Аспан әлемі – тек қана қатынас құралы емес, мемлекеттің әлеуеті мен елдің өркениеттілік деңгейін көрсететін басты өлшемдердің бірі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде әрбір жаңа әуе рейсінің ашылуы – екі нүктені жалғайтын сызық қана емес, мәдениеттер мен экономикалар, туризм мен іскерлік байланыстар тоғысатын алтын көпір. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің бас қаласының әуе қақпасы өз географиясын жылдан-жылға кеңейтіп, әлемдік деңгейдегі маңызды авиахабқа айналып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тоқтаусыз 8 сағат: астаналықтардың ең ұзақ әуе сапары жайлы білесіз бе?
Халықаралық қолданыста Nursultan Nazarbayev Airport аталатын "Астана халықаралық әуежайы" (IATA ұйымы бойынша коды: NQZ, ICAO ұйымы бойынша: UACC) – Алматыдан кейінгі еліміздегі екінші үлкен әуежай мәртебесіне ие. Бүгінде ол 23 әуе компаниясына қызмет көрсетіп отыр.
Қызықты мәлімет: Астана әуежайынан 21 елдегі 57 әуежайға тұрақты тікелей рейстер жолға қойылған. Сондай-ақ елорда еліміздің 15 қаласымен ішкі рейс арқылы байланысқан.
FlightConnections мәліметінше, Астана әуежайынан жолай тоқтаусыз, ең алысқа қатынайтын тікелей рейстің ұзақтығы 3 425 мильді немесе 5 512 шақырымды құрайды: оның жететін соңғы пункті – Вьетнамның шуақты Нячанг курорттық қаласы. Бұл тікелей рейс 8 сағат 10 минутқа созылады. Аспан төсіндегі мұндай ұзақ сапарлар қазақстандық авиацияның техникалық және кәсіби деңгейінің айғағы іспетті.
Жазғы маусымға сыйлық: авиакомпаниялар жаңа халықаралық рейстер ашады
Енді, міне, еліміздің бас қаласының халықаралық өрісі тағы да кеңейе түседі. Авиакомпаниялар Астана тұрғындары мен қонақтарына ерекше жазғы тарту әзірлеп отыр. Таяу күндері Алматы мен Астанадан Түркия мен Кипрге жаңа тікелей рейстер іске қосылады. Бұл жағымды жаңалықты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлім етті.
"2026 жылғы 31 шілдеден бастап "SunExpress" әуе компаниясы Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады. Рейстер ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін аптасына екі рет орындалады", – деді Жетібаев.
Бұдан бөлек, 2 маусымнан бастап дәл осы әуе компаниясы Астана – Ларнака бағыты бойынша тікелей рейстерді орындауға кірісуді жоспарлап отыр. Ұшулар аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 4 маусымнан бастап Алматы – Ларнака бағыты бойынша да тікелей рейстер басталады. Ұшу жиілігі аптасына екі рейсті құрайды: бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Әуе тасымалдаушысы бұл бағыт бойынша тұрақты рейстерді қыркүйек айына дейін орындайды.
Жаңа бағыттардың іске қосылуы не береді? СІМ жаңа әуе қатынастарының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне екпін түсірді. Сонымен қатар, рейстердің іске қосылуы іскерлік ынтымақтастықтың дамуына септігін тигізіп, отандық әуежайлардың жолаушылар мен жүк өткізу әлеуетін арттырып, Қазақстанның авиахаб ретіндегі халықаралық мәртебесін нығайта түсуге тиіс.
СІМ Қазақстан азаматтарына Кипрге кіру үшін виза рәсімдеу қажет екенін еске салды. Сыртқы саясат ведомствосы сондай-ақ халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейте беруге және Қазақстанның өзге елдермен көліктік өзара байланысын күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға уәде етті.
Жерорта теңізінің жауһары: Ларнака жиһанкезді несімен баурайды?
Ларнака – Жерорта теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауына гауһар тастай қондырылған ғажайып өлке, әрі Кипр Республикасының басты курорттық және тарихи орталықтарының бірі.
Жағалауды 25 шақырымға созыла көмкерген мақпалдай жұмсақ, күміс түстес құмы толқын үнімен тербеліп, мұнда келген жанды бірден баурап алады. Туристік порталдар бұл шаһарда уақыт шіркін өзгеше бір баяулықпен, жерортатеңіздік байсалдылықпен, мамыражай өмір ырғағымен сырғитынын нұсқайды.
Аралдың өзге курорттарымен салыстырғанда, Ларнака қолжетімді бағаларымен саяхатшылардың жүрегіне жол тауып келеді. Мамырдың шуағынан бастау алып, қазанның қоңыр салқынына дейін созылатын жағажай маусымы мұндағы әрбір күнді ұмытылмас тәтті сәтке айналдырады деседі.
Ларнака кез келген жиһанкезді бейжай қалдырмас көрікті жерлерге ие:
• Әулие Лазарь шіркеуі: "қайта тірілгеннен" кейін Кипрде өмір сүрген Әулие Лазарьдың қабірінің үстіне тұрғызылған ІХ ғасырдағы православиелік храм.
• Орта ғасырлық қамал: XIV ғасырда салынған, қазіргі уақытта ішінде мұражай жұмыс істейді.
• Тұзды көл: Әуежайдан қашық емес жерде орналасқан. Қыста мұнда мыңдаған қызғылт фламинголар қыстауға ұшып келеді.
• Хала Султан Текке мешіті: Тұзды көлдің жағасында орналасқан, ол басты мұсылман зиярат орындарының, киелі жерлерінің бірі болып табылады.
Қазақстаннан Ларнакаға ұшу уақыты шамамен 5–6 сағатты құрайды. Әуе компаниясы да Қазақстан азаматтары үшін Ларнакаға бару визаны рәсімдеуді талап ететінін еске салды: ол үшін Кипр Республикасының консулдық бөліміне жүгіну қажет.
Өз елімнің "жерұйығы": Балқашқа енді 1 сағатта жетуге болады!
Жатжұрттың "жерұйығына" қызықпай, тек өз елінің табиғаты мен таңғажайыптарын тамашалағысы келетін астаналық саяхатшылар үшін де биыл үлкен мүмкіндік туып, жаңа рейс ашылды. Балқаштың жаңартылған әуежайы алғашқы жолаушыларын салтанатты түрде қарсы алды.
Жаңадан тұрғызылған әуе айлағы 1 маусымда Астана мен Алматыдан алғашқы рейстерді қабылдады, деп хабарлады Kazinform. Ол енді Қарағанды облысының курорттық аймағына келетін туристердің өсіп келе жатқан ағынын қабылдауға толық дайын көрінеді.
Ендігі жерде Qazaq Air әуе компаниясы Астанадан күн сайын, ал, SCAT компаниясы Алматыдан аптасына 6 рет Балқашқа қарай тұрақты рейстер орындайды. Мемлекеттік субсидиялардың арқасында билеттердің құны да халық үшін қолжетімді болып отыр.
"Әуежайды жаңғырту Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілді. Қаражаттың 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлінді, оның бір бөлігі – қайтарылған активтер", – деді көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев.
Екі жарым жылға созылған жұмыс барысында аэродром инфрақұрылымы толық жаңартылды: ұшу-қону жолағы мен перроны реконструкцияланды, арнайы көлік қызметінің ғимараты салынды, 10 дана заманауи аэродром техникасы сатып алынды.
Ең бастысы – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан қалған, өзіндік әдемі сәулеті бар әуежай ғимаратының тарихи келбеті сақталып, ішкі үй-жайлары заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
"Бұл өте әдемі сәулетке ие, 60-жылдарда бой көтерген ғимарат. Біздің басты міндетіміз – оның тарихи келбетін сақтап, сонымен бірге ішкі үй-жайларын толық жаңғырту болды. Енді әуежай заманауи талаптарға сай келеді", – деді Мақсат Мұқашев.
Әуежайда жаңа ұшып келу және ұшып кету залдары, заманауи тексеру жүйесі, жүк конвейері және электронды таблолар пайда болды. Жолаушылар үшін ана мен бала бөлмелері, медициналық кабинет және кафетерий жабдықталған. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін де жағдай жасалыпты.
Реконструкциядан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға дейін өсті. Мұнда туристік ақпараттық орталық та жұмыс істей бастады, онда қонақтар Балқаштың және жалпы облыстың көрікті жерлері мен туристік маршруттары туралы ақпарат ала алады.
Астанадан келген рейстің алғашқы жолаушыларының бірі – қазіргі кезде Германияда тұратын, Балқаш тумасы Наталья Мчения болды.
"Балқашқа соңғы рет бес жыл бұрын пойызбен келгенмін, жол ауыр болды. Қатты шаршатқан. Енді біз бір сағаттай уақыт ішінде ұшып жеттік. Өте ыңғайлы әрі жайлы", – деп бөлісті қонақ.
Аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту мұнымен тоқтамайды: жазғы маусымда Қарағанды мен Балқаш арасында қосымша пойыз іске қосылады. Сондай-ақ Балқаш-2 вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып та қалды. Мұның бәрі аймақтың басты курортын туристерге бұдан да қолжетімді етуге тиіс.
Аспан әлемін шарлаған жаңа рейстер мен жаңарған әуежайлар – еліміздің ішкі бірлігі мен сыртқы беделінің нышаны. Әуе жолдарының сақадай сай болуы мемлекетіміздің даму даңғылын кеңейте түседі.