Қазақ боксшылары Минскіде жұдырықтасады

2376

Қазақстандық Suleiman Promotions компаниясы 26-шілде күні Минскіде өтетін бокс кешіне қатысатынын мәлімдеді.

Қазақ боксшылары Минскіде жұдырықтасады

Пандемия уақытында Белорусия кәсіби спортшылар үшін тәуелсіздік аралына айналғандай. Мысалы Белорусия пандемия уақытында футбол ойындарына шектеу қоймаған УЕФА-ның жалғыз мүшесі болды. Сонымен қатар ол жақта тек спортшылар үшін емес, қарапайым халық үшін де биыл қатаң карантин режимі енгізілген жоқ. Футболда трибуналарда жанкүйерлер болмағанымен, жалпы спорттық іс-шаралар тоқтамады. Сондықтан Suleiman Promotions промоутерлік компаниясы осы мүмкіндікті пайдалануды жөн санапты.

"Еліміз бен бүкіл әлемде орын алған осындай қиын кезеңде бұл спорт түрінің нағыз жанкүйерлері мен қолдаушылары үшін кәсіби бокс кешін ұйымдастыруды жөн санадық. Бокс кеші 26-шілде күні Минскіде (Белорусия) өтеді", - деп жазылған Suleimen Promotions-тың ресми Instagram-парақшасында. Спорттық іс-шараның Қазақстаннан тыс жерде өтетініне қарамастан бокс кешіне қатысатын спортшылардың көбі қазақстандықтар. Минскіде шаршы алаңға Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаев, Нұрсұлтан Аманжоловтар шығады.Сондай-ақ Бек Нұрмаганбет пен Евгений Павлов кәсіпқой бокста алғаш рет рингке шығады.

Айдос Ербосынұлы орта салмақ бойынша WBC ABC Continental, WBA International және WBO Global бойынша чемпион. Осы уақытқа дейін 13 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен, оның ішінде тоғыз жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал Жаңабаев жартылай орта салмақта WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific титулдарының иегері. Ол кәсіпқой рингте сегіз кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен, оның ішінде бес кездесуді нокаутпен аяқтады. Осыған байланысты Минскіде өтетін бокс кешінің басты қаһармандары қазақстандық боксшылар сияқты. Аталған былғары қолғап шеберлері өзара жекпе-жекке шыға ма, әлде олар шетелдік боксшыларға қарсы кездесу өткізе ме, бұл жағдай әлі белгісіз. Жалпы шет елде мұндай спорттық іс-шараны өткізу оңай емес. Алайда бұл қиындықтар да Suleiman Promotions-ты тоқтата алмаған секілді.

"Бұл спорттың қаншалықты керемет екенін барлығының есіне салуымыз керек. Осындай қиын уақытта елімізді жарқын жеңіспен қуантқымыз келеді. Ал жекпе-жекті "Хабар" телеарнасынан тамашалай аласыздар. Кездесудің уақыты мен қарсыластар жайлы ақпаратты сәл кейінірек хабарлаймыз", - деп жазылған промоутерлік компанияның Instagram-парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін тағы бір қазақстандық промоутерлік компания MTK Kazakhstan да 18-шілде күні Алматы қаласында кәсіпқойлар арасында бокс кешін ұйымдастыруды жоспарлаған. Алайда пандемияға байланысты бұл іс-шара кейінге шегерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу