banner

Қазақстан әлемдік астық нарығында есе жіберіп отыр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4365

Қазақстан бизнесмендері әлемдік "қара базарда" Қазақстанның саудасы неге жүрмей тұрғанын ашық әрі ашып айтып берді.

Қазақстан әлемдік астық нарығында есе жіберіп отыр

Орталық коммуникациялар қызметінде екі күн қатарынан бірінен-бірі қызық екі брифинг болды. Алдымен ақпарат құралдары өкілдерімен Ұлттық палатаның өкілдері кездесті. Артынша 28 желтоқсан күні журналистермен отандық тауарларды шетелдік нарықта ілгерілетуге жауапты мемлекеттік құрылым – "KazNex Invest" АҚ басшылығы жүздесті.

Қос брифингке қатысқан БАҚ өкілдері әрі-сәрі күйде қалғанын айта кеткен жөн. Өйткені "Kaznex"-ті тыңдасаңыз, бәрі керемет, сыртқы саудамыз үшін "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заман туды. Ал кәсіпкерлер болса, халықаралық нарыққа шығар жолда табандарына тас қойылып, қанаттары қырқылып, қиындық көріп жатқанына мұңаяды.

Алдымен "Қазнекс" не дейді? Қазақстан экспортын дамыту жүктелген "KazNex Invest" экспорт және инвестициялар агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкеновтің айтуынша, ел экспортының географиясы кеңейіп келеді.

"Қазақстан бүгінде әлемнің 117 еліне тауар сатады. Бұған индустрияландыру бағдарламасы аясында жаңа өндірістерді іске қосу елеулі түрде септігін тигізді деп ойлаймыз. Сондай-ақ оған мемлекеттің отандық өндірушілерді экспорттық қолдау құралдарымен кең қамтуы да ықпал етті. Нәтижесінде дайын өнім экспорты 2016 жылы 14%-ға ұлғайып, 2,7 млрд доллар болады деп күтіліп отыр", – деді Мейіржан Майкенов.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстанның шетелге сататын экспорт тауарлары номинациясы 969-ға дейін артыпты. "Мысал үшін айталық, сонау 2008 жылы біз шамамен 880 тауар түрін экспорттағанбыз", – дейді "KazNex Invest" басқарма төрағасының орынбасары.

Жалпы, отандық өнімді жаһандық нарықта ілгерілетуге жауапты құрылымдардың іс-қимылы мен әрекетіне көңілтолмастық та артып келеді. Елбасының өзі мұндай міндет жүктелген тұлғалар Астанада отырып алмай, шетелде жүруге тиістігін нықтағаны есте.

Жақында осы ойды сенатор Мұрат Бақтиярұлы өрбітті. Ол биылғы қыркүйекте Ресейде өткен Мемлекеттік дума сайлауына байқаушы болып қатысқан екен. "Елбасының бастамасымен ЕурАзЭО құрылды, осының арқасында ел алдынан 160 млн-дық үлкен нарық ашылды дейміз. Бірақ біздің экспорттың содан бері құлдырауына не себеп? Мен жақында солтүстік көршіміздің Новосібір қаласында болып қайттым. Новосібір – халқының саны жөнінен Мәскеу мен Петербордан кейінгі үшінші ірі өңір. Беларусьтің сыртқы істер министрлігінің бір өкілі сол қалада тұрақты түрде жұмыс істейді екен, міндеті – беларусь тауарларының таралуына ықпал ету. Осы ірі қала дүкендерінің сөрелерінде беларусь тауарларынан көз сүрінеді. Керісінше Қазақстанда өндірілген тауарды таппадым!", – деп бас шайқайды сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

"KazNex Invest" басшылығы бір жайды мойындайды: Мейіржан Майкенов биылғы жылы Қазақстанның жалпы экспорты 35 млрд долларға жетеді деп отырғанын, сөйтіп экспортымыздың көрсеткіші өткен жылғыдан тағы 24%-ға немесе 11 млрд долларға құлдырайтынын айтты.

Оның айтуынша, өткен жылғыдай, негізінен шикізаттық тауарлар төмендейді.

"Бұған негізгі экспортымыз – мұнай-газ бағаларының құлдырауы негіз болды. Өкінішке қарай, біздің экономика мұнай, газ және басқа да шикізаттың әлемдік нарықтағы бағасына тәуелді", – дейді Мейіржан Майкенов.

Ол қазір Қазақстан әлемнің ірі 50 экспорттаушы елінің тізіміне кіретінін айтты. Сондай-ақ "KazNex Invest" басшылығының өкілі Еуразиялық экономикалық одақ сауданы оңтайландыруға үлкен мүмкіндік бергенін айтады.

Бірақ бұл ойды бизнесмендер көп қостай қоймайды екен.

Қазақстан автобизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев ЕАЭО нарығының негізін құрайтын Ресейдің автонарығына шығуға шектеу барын жасырмады. Солтүстік алпауыт көршіміз біздің көлік бөлшектерінің жартысынан көбі шетелде шығарылатындықтан, оны отандық өнім деп санамай, оған жеңілдіктерді қолданбауды, керісінше үлкен салық салуды ұсынып отыр. Андрей Лаврентьев бұл талаптың отандық автоөнеркәсіпті құртып тынатынын мәлімрді. Өйткені аты қазақ болғанымен, заты тегіс дерлік – шетелдік: тек Қазақстанға әкеліп, "отверткамен" бұрап, құрастыра салады.

"Біз Мәскеуде бірыңғай емес, тек ортақ ереже бойынша келістік. Өйткені қазақ автоқұрастырушылар өндіріске жаңа ғана кірісіп отыр. Автоөнеркәсіп бізде енді-енді ғана дамып келеді. Сондықтан біз осы іспен бұрынғы заманнан бері айналысып келе жатқан Ресеймен бірдей талапқа төзе алмаймыз. Сол себепті біз бұл саланы ЕурАзЭО аясындағы реттеуден тыс шығаруға қол жеткіздік. Нәтижесінде, Қазақстан автокөлігі Ресей нарығына саудаға шығарылуы үшін "локализация", яғни жергілікті мазмұны жөнінен талап 30% болып белгіленді. Отандық бірталай автозауыт қазірдің өзінде талапқа сай, бұл 2020 жылға дейін созылады", – деді Андрей Лаврентьев.

Алайда Ресейдің залалсыздандыру салығын (утилизациялық алым) енгізуінің кесірінен отандық автозауыттар өз көлігімен солтүстік көршіміздің үлкен нарығына еркін шыға алмай отыр.

Ал Ресей автоөнімі қазақ нарығындағы экспансиясын табысты жалғастырып келеді. Дәлірек айтсақ, Қазақстан автобизнесі қауымдастығының статистикасы бойынша, биылғы 11 айда елде 41 059 көлік сатылған. Бірінші орынды Toyota иеленсе (7 821 көлік), одан кейінгі тұғырға ресейлік Lada шықты. Жыл басынан бері қазақ азаматы Lada маркалы 7301 автокөлік сатып алған екен. Мұның сыртында отандастарымызға кеңес кезінен белгілі "Урал" маркасы биыл өз автокөлігінің Қазақстандағы саудасын өткен жылғыдан 155%-ға, "Kамаз" - 131,9%-ға арттырып отыр.

Қазақстан Ресейдің теміржол вагондарына қол жеткізе алмауы кесірінен, бидай егістігін қысқартуға мәжбүр болып отыр екен. Үкіметтің мұндай жоспарын ABCTV порталы таяуда жариялаған болатын (қараңыз: "Ас атасына" қарсы неге майдан ашылды?").

Өткен аптада үкімет қабылдаған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бидай алқаптарының ауданы бірден 2,3 млн га-ға қысқартылмақ. Нақты айтқанда, егер биыл бидай 12,4 млн га-ға егілсе, 2021 жылы бұл алқап 10,1 млн га-ға дейін кемиді.

"Нарықта барлығы сұраныс пен ұсынысқа тәуелді болып келеді. Егер сұраныс болса, баға өседі, ұсыныс аз болса, онда да баға өседі. Өкінішке қарай, біздің бидайдың бағасы тіпті де халықаралық нарықтағы бағаға немесе Қазақстандағы егіннің шығымдылығына байланысты емес. Бұл естіген құлаққа ерсілеу көрінуі мүмкін: бірақ тәуелсіз Қазақстан бидайының бағасы Ресейдегі егін ору нәтижесіне тәуелді! Егер Ресейде егін шықпай, орташадан төмен болып, шамамен 70-80 млн тонна ғана орса, онда олар шекарасын ашады да, біз олардың вагонына қол жеткізіп, Қара теңізге дейін тасимыз. Бұл жағдайда біздің бидайдың бағасы өседі. Ал оларда егіннің шығымдылығы жақсы болса, яғни шамамен 90 млн-нан асса, барлық шекара тарс жабылады, олардың теңіз порттарынан бізді өткізбейді, вагондарын бермейді!", – деп журналистерге мұңын шақты "Атамекен" палатасының аграрлық компетенциялар орталығының директоры Төлеутай Рақымбеков.

Енді биыл Ресей қырманда соңғы 38 жылда болмаған рекордтық өнім жинады. "Біздің ел 2016 жылы дәнді дақылдар бойынша соңғы 38 жылдағы рекордтық өнім алып отыр. Өткен жылы қырманнан қоймаларға 104,8 млн тонна бидай құйылса, биыл да бұл көрсеткіш 117 млн-ға жетті. Бұл – өте жақсы нәтиже. Өйткені Ресей тек 1978 жылы ғана 127 млн тонна бидай жиған болатын. Біз былтыр 33,9 млн тонна астықты әлем нарығына саттық. Осылайша, РФ әлемдегі ең ірі экспорттаушыға айналды! Біз бұл рекордтарымызды әрі қарай жақсарта беруге дайынбыз!", – деді жақында Ресей ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачев.

Мұны Төлеутай Рақымбеков растады. "Ресей төл бидай өндірісінің көлемін 120-130 млн-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бірақ бұл елдің теміржолының және теңіз айлақтарының өткізу қабілеті артқан жоқ. Бұл жағдайда бізге не қалады? Ресейдегі жағдай қандай болады деп күтіп отыра береміз бе?! Қазақстан шамамен 8 млн тонна бидай тұтынады. Және бұған өндірістік бидай, азық-жем, фураждық бидай және тұқымдық материал кіреді. Шамамен 4-5 млн тоннаны Орта Азия елдеріне – Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ауғанстанға экспорттаймыз. Жалпы қорытындысында 12-13 млн тонна ғана шығады", – дейді Төлеутай Рақымбеков.

Сондықтан, - деп атап көрсетті ол, - Қазақстан бидай егістігі алқабының көлемін қысқартуға және оның орнында мал азығына пайдаланылатын өзге дәнді дақылдарды және көпжылдық шөп түрлерін өсіруге мәжбүр.

Журналистер Төлеутай Рақымбековтен Қытайдың алып нарығы жайын сұрастырды. Шың елі талай ғасыр бойы күрішті "ас атасы" санап келді. Алайда жаһандануға тартылғалы қытайлықтар да, әсіресе, қаладағылары нанды және нан өнімдерін көп жей бастады. Ендеше шығыстағы 1,5 млрд-тай тұтынушысын тапса, қазақтың "мұртын балта шаба" ма?!

Осы мақсатта үкіметті басқарған кезінде Кәрім Мәсімов ҚХР-ға бірнеше рет сапарлағаны мәлім.

"Барлығы Қытай туралы айтады. Әрине, халық тұрмысының жақсаруына байланысты Қытайда тамақтану мәдениеті де өзгеріп отыр. Олар етті, көкөністі және нанды көбірек тұтына бастады. Егер әрбір қытайлық күніне, ең құрығанда, бір тілім нан жесе, ҚХР-ға жыл сайын 20 млн тонна бидай қажет болады. Ал бұл – біздің бүкіл егініміз! Бұл мүмкіндікті неге пайдаланбаймыз? Осыдан 13 жыл бұрын Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенде қабылдаған міндеттемелер Қытайдың аяқ-қолын байлап отыр. Сонда Қытай өз тоқыма өнімін өткізу үшін АҚШ пен Еуропа шекараларын ашуын табанды түрде талап етті. Оған айырбас ретінде АҚШ, Аргентина және Аустралия өз бидайына, соясына және басқа да егін шаруашылығы өнімдеріне Қытай нарығын ашуды талап етті. Сөйтіп, нанға деген өз сұранысын солар арқылы өтеп отыр", – дейді "Атамекен" КҰП өкілі Төлеутай Рақымбеков.

Рас, 28 желтоқсан күні Солтүстік Қазақстанға келген қытайлық Шаньси өлкесі Сиань қаласының делегациясы еліміздің осы өңірінен сүт, жұмыртқа және ет импорттауға дайын екенін білдіріпті. Бірден айтуымыз керек, Қытай қазақ өсірген өнімді алуға құлық танытып отырған жоқ. Олар өздері сатып алатын өнімнің өсу үдерісін, жалпы шаруашылықты өздері бақылауды көздейді. Сондықтан қазақ жерінде өз шаруашылықтарын ашуға кірісіпті.

Желтоқсанның басында Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында ханзу елінің "Айцзю" компаниясы май дақылдарын өңдейтін зауытты іске қосты. "Тайынша-Май" аталған бұл кәсіпорынның бар өнімі отандық дүкенге түспейді екен, соңғы тамшысына дейін Қытайға әкетіледі.

"Біздің облыс жыл сайын 500 мың тоннадай сүт, 90 мың тоннадай ет және 600 млн дана жұмыртқа өндіреді. Біздің өнім органикалық, экологиялық таза. Қазір Қазақстан мен ҚХР үкіметтері арасында біздің өнімдерді Қытайға экспорттау жөніндегі келіссөз жалғасып отыр", – дейді СҚО әкімі Ерік Сұлтанов.

Ал Сиань қаласының Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиынының тұрақты комитетінің басшысы Чэнь Баогэнь Қазақстанның солтүстік өңірлерінің әлеуеті зор, жері бай екеніне назар аудара келе, қытайлық инвестор республикадағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, Қытайға экспорттауға дайын екенін мәлімдеді.

Жалпы, әлгі аталған "Тайынша-Май" кәсіпорны жылына 120 мың тонна өсімдік майын шығарады. Болашақта өндіріс көлемін 300 мың тоннаға жеткізбек. "Тайынша-Майдың" құрылтайшысы – Цзя Хэи.

"Біз өндірілген бүкіл өнімді Қытайға экспорттаймыз. Осы мақсатта экспорттау жөніндегі келісімшарт бекітілген. Біздің серіктесіміздің айтарлықтай кең сауда желісі бар: оның дүкендерінің жалпы саны мыңнан асады. Бұл "Қазақстанда жасалған" өніміміздің қытайлық нарықта кепілдендірілген, табысты ілгерілеуін қамтамасыз етеді. Компания өңдеу саласында ортақ брендпен барлығы 8 жобаны салуды жоспарлап отыр", – дейді "Тайынша-Май" ЖШС акционері Сәкен Мұхамедиев.

Сондай-ақ ашық дереккөзге жүгінсек, қазақ жерінде өз бетінше егін салып, мал өсіріп, одан алынған өнімді өз еліне және шетелге тасуға араб елдері, бірқатар Еуропа мемлекеті, тіпті Беларусь қызығып отыр. Үкімет оларға бұл ниеттерін отандық инвесторлармен бірлескен кәсіпорын құру арқылы жүзеге асыруды ұсынады. Бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеріміз жатжұрттың иелігінде басыбайлы кетпеуі үшін қажет.

Ресейдің "Высшая школа экономики" ұлттық зерттеу университетінің Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің профессоры Алексей Портанский ЕурАзЭО аясындағы кейбір түсініспеушіліктің бір себебін Қазақстан мен Ресейдің бәсекелес екендігімен түсіндіреді.

"Қазіргіге қарағанда анағұрлым жайлы 2013 жылдың өзінде Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағынан Астананың ұтылғанын айтқаны есте. Қазір де Қазақстан тауарын, дәлірек айтқанда, ет және ет өнімдерін және басқасын Ресей нарығына шығаруға қиындық бар, Ресейдің электр энергиясы нарығына еркін жол жоқ. Әйтпесе, өндіретін қуаты өзінен артылып қалатын Қазақстан онысын солтүстік көршісіне сатып, пайда табар еді. Ресей аумағы арқылы әлемдік нарыққа транзитті өрістету мүмкіндігі де шектеліп отыр. "Жаңа Жібек жолы" атты қытайлық мегажоба жөнінен де екі ел арасында келіспеушілік бар. Өйткені бұл тарапта Ресей де, Қазақстан да қытайлық инвестиция үшін бәсекелесуге мәжбүр. Әзірге Қытай Ресейге қарағанда, Қазақстанға көп инвестиция құйып отыр", – дейді Алексей Портанский.

Қалай болғанда, "сырт көз – сыншы" дейді дана қазақ. Ресейлік сарапшының байламымен келісу-келіспеу, құлақ қою-қоймау өз еркімізде. Тек үкімет, жауапты құрылымдар барға малданып, мәз болмай, болашақтағы игіліктен айрылып қалмаса екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу