Қазақ тіліне қатысты дау: Мухоряповтың кешірім сұраған бейнежазбасы пайда болды

2352

Қазақ тіліне байланысты басы дауға қалған кәсіпкер Рамиль Мухоряпов көпшіліктен кешірім сұрап, видео жариялады, деп хабарлайды Іnbusiness.kz

Қазақ тіліне қатысты дау: Мухоряповтың кешірім сұраған бейнежазбасы пайда болды Фото: the-steppe.com

"Сәлем достар! Сіздер кешегі видеоның бір бөлігін көрдіңіз. Бәрінен кешірім сұрағым келеді. Ешкімді ренжітейін деген ниетім болған жоқ. Дұрыс айтасыздар. Қазіргі кезде сіздерді өте мұқият тыңдау керек", – деп кәсіпкер сөзін қазақ тілінде бастаған.

Кәсіпкер видеоны қайта көріп шыққанын, шынында да, өте ауыр әрі шұғыл айтылып кеткенін мойындайтынын айтады.

"Мен – Қазақстан азаматымын. Алматыда өстім. Біз бұл жерде компанияның іргесін қалап жатырмыз. Қызметкерлеріміздің 99 пайызы қазақстандықтар. Біз мұнда салық төлейміз. Қазақ тілінің даму маңыздылығын өте жақсы түсінемін. Компанияның ішінде барлық өнімдерді қазақ тілінде қолдау тетіктері бар. Қосымшалардың бір бөлігі қазақ тіліне аударылып қойды. Қалғаны аудару сатысында. Жақын арада біз бұл жұмысты аяқтаймыз деген ойдамын", – дейді ол.

Рамиль Мухоряпов қазақ тілін жөнді түсінбейтінін айтады. 

"Аздап түсінемін. Бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Бірақ қазір осы тілде сөйлейтін болам. Достар, тағы да бәріңізден кешірім сұраймын", – деп аяқтайды ол.

Еске сала кетсек, күні кеше жиындардың бірінде Мухоряпов орысша сұраққа қазақша жауап бергендер азаматтардың бойында "ұлтшылдықтың сәл көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін" айтқан. 

"Егер мұндай болса (орысша сұрағандарға қазақша жауап беріп жататын болса) қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Ұлтшылдықтың сәл көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің меймандығымыз бәрін көтеріп кетуі керек", – деген ол көпшіліктің сынының астында қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу