Қазақ жерін жау шапса, ол "Түркі әлемі күзетшісінің" қаһарына ұшырайды

7217

Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапарының нәтижесінде Қазақстанда құрастыруға келісілген түрік "беспилотнигі" туралы не білеміз?

Қазақ жерін жау шапса, ол "Түркі әлемі күзетшісінің" қаһарына ұшырайды

Таяуда түріктің ANKA атты ұшқышсыз, өздігінен ұшатын аппаратын құрастыру елімізде жолға қойылатыны жарияланды. Отандық "Kazakhstan Engineering" кәсіпорны мен түріктің TUSAŞ (Türk Havacılık ve Uzay Sanayi AŞ) аэроғарыш компаниясы тиісті келісім бекітті.

Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл өндірісті бастау үшін қажетті база республикада бар. Мысалы, елорданың түбінде тіпті ғарыш аппараттарын құрастыратын кәсіпорын мен инфрақұрылым түзілген.

TUSAŞ компаниясы қазақстандық тараптың дәл осы беспилотниктерді сатып алу жөнінде былтыр контрактіге отырғанын хабарлады. Енді Қазақстан лидерінің Анкараға сапары аясында жаңа келісімге қол қойылды, ол Anka-ны қазақ елінде құрастыруды көздейді. Осыған орай қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны құрылмақ. Пилотсыз ұшатын аппараттарды (ПҰА) жөндеу, оған техникалық қызмет көрсету елімізде жүзеге асырылады. Соғыс жағдайында бұл мәселелер аса көкейкесті.

Анка дегені қазақтың самұрығы екен

Сарапшылар түріктің қуатты, соққы беруші дрондарын "Түркі әлемі қауіпсіздігінің күзетшісі" деп те атайды.

Түркияның Анадолу агенттігі өндірушінің мәліметіне сүйеніп, Қазақстан түріктің жаңа ПҰА-сын жасайтын тұңғыш елге айналатынын мәлім етті.

"Шетелдік серіктестердің Anka беспилотнигіне қызығушылығы артып келеді. Бұл біздің мақтанышымыз. Ал мына жаңа келісім бауырлас қазақ елімен арамыздағы достық байланыстардың ары қарай нығаюына септеседі", – деді TUSAŞ бас директоры Темель Котиль (Temel Kotil).  

Ғалымдардың айтуынша, Анка – "Симургтің" (қазақша Самұрық) түрікше екінші атауы көрінеді. Түрік Уикипедиясына жүгінсек, бұл құс туралы аңыз иран дәстүрінде де, түркі тілдес елдерде де кең таралған. Иранның кейінгі салт-санасында Симург немесе Зюмруд-у Анка – Тәңірінің бір символына айналыпты. Сондай-ақ араб тіліне "Рух" ретінде кірген.

Айтпақшы, байырғыда біздің тілімізде "аңқай" деген алып, орасан зор сөздердің синонимі болған деседі, одан қазірге тек "аузы аңқайды", "есікті аңқайта ашты" сияқты жекелеген сөз тіркестері ғана жетті.  

Әдетте беспилотниктер құрлықта ұшады да, теңіз-мұхиттарға көп жуымайды. Себебі, байланыс жоғалса, батареясы отырып қалса, айдынға құлап, босқа шығын болады. Ал Түркияның әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы "самұрықтарын" көк теңізде сынап жатыр. Мысалы, таяуда, 2022 жылғы сәуірде Ақсаз бұғазында Anka-В су бетінде бақылаусыз қалқып жүрген теңіз миналарын табу миссиясын табысты атқарды. Бұл сүйінші хабарды Ұлттық қорғаныс министрлігі жария етті.

Аталған проблема Түркия үшін аса өзекті, себебі Украинадағы соғыстың жаңғырығындай, жауласушы жақтар бір-бірін бұғаттау үшін теңізге тастаған қалқымалы миналар лаққан күйі Қара теңіздің арғы бетіндегі Түркияға дейін жете бастады. Анка "дрейфтегі теңіз минасын" өзге дрондар секілді оптикасымен емес, сондай-ақ SARPER және MİLSAR маркалы радиолокациялық жүйелерінің көмегімен іздеп табады.

Әлгінде, Қазақстанның бұл ПҰА-ларды сатып алу контрактісіне былтыр қол қойғанын айттық. Бірақ біздің әскерилер әзірге Қарулы күштеріміздің қолында ондай соққылаушы (ударный) беспилотник байқалмайтынын айтады. Түріктің TUSAŞ аэроғарыш компаниясы Қазақстанға арналған Anka-лардың партиясы әзірленіп жатқанын мәлім етті. Өйткені ертеректе тапсырыс бергендіктен, бұған дейінгі жасалған аппараттар Туниске жеткізілген, ендігі кезек – Қазақстанда: таяу арада жөнелтілмек.     

"Біз заманауи соққылаушы беспилотниктерімізді Қазақстанға жақын арада жеткізуді жоспарлап отырмыз. Соққы беруші дрондарымызды сатып алу жөнінде басқа да бірқатар ел бізбен келіссөз жүргізуде. Бүгінде Түркия пилотсыз ұшатын аппараттар мәселесінде шетелдік технологияларға тәуелді емес. Anka-ға арналған қозғалтқыш та біздің елімізде өндіріледі. Қазіргі уақытта әлемде беспилотниктерде деген сұраныс ғаламат", – дейді Темель Котиль.

Оның айтуынша, Анканы жетілдіре түсу бір мезетке де тоқтамайды, ары қарай жалғасуда. Оның бір мысалы – әлгінде айтылған теңіздегі сынақтар. Оның үстіне Түркия ПҰА-лар өндірісінде отандық сенсорларды қолдануға көшкен. Яғни, шетелге тәуелділіктен кетті. Мысалы, түріктің CATS интеграцияланған сенсоры орнатылған Anka-S дроны түріктің Батманындағы сынақ алаңында 11 сағат бойы "ұрыс жүргізген".

Түрік тарапының мәліметінше, Қазақстанның Қарулы күштері биыл кем дегенде 3 соққы беруші Anka дрондарын, 2 жердегі базаны, сондай-ақ логистикалық қолдау топтамасын (оқыту, запастық бөлшектер, техникалық құжаттарды) алады.  

Бұл ПҰА-лар электрооптикамен, инфрақызыл портпен, лазерлік нұсқағышпен, лазерлік қашықтық өлшегішпен, бейнекамерамен жабдықталады. Құпия тұстары да бар. Аппараттың салмағы 1700 келі. Әуеде 30 сағат бойы тоқтаусыз ұша алады. Анка 23 мың фут биіктіктен соққы бере алатын көрінеді. Максималды іс-қимыл биіктігі 30 мың футқа дейін барады. Ұрыс дронының іс-әрекет жасау қашықтығы – 250 шақырымға дейін. Ол 350 келіге дейін қару-жарақ және басқа жүкті көтеріп ұшуға қабілетті. Қуатты қозғалтқышы арқасында ұзақ әрі күрделі операцияларды жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті екен.

Қазіргі кезде Anka тіпті ғарыштан да басқарылады. Бұл дронмен Түркия Қарулы күштері жарақтандырылуда. Беспилотниктегі камерадан көрініс онлайн түрде базаға беріледі.

Ыстамбұлдағы EDAM сараптама орталығының қауіпсіздік және қорғаныс зерттеулері бағдарламасының директоры, доктор Жан Касапоғлу (Can Kasapoğlu) "Анадолу" агенттігіне сараптамасында түріктің пилотсыз ұшатын жүйелері "түркі елдерінің қорғаныс және жоғары технологиялық әлеуетін ашатын кілтке айналады" деген байлам жасады.

"Түріктің пилотсыз ұшатын аппараттарды түркі әлеміне экспорттауы Орталық Азия өңіріндегі әскери-геосаяси ынтымақтастықта маңызды рөл атқарады. Екінші Қарабақ соғысына дейін "түркі әлемінің әскери геосаясаты" ұғымы романтикалық идеал ғана болатын. Жасыратыны жоқ, басым бөлігінде кеңестік-ресейлік қару-жарақтар мен техникадан құралған түркі әлемі елдерінің әскери әлеуеті бір сәтте өзгеріп сала береді десек, қиял болар еді. Бірақ Түркияның бұл елдерді төл ПҰА-ларымен қамтуы оларға салмақты артықшылық бермек. Біздің бағдарламалармен басқарылатын, төл қорғаныс технологияларына құрылған ұшқышсыз жүйелер түркі әлемі үшін "замана рухына" айналады. Сондықтан Anka соғыс дрондарын Қазақстанға, ал Bayraktar TB-2 дрондарын Түрікменстан мен Әзербайжанға жеткізуіміздің тарихи маңызы бар. Қырғызстан да Байрақтарды импорттаушылар қатарына кіруге ниетті", – дейді Жан Касапоғлу.

Қазақстан Anka-мен шектелмеуді жөн көрді

Жоғарғы бас қолбасшы Қ.Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерін техникалық жарақтандыруды, әскердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыруды "аса маңызды басымдық" деп белгіледі.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың айтуынша, өткен 30 жыл ішінде армиямыз 4 мыңнан астам заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен қамтамасыз етіліпті. Қазіргі уақытта негізгі күш-жігер әскерлерді қару-жарақтың, әскери техниканың және арнайы құралдардың соңғы үлгілерімен кезең-кезеңмен қайта жарақтандыруға бағытталады.

"Қазақстан барлау, радиолокациялық барлау міндеттерін орындау, кедергілер келтіру және тәуліктің кез келген уақытында жерүсті нысаналарына дәл соққы беру үшін қытайдың "Wing Loоng-1" (Птеродактиль) екпінді-барлау, ресейлік "Орлан-10Е" барлау, израильдік "Skylark-1Lex" тактикалық пилотсыз ұшатын аппараттарын сатып алды. Сондай-ақ, түріктің "Anka" дрондары сатып алынады. Жалпы, әскерлерді ПҰА-мен жарақтандыру қажеттілікке сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылады", – деді Руслан Нұртөлеуұлы.

Қазақстан Украинаның жеңісінің бір символына айналған түріктің атышулы Bayraktar-TB2 дронын сатып алмайтын болды. Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, біздің әскери мамандар жоғары нәтиже көрсеткен Байрақтарды елімізде сынап көріпті. Алайда "техникалық сипаттамалары бойынша ол біздің климаттық жағдайларда пайдалануға жарамайды" деген байламға келген.

Ал Анка беспилотниктері жаңа өнім есептеледі, былтыр түрік армиясына 30 бірлігі берілген. Алғашқылар қатарында оны Қазақстан алмақ.

2021 жылдан бастап, Түркия авиация және ғарыш технологиялары саласында қомақты жетістікке жетіп, Аkıncı (Акынжы, басқыншы), Aksungur (ақсұңқар) беспилотниктерінің алғашқы партияларын шығара бастады. Бұған қоса, Bayraktar TB2 және Anka жедел-тактикалық соққылаушы дрондары, Kargu қарулы квадрокоптерлерінің өндірісі артты. Біздің әскерилердің қызығушылығын тудыруы мүмкін өнімнің бірі – Alpagu дрон-камикадзесі болса керек. "Жасанды зердесі бар ұшатын снаряд" жау жайлаған жерде қалықтап жүреді де, мысалы, дұшпанның танкі, БТР, БМП, тікұшағы секілді өзі үшін белгіленген параметрлер бойынша қажетті нысананы өзі тауып, соған тұтқиылдан тап береді, жарып жібереді. Түркиялық дрон-камикадзенің сынақтары табысты өтті. Бұл ел Boyga атты соққылаушы квадракоптерді де тестілеуге кірісті.

Түркия сондай-ақ Gokbey тасымалдаушы тікұшақтарын, Atak Faz-2 соққылаушы тікұшақтарын шығарады. 5-ші буындағы төл жойғыш ұшағын құрастыру жұмыстарын қолға алды. Siper көп деңгейлі әуе қорғанысы жүйесін, Hisar A+ аз қашықтықтағы және Hisar O+ орта қашықтықтағы зениттік-зымыран кешендерін, әскери кемелерді, сауытты техникаларды жасайды. 2021 жылы Түркия әлемдегі 170 елге 228 түрлі әскери өнімдерін экспорттай бастады. Бұл ел тарихындағы рекорд саналады. Бәлкім, Орталық Азия нарығынан Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенінің өнімдерін ысырып шығаруы да ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу