салды.

"Қауіпсіздік сертификатын орнатуға қатысты жұмыстар басталған кезде біз байланысқа қатысты шамалы проблемалар болатынын хабарлағанбыз. Бірақ мұның бәрі уақытша дүниелер. Десе де, мен сертификатты орнаттым. Ешқандай мәселе туындаған жоқ. Егер тұрғындарда мәселе туындайтын болса, Мемлекеттік техникалық қызмет мекемесіне жүгіне алады", – деді Асқар Жұмағалиев.

"Мемлекеттік техникалық қызмет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Зекен Исмаилов қауіпсіздік сертификаты жүктеліп алынатын сайт туралы айтып берді.

"Әуелде қауіпсіздік сертификаты жүктеліп алынатын сайт әзірленді. Осылайша, сертификатты орнатумен қамтамасыз ету міндеті байланыс операторларына жүктелді. Біз байланыс операторларымен бірнеше мәрте жиын өткіздік. Олар сертификатты орнату процесіне араласып, көмектесуді сұрады. Егер араларыңызда қауіпсіздік сертификатын орнатқан адамдар болса, сайтқа кіріп көріңіздер. Бұл қарапайым ғана сайт. Оған кірген кезде қолданушының қандай операциялық жүйеден, андроидтан немесе айостан кіргені білінбейді. Тиісінше, сізге орнатушының пакетін таңдауға мүмкіндік беріледі. Өйткені, сертификатты орнату процесінің өзі белгілі бір әрекеттерден тұрады", – деп түсіндірді Зекен Исмаилов.

Қауіпсіздік сертификатын орнатуды жеңілдету үшін арнайы инсталлятор әзірленген. Инсталлятор дегеніміз – сертификатты орнатқан кезде мейлінше аз әрекеттерді орындауға мүмкіндік беретін бағдарлама.

"Инсталляторды көпшілік айтып жүрген жеке тұлға әзірледі. Өйткені, аталған бағдарламаны әзірлеу біздің негізгі мақсатымыз емес еді. Сондықтан ол инсталляторды өз атына тіркеді. Бүгінде қауіпсіздік сертификаты жүктеліп алынатын сайт ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына қайта тіркелді", – деді "Мемлекеттік техникалық қызмет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары.              

Зекен Исмаиловтың айтуынша, қауіпсіздік сертификаты шифрланған трафиктерді анықтауға мүмкіндік береді.

"Бұл тек заңсыз дүниелерге ғана қатысты. Қысқасы, сіздердің хат-хабарларыңыз, әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыз, құпия сөздеріңіз сақталмайды. Заңға қайшы келетін контенттің тізімі бар. Тізім құзырлы органдардың ұсынысымен, соттардың шешімімен анықталған", – деді Зекен Исмаилов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу