Қазағы қалың РФ облыстары соғысушы мобилизанттарға ақы төлеуді тоқтатты

3518

Не баласынан хабар ала алмаған, не мемлекеттен сол үшін төлем ала алмаған ресейлік ата-аналар жаппай шағымдана бастады. 

Қазағы қалың РФ облыстары соғысушы мобилизанттарға ақы төлеуді тоқтатты Фото: РБК

Украинада жалдамалы әскерлер соғысып жатқаны белгілі: Ресей майданға аттандырған әрбір жауынгері үшін бір реттік және ай сайынғы төлемдер төлейді.

Бірақ соңғы кезде сол төлемдерді ала алмаған ресейліктердің арыз-шағымы қаптап кетті. Өз арнасында соларды жиі көрсететін "Обманутый россиянин" YouTube арнасының авторы, блогер Виталий Шевцов бір жайтқа назар аудартады: алдымен ресейлік ата-аналар баласының хабар-ошарсыз кеткеніне, қоңырау шалуды қойғанына мазасызданатынын білдіреді. Артынша мемлекетке басты талабын қояды: ай сайынғы төлем аударуды қайта жандандырсын. 

"Сонда ата-аналар үшін баласының қайда жоғалғаны емес, төлем төлеудің жанданғаны маңызды болғаны ма?" – деп қайран қалады блогер.

РФ басшысы Владимир Путин 2022 жылғы 19 қазанда бұдан былай барлық мобилизацияланғандарға айына кем дегенде 195 мың рубльден төленіп тұратынын жариялады. 

Дегенмен, ұлын, қызын, күйеуін, туысқанын соғысқа аттандырғандар ізінше ұлардай шулап қоя берді. Мысалы, Орал федералдық округіндегі әскерилердің туыстары ай сайын төленетін төлемдердің мөлшеріне қанағаттанбаған. Себебі, оларға айына 1 мың рубльден аз сома ғана аударылған. Түмен облысында мобилизанттардың әйелдері өз жұбайлары үшін 1 081 рубльге дейінгі көлемде ғана қаражат түскенін жария етті. Ал Свердлов облысының омбудсмені өз өңірінде мобилизацияланғандар үшін мүлдем төлем жасалмайтынын мәлімдеді.

"Күйеуім жүргізуші болып істеді. Ол отбасының жалғыз асыраушысы. Оны 2022 жылғы 23 қыркүйекте алып кетті. Ол бүгінде арнайы әскери операция жүріп жатқан аймақта. Осы уақытта оның атына рәсімделген банк картасына 769 рубль ғана түсті. Біздің екі кішкентай баламыз бар. Мұндай ақшаға ары қарай қалай өмір сүретінімізді білмеймін", – деді ресейлік журналистерге Любовь Звягина.

"Верстка" порталы анықтағандай, Ресейдің 52 өңірінде және аннексияланған Қырымда РФ әскері құрамында Украинада соғысушылар үшін 2023 жылдан бастап, төлем төлеу доғарылған. Соғысқа алынғандардың туған-туыстары соған жаппай шағымданып жатыр. 

Бұл туралы ресейлік "Верстка" қоғамдық-саяси басылымы "Бесплатно, что ли, воевать начнём?" атты мақаласында жазады. 

Басылым осы мақсатта "ВКонтактедегі" тақырыптық топтарды да мұқият сүзіп шыққан.

Ресейлік жауынгерлерге Украина аумағында шапқыншылық жасағаны үшін төлем төлеуді тоқтатқан өңірлер арасында қазақтар және Қазақстаннан көшіп барғандар қалың тұратын Орынбор, Астрахан, Самара, Түмен, Челябі, Саратов, Новосібір, Омбы, Томск, Қорған облыстары, Алтай өлкесі, сондай-ақ Бурятия, Татарстан, Башқұртстан, Кабардин-Балқар, Марий Елі, Мордовия сияқты ұлттық республикалар бар. 

Сонымен қатар Мәскеу және Петербор қалалары да өз мобилизанттарына төлем төлеуді уақытша тоқтатқандар қатарына кірді. 

"Версткаға" сұхбат бергендер төлемдерді төлеуге қатысты проблемалар 2023 жылдың басында басталғанын хабарлады. Басылымның түсіндіруінше, бұған дейін төлемнің кешіктіріліп жатқанын бірлі-жарым адам ғана жеткізген. Енді жаппай сипат алыпты. 

Осылайша, наурыз айының ортасында тұрғындары тегіс дерлік шағымданған өңірлердің саны 52 аймақтан асып түсті. Оған аннексияланған Қырым автономиялық республикасының жігітін соғысқа берген жұртшылығы да қосылыпты.  

Бұл ретте басылым дәл осы проблемаға тек мобилизанттар ғана емес, енді контрактімен соғысқа алынғандар да, ерікті түрінде барғандар да тап болғанын жазады.

Ресейлік сарапшылар бұған әлдебір банк айыпты болар деп болжаған. Өйткені билік төлем уақтылы аударылып жатыр деп алдаусыратады. Шынында, соған жұмылдырылған барлық ресейлік банктегі "әскери" есепшоттарға қаржы түсуді қойған болып шықты. Олардың қатарында ВТБ, "Сбер", Промсвязьбанк, Тинькофф банк, Газпромбанк, Ресей банкі, Полевой банк және РНКБ бар.

РФ қорғаныс министрлігі әрине, проблеманы мойындамады. Оның өкілдері шағымданушыларға жауабында: "Төлемдер әрбір айдың 10-ыншы және 20-сыншы күндері аралығында аударылады, ал кешігу себебі әскери қызметшінің өзінің басқа бөлімге ауыстырылуымен байланысты болуы мүмкін", – деп қысқа қайырады екен. 

Ресейліктер бұған сенуден қалып барады, өйткені біраз әскери қызметшіге төлемнің төленбегеніне бірнеше айдан асып кеткен.

Басқыншы армиясындағы проблемалардың тағы бір парасы төлемдердің күрт төмендетілуіне қатысты. Бейбіт елге басып кіріп, қолын қанға малған әрбір оккупанттың "еңбекақысы" ресми түрде бірнеше бөліктен құралады. Әлеуметтік үстемеақыларына, сыйлықақыларына және "соғыс ақысына" ("боевые") қарай өзгешеленуі мүмкін. Алайда олардың әрқайсысының нақты көлемі қанша болуы керектігі құпияға жатқызылыпты. Салдарынан, азаматтық шенеуніктер де, оқалы жағалылар да ойына келгенін жасап, оның бір бөлігін жолай жеп қояды. 

Оның үстіне әскери қызметшінің майдан шебінде жүргенін дәлелдеу қиын көрінеді: оларға "соғыс ақысын" төлемеу үшін әскери билетіне "арнайы әскери операция" аумағына уақытша іссапарға жіберілгені жазылады. Сонда оған аталған төлем не аударылмайды, немесе шағын бөлігінен ғана дәмелене алады. 

"Есепке қою парағында не жазылса, соны ғана құжат жүзінде рәсімдейді. Содан соғысқаныңды дәлелдеп көр. Украина территориясына кіргенде, ешқандай рәсімделген бұйрық болмады. Сондықтан солдат пен офицердің майдан даласында өлгенін не жараланғанын дәледеу қиын. Сол схема бүгінде жаппай іске қосылған", – деді РФ журналистеріне сұхбатында экс-контрактник.

РФ "Солдат аналары комитеттерінің одағы" әскерилерге көмек ұйымының басшысы, құқық қорғаушы Валентина Мельникованың пікірінше, еңбекақыларды, үстемеақыларды және әлеуметтік төлемдерді төлеудің доғарылуы әкімшілік коллапстың салдары. 

"Ресей әскери қимылдарға бұрын дәл осынша көп адамды жұмылдырмаған. Бұған дейін тек контракті бекіткендер ғана болды. Еріктілерге, мобилизанттарға ақы төлеу болған жоқ. Салдарынан осынша көлемдегі жеке құраммен жұмыс істей алатын мамандар жетіспеуде, барларының тәжірибесі жоқ", – деді ресейлік құқық қорғаушы.

Шағымданушылар мұның ар жағында қитұрқы коррупциялық айла-шарғы жатыр деп қауіптенеді. Мәскеу тұрғыны Викторияның жұбайы былтырғы күзде мобилизацияланыпты. Мемлекет уәде еткен төлемдердің келуі қаңтар айынан бастап доғарылған. 

"Олар жігіттерді өз бөлімінен босатып, басқа бөлімдерге аудара салады. Бірақ құжаттарын жібермейді. Ауысып барған бөліміндегілер өздеріне оған қатысты құжаттар түспегенін айтып, аузын қу шөппен сүртеді. Бізде де солай болып тұр. Шынымды айтсам, маған өте қиынға түсуде. Өзім декреттемін, жұмыс істемеймін. Біздің екі баламыз бар, бірі үш жаста, екіншісі сегіз айлық. Мемлекеттен тек шамамен 30 мың рубль бала жәрдемақысын ғана аламын. Осы қаржыдан күйеуіме де көмектесіп тұрамын, керек-жарағы, басқа да шығыстары үшін деп, ақша жолдаймын. Анамның көмегінсіз тірі қалмас па едім", – деп қапаланады мәскеулік Виктория.

Сөйте тұра, ресейліктердің соғысқа кім кінәлі екенін, қантөгісті тоқтату өз қолдарында тұрғанын түсінбейтіні қайран қалдырады. Ресейліктердің бар уайым, қайғысы – соғысты тоқтату емес, төлемдердің тоқтап қалғаны ғана болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу