Қазақ қоқысқа тастайтын сиыр қалдығын Қытай алтыннан қымбатқа алуда

1510

Ішек-қарыннан шыққан мол ақша: мал сою пункттерінің қалдықтары үшін қылмыстық топтар да, зергерлер де таласуда. 

Қазақ қоқысқа тастайтын сиыр қалдығын Қытай алтыннан қымбатқа алуда Фото: ЖИ

Үлкен бизнес әлемінде бір аксиома бар: кейде басқалар "қоқыс" деп санайтын заттардан байлық жасалады. Қазақстандық фермерлер мал сойғаннан кейін мына бір затты тапса, еш ойланбастан, дереу лақтыра салады.

Ал, дәл іргеміздегі шың елі осы ішек-қарынның ішіндегісін сонау Бразилиядан "көлеңкелі" жолдармен импорттауға дайын.

Әңгіме мұнай немесе сирек кездесетін металдар туралы емес. Әңгіме сиырдың өт тасы туралы болып отыр. Неге "көлеңкелі" нарық? Оны бірде бір мемлекет әзірге экспорттық тауар ретінде заңдастырмаған. Сондықтан кедендегілер рәсімдей алмайды.

Алпауыт Қытай мен ауқатты Гонконг тарапынан алапат қарқынмен өсіп келе жатқан сұранысқа орай ірі қара малдың ас қорыту сұйықтығынан түзілетін бұл кішкене, тастай қатқан шөгінділер әлемдегі ең құнды (!) тауарлардың біріне айналды.

Бүгінде ет индустриясының бұл қосымша "өнімі" ресми түрде асыл металдардан да қымбат бағаланады. Егер сіз алтын құймасы табыстылықтың шегі деп ойласаңыз, мына цифрларға назар аударыңыз: The Wall Street Journal мәліметінше, 2025 жылы бұл қарапайым түзілімдердің бағасы бір унциясы үшін 5 800 долларға (шамамен 2,9 млн теңге) жетті!

Салыстырсақ, алтын қазіргі кезде бір унциясы үшін 4600 доллар маңайында саудаланып жатыр.

Айдаһардың араны және "өт-тас безгегі"

Неліктен әлем өт тасына бола есінен жаңыла жаздауда? Жауап "Ню Хуан" (牛黄) деген атауда жатыр. Дәстүрлі қытай медицинасында бұл зат мыңдаған жылдар бойы жоғары бағаға ие. Ол ханзу елінде гипертония мен жүрек-қан тамырлары ауруларын қоса алғанда, әртүрлі ауыр дерттерді емдеу үшін қолданылады екен.

Әрине, тас күйде жұтпайды. Үгітіп, өзге құпия ингредиенттерге қосады (редакция мұны өз бетіңізбен жасауға болмайтынын ескертеді).

Қазіргі уақытта Қытайда инсульт деңгейі өте жоғары: АҚШ-қа қарағанда 3 есе көп, сондықтан өт тастарына деген сұраныс тарихтағы ең ауқымды деңгейге жетіпті.

"Ню Хуан" атауымен сатылатын сиырдың өт тастары Қытайда негізінен инсульттің ауыр түрлері, фебрильді кома, ақыл-естің бұзылуы және тағы басқа ауыр неврологиялық аурулар кезінде тағайындалатын "Ангун Ниухуан Вань" препаратын жасау үшін қолданылады, деп жазады odditycentral.com порталы.

Өт тасының қымбаттығы оның тапшылығымен және сиректігімен байланысты. Өйткені сиырлардың және бұқалардың өт қабындағы тастар көбіне егде жаста түзіледі. Қазіргі табыс қуған агробизнес аяусыз: фермалардың көпшілігінде тиімділік пен өнімділікті арттыру үшін малды жас кезінде сойып тастайды, қартаюға жеткізбейді.

Мысалы, бұзауды бесті сиыр жасына жеткенге дейін асырап-бағуға қарағанда қашар не құнажын жасында семіртіп, сойып тастау арзанға түседі, көбірек кіріс келтіруі мүмкін.

Тапшылық пен бағаның қарқынды өскені сонша, Бразилия, Австралия, АҚШ және тіпті көрші Ресей сияқты көп мал өсіретін аймақтарда нағыз өт тасының "безгегін" тудырды. Мәселен, Бразилияда, әсіресе Сан-Паулу штатында қылмыстың жаңа түрі тіркелуде: қарулы топтар фермалар мен қасапханаларға шабуыл жасайды.

Оларға кесек ет немесе касса керек емес, іздегені – сол баяғы тастар.  Ақпарат құралдары қасапханалардың ішінде де "қара нарық" гүлденіп тұр дейді: жұмысшылар соя сала, бірден малдың өтіне қол салады. Сондағы дәметкені – Зеңгі баба түлігінің ішінен әлгі олжаны тапса, қалтасына жасырып алып кету, ізінше ғаламтор арқылы өткізіп, біраз уақыт уайымсыз өмір сүруге жететін табыс табу.

Пробиркадан шыққан зергерлік бұйым

Ғалымдар бұл тауардың шығандаған бағасын түсіруге тырысуда. Кезінде мінсіз гауһар тастарға қол жеткізуге деген құштарлық адамзатты көміртекті бағындыруға және асыл тастарды зертханалардың стерилді бокстарында қолдан жасауға мәжбүр етті.

Тарих қайталануда. Бүгінде дәл осындай қызметтің көрігі қытайлық институттардың зертханаларында қызып жатыр. Көршінің ғалымдары табиғаттың "кодын" бұзып ашып, жасанды "Ню Хуан" өсіріп шығаруға күш салып жатыр.

Қолдан өсірілген "өт" тастары – биоинженерияның салтанаты болар еді. Олар табиғи түпнұсқасының заңды және қолжетімді баламасына айналуға тиіс: оның ми мен бауыр жасушаларын қорғау қабілетін (нейропротекторлық және гепатопротекторлық қасиеттерін) қайталай отырып, қауіпсіздік пен улылық (токсик) деңгейінің теңгеріміне кепілдік беруі шарт.

ҚХР зертханалары әзірлеген үлгілер өздерінің табиғи прототиптеріне таяп қалды. Бірақ қалталы қытайлар бәрібір табиғи өт тастарын ғана алады.

Жануардың денесінде жылдар бойы түзілетін табиғи тас – коллекционерлер мен беделді дәрігерлер күндіз шаммен іздеген "алтын стандарт" болып қала берді. Ал, оның синтетикалық аналогтары басқа экономикалық миссияны орындап жатыр: бұл "органикалық алтынның" бағасын құрықтап ұстап, қымбатшылықты тежеуде.

Хирургтардың құлағына "алтын сырға"

Таңқаларлық жағдай тұтыну нарығында орын алуда. Сиыр тастары жетіспей жатқан соң ба, ендігі назар... адамдарға ауды. Ақпарат құралдары Қытайда адамның да өт тасына деген қызығушылықтың артқанын хабарлауда. Бұл жерде тағы да ескерткеніміз жөн: табыс табу үшін өт тасын алғызбай, дертті қолдан ушықтыруға болмайды.

"Тастардың құны олардың өлшеміне және басқа сипаттамаларына байланысты. Бірақ, әдетте, тас неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бағасы жоғары болады. Ірісінің бағасы 1 270 долларға дейін жетуі мүмкін. Қытайлық онлайн-платформалардың бірінде оларды сату туралы ондаған хабарландыру табылды", – деп хабарлады Onliner порталы.

"Өт-тас безгегінің" географиясы күтпеген жерден ресейлік маркетплейстерге дейін кеңейді. Ресейлік онлайн-платформада мұндай лоттар жетерлік. Мұны ресейлік ақпарат құралдары хабарлады.

"Ресейде пациенттер өздерінің өт қабынан ота жасап, алып тасталған тастардан табыс табуға ұмтылуда. Соңғы кездері ресейлік интернет-алаңдардан ерекше хабарландыруларды көруге болады. Адамдар операция арқылы өздерінің өт қабынан алынған тастарды саудаға қойып жатыр. Сондай-ақ, жануарлардың өт қабынан алынған тастарды да сатып алушылар табылады", – деп мәлім етті Fb.ru.

Тастардың құны олардың өлшеміне және басқа сипаттамаларына байланысты. Титімдей шашырандылар бірнеше мың рубльге бағаланады, бірақ нағыз "ауыр салмақтылар" сатып алушыларды қомақты қаржы шығаруға мәжбүр етеді. Ірісінің бағасы ондаған мың рублден асады.

"Бұл бизнесте де, өнердегі сияқты, көркемдік пен визуалды компонент маңызды. Тек ірі және "эстетикалық" үлгілерді ғана қымбатқа сатуға болады. Нарықтың рекорды – бір ғана тас үшін 100 мың рубль сұрау. Сатушы өзінің тасы "жарқырап, сәуле шашатынын" жазып қойыпты. Сұратқан бағасына сата алған жағдайда ол қаражатты еміне жұмсауға ниетті", – деп жазды ресейлік шолушы Ирина Евдокимова.

Рунет осы органикалық қазыналарды сатып алу және сату туралы ұсыныстарға толы болса, Қазнетте тыныштық орнаған. Тегін жарнамалардың онлайн алаңдарында ондай хабарландыру табылмады.

Бірақ көрші елдерде сұраныстың болуы медициналық қалдық пен құнды активтің арасындағы шекара бұрынғыдан да жақындай түскенін аңғартады. Қытайдың сұранысы қазақстандық хирургтардың қаперінде болса, артық етпес.

Зергерлік хоррор ма, әлде инвестиция ма?

Бүгінде адамдар тіпті ит пен мысықтан алынған өт тастарын да сатады. Ресейлік ветеринарлық клиникаларда кейбір хирургтар операцияны аяқтаған соң, үй жануарының иесіне табылған "олжаны" өзімен бірге алып кетуді ұсынады.

Осылайша, бір сағат бұрын ғана сүйікті лабрадордың немесе "мышымның" өміріне қауіп төндірген зат кенеттен отбасылық жәдігерге немесе құнды ресурсқа айналуы ықтимал.

Егер қытайлық фармацевт болмасаңыз, адамның, сиырдың немесе иттің өт тасы сізге не үшін қажет? Ресейлік ақпарат құралдары оны "экстремалды зергерлер" сатып алуы мүмкін екеніне назар аудартады. Мұндай тастардан сырғалар, моншақтар, алқалар немесе тіпті тәспілер жасайтын көрінеді.

Көбінесе ерекше әшекейлер үшін жануарлардан алынған материал қолданылады. Адам тастары да зергерлік іске жарайды, бірақ олар "кірпияз" және қосымша өңдеуді қажет етеді екен. Оларды кептіріп, содан кейін эпоксидті шайырмен жабу керек, әйтпесе үгітіліп, бұзыла бастайды.

Сатып алушылардың тағы бір тобы – делдалдар. Олар тастарды жаппай сатып алып, Қытайға жеткізудің көлеңкелі арналарын қалыптастырады.

Нәтижесінде, бір мәдени кодта жиіркенішті қалдық болып саналатын дүние екіншісінде құндылыққа айналады. Шығыс медицинасы "Ню Хуанның" күшіне сеніп тұрғанда, бағалы металдан да қымбат бұл тастарға сұраныс табылатынға ұқсайды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу