banner

"Қазақмыс" өндірістің қауіпсіздігіне 27 млрд теңге бөледі

18019

"Қазақмыс" Корпорация" ЖШС-ның басқарушы кеңесі бас директоры Бақтияр Қырықпышев Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында ірі мыс өндіруші компанияның өндірістік көрсеткіштері, әлемдік нарықтардағы ахуал "Қазақмыс" корпорациясына қалай әсер еткені және геологиялық барлау жоспарлары туралы айтып берді.

"Қазақмыс" өндірістің қауіпсіздігіне 27 млрд теңге бөледі

– Былтырғы жылы катодтық мыстың бағасы төмен болды. Дегенмен өндірістің тоқтауына, еңбек ресурстарының қысқаруына жол бермедік. Біз бұған төтеп бере алдық. Бүгінгі күні баға өсті, және кезінде тоқтатылған жобаларды қолға алатын жоспарымыз бар. 2018 жылы "Қазақмыс Холдинг" ЖШС жоспарлы 234 мың тоннаның орнына катодпен есептегенде 239 мың тоннадай мыс өндірді. Яғни бес мың тоннадан асыра орындап шықты.

Үш мың келіден астам алтын құймасы өндірілді, бұл 2017 жылға қарағанда 38%-ға артық. Жалпы алғанда 2018 жылы "Қазақмыстың" фабрикалары 30 млн тонна кен өңдеді.

Былтырғы жылы корпорация үш маңызды оқиғаны атап өтті. Оның ең бастысы – Қарсақбай зауытының 90 жылдығы. "Қазақмыс" корпорациясының тарихы тап осы Қарсақбай зауытынан бастау алады. Менің өзім сол жердің тумасымын. Бұл шараны өте кең ауқымда атап өттік, барлық еңбек ардагерлеріне құрмет көрсеттік. Өздеріңіз білетіндей, елімізде ең алғашқы мыс осы зауытта шығарылған. Бүгінгі күні зауыт 80-нен астам тауарлық өнім түрін шығарады.

Екінші маңызды оқиға – Жезқазған мыс балқыту зауытында екінші кен-термикалық пешті іске қосу болды. Осылайша өндірістің қуатын жүз пайызға арттырдық. Үшінші оқиға – әлеуметтік жоба "Ұлы дала" гипермаркетін іске қостық. Гипермаркет біздің жұмыскерлер тұратын Жезқазған және Сәтбаев қалаларының арасында орналасқан. Бұл дүкеннен қажет тауарларды қымбат емес бағаға сатып алуға болады.

Сондай-ақ корпорация басшысы биылғы жылға арналған жоспарлармен бөлісті. 2019 жылы катодпен есептегенде 238,6 мың тонна мыс өндіру жоспарланып отыр. 2022 жылы "Қазақмыс" жылына 300 мың тонна мыс өндіріп, катодтық мыстың әр тоннасының өзіндікқұнын 2800 долларға дейін төмендетуді көздеуде. Кен базасын толтыру бойынша да үлкен жоспар бар.

– Компанияның ішінде Kazakhmys Barlau ЖШС-ын құрдық. Кәсіпорында бес кен орнындағы қорларды барлау міндеті тұр. Оның үшеуі Жезқазған өңірінде, біреуі Балқаш аумағында және тағы біреуі Қарқаралы ауданында. Осы мақсат үшін тиісті қаражат бөлінді. Бұл еншілес кәсіпорын бізге жаңа кәсіпорын құратын қорларды береді. Жезқазған өңірі бойынша барлау жұмыстарын 2023 жылға қарай, Қарқаралы бойынша 2026 жылы және Балқаш өңірі бойынша 2023 жылға қарай аяқтауға тиіспіз.

Ал қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға келетін болсақ, корпорация Жезқазған және Қарағайлы фабрикаларының жаңғырту және қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтамақ. Қарағайлы фабрикасының өнімділігі 3,5 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.

– Барлық ескірген технологияны айырбастап, кен өңдеуді 1,7 млн тоннаға арттырып жатырмыз, - деді телеарнаға сұхбат берген кезінде. – Кен базасы бойынша екі негізгі жоба бар. Ол - "Жомарт" кен орнының екінші кезегін іске қосу. Бірінші кезек бойынша қор таусылуға жақын. Ал екіншісі "Сарыоба" кені бойынша. Қазір бұл кен орнында жылына 900 мың тонна кен өндіріп отырмыз, ал 2022 жылға қарай 2,5 млн тонна жобалық қуатқа шығамыз.

Корпорация басшысының айтуынша, Жезқазған кен алабын барлауға қатысты жұмыс жалғасады. Белгілі болып отырғандай, былтырғы жылы Теректі жарығының бойында геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілген. Зерттеу қордың бар екенін көрсетті.

Гидрометаллургия бойынша егер оң нәтижелер болса төрт зауыт салынады. Ол Балқаш пен Жезқазғанның қалдық қоймасында жиналып қалған техногендік-минералдық түзінділерді өңдеуге мүмкіндік береді.

Бақтияр Қырықпышев өндірістегі цифрландыру жайына да тоқталды. Тап қазіргі уақытта корпорацияның екі компаниясында цифрландыру жүріп жатыр. Табысты тәжірибе алып компанияның барлық кәсіпорындарына таратылатын болады.

Бақтияр Қырықпышев, әсіресе, жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінетін өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталып кетті.

– Халықаралық DuPont компаниясымен қауіпсіздік техникасы желісі бойынша келісімшарт жасадық. 2021 жылға өліммен пара-пар жарақатты мүлдем жойып, жалпы жарақаттануды 80%-ға дейін төмендетеміз деген міндет қойып отырмыз. 2018 жылы қауіпсіздікке, еңбекті қорғау, ескі жабдықты жаңартуға 17 млрд теңге бөлдік. 2019 жылы техника қауіпсіздігі бойынша жағдайды жақсартуға 27 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің басты міндетіміз.

"Қазақмыстың" ең басты жетістігі – адам ресурстары, –деп қорытындылады басқарушы кеңес бас директоры. – Ол – біздің мақтан тұтатын жұмыскерлеріміз. Компания басшылығы қойып отырған барлық міндетті орындап келеміз. Тәуелсіздік мерекесінің алдында компанияда жұмыс істейтін әр жұмыскерге жылдық сыйақы беру деген жақсы дәстүр қалыптасқан. Биылғы жылы да геологиялық барлау бойынша жобаларды іске асырып, өндіріс процестерін жаңғыртып, сондай-ақ жұмыскерлеріміздің еңбек жағдайларын жақсарта аламыз деп ойлаймын. Ал бұл олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу