Грек-рим күресінің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Танат Өмірзақұлы Сағындықов өмірден өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті хабарлады.
Танат Сағындықов саналы ғұмырын отандық күрестің дамуына арнап, көптеген балуанның үлкен спортқа жол ашуына үлес қосты. Ол ұлттық құрама сапында да еңбек етіп, шәкірттерін жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындаған білікті мамандардың бірі болды.
Комитет марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, оның есімі қазақ күресі мен спорт тарихында сақталатынын атап өтті.
"Бұл – марқұмның отбасы мен жақындары үшін ғана емес, бүкіл спорт қауымы үшін орны толмас ауыр қаза", – делінген ресми хабарламада.
Танат Өмірзақұлының қазақстандық күреске сіңірген еңбегі мен тәрбиелеген шәкірттері оның спорттағы мұрасын жалғастыра бермек.