Қазақ мұнайының 100 миллионыншы тоннасы Қытайға жетті

Бек Темір Бек Темір
3065

"ҚазТрансОйл" мен "Роснефть" ресейлік мұнай транзитін 10 млн тоннаға жеткізеді.

Қазақ мұнайының 100 миллионыншы тоннасы Қытайға жетті

Бүгін "ҚазТрансОйл" АҚ және CNODC компаниясы бірлесіп бақылайтын "Қазақстан-Қытай құбыры" ЖШС-ның меншігі болып табылатын "Атасу-Алашаңқай" магистральды мұнай құбырының "Алашаңқай" қабылдау-тапсыру пункті арқылы Қытай Халық Республикасына қазақ мұнайының 100 миллионыншы тоннасы жөнелтілді. Бұл туралы "ҚазТрансОйл" АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар қызметі хабарлады.

"Атасу-Алашаңқай" магистральды мұнай құбыры Қытай нарығына ТМД елдері  кеңістігіндегі алғашқы болып жол ашқан экспорттық құбыр екенін атап өту керек. 2005 жылы аталмыш құбыр жолын ашу арқылы қазақстандық мұнай экспортын жаңа белеске көтеру, еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу және   мемлекет қазынасына қосымша салық қаражатын құю мүмкіндігі пайда болды. 100 миллионыншы тоннаның еліміздегі "қара алтын" тасымалы бойынша ұлттық оператор саналатын "ҚазТрансОйл" компаниясының құрылғанына 20 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келгені де қуанышты жағдай.

Қазіргі күні елімізде мұнай тасымалы жүйесінің даму қарқыны көңілге қонымды. Жақында Өзбекстан президентінің ресми сапары кезінде де отандық мұнай құбыры арқылы ала тақиялы елдің мұнай өңдеу зауытына шикізат жеткізіп беру туралы келісім бекітілді. Ал "Атасу-Алашаңқай" мұнай құбырының орны бөлек. Егер тарих беттеріне қайта үңілетін болсақ, күн асты елінің нарығына шығу қадамы 2004 жылдан бастау алады. Яғни сол жылы 17 мамыр күні "ҚазМұнайГаз" ҰК" ЖАҚ пен қытайлық CNPC компаниясы арасында "Атасу-Алашаңқай" құбырының құрылысы туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар екі ел үкіметі  мұнай және газ саласында  ынтымақтастықты дамыту туралы мәміле жасады. Халықаралық құжат ел экономикасын жаңа биікке көтеріп, экспорттық дәлізді дамытуға зор серпін берді. 2005 жылы желтоқсан айында мұнай құбырының желілік бөлігі аяқталуының салтанатында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  "Атасу-Алашаңқай" құбырын іске қосты. Бұл тәуелсіздік жылдарында іске қосылған әлемдік санаттағы экспорттық мұнай құбыры болды. 2006 жылы шілде айында мұнай құбыры пайдалануға беріліп, алғашқы жарты жылдықта 2,2 млн тонна мұнай тасымалданса, келер жылы тасымалданатын қара алтын көлемі жылына 4,8 млн тоннаға дейін көбейді. Атап өтерлігі құбыр Қазақстанның Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының аумағы бойынша өтеді. Бұл жергілікті адамдар үшін қосымша жаңа жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді.

2013 жылы "ҚазТрансОйл" және ресейлік "Роснефть" компаниялары арасында "Атасу-Алашаңқай" құбыры әлеуетін әрі қарай дамыту және жүзеге асыру мақсатында келер жылдың басынан тасымалданатын мұнай көлемін жылына жеті млн тоннаға дейін жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бұл бес жылға бекітілген келісімнің екі жаққа тиімді болса әрі қарай тағы да бес жылға ұзарту мүмкіндігі ұйғарылды, транзитті пайдалана отырып ауысу кестесі бойынша жұмыс істеу жайлы шешімге келді.  Ал былтыр желтоқсан айында "ҚазТрансОйл" мен "Роснефть" компаниялары ресейлік мұнай транзитін жылына жеті млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін жеткізу жайлы ортақ келісім жасады. Бұл "Прииртышск-Атасу-Аалашаңқай" бағыты бойынша тасымалданатын мұнайдан ел қазынасына түсетін қаржы да көбейеді деген сөз.

Тағы да бір айта кетерлігі, 2013 жылы Қарағанды және Алматы облыстары аумағында екі мұнай айдау станциясы пайдалануға беріліп, жүзге жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл станцияларды салудағы басты мақсат "Атасу-Алашаңқай" құбырын жылына 20 млн тонна мұнай айдау жобалық қуатына шығару болып табылады. 

Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы магистральды мұнай құбыры жүйесін дамыту екі ел арасындағы мұнай-газ саласындағы өзара тиімді қатынасты дамытудың маңызды факторы болып табылады. Елбасы да былтыр Қытай Халық Республикасына барған сапарында Ұлы дала елінің күн асты еліне жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндігі бар екенін сенімді түрде мәлімдеген болатын. Сол себепті де тасымалданған 100 миллионыншы тонна көрсеткіші екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нақты мысалы деп білгеніміз абзал. 

Бек Темір  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу