Қазақстан әлемнің әр түкпірінен жүздеген мың элиталық мал әкеле бастайды

1165

Қазақтың кең даласына "киберпанк-сиыр" қоныстанады: бұзау үстіндегі салпыншақ "гаджеттер" саны хипстердікінен де асып түсер.  

Қазақстан әлемнің әр түкпірінен жүздеген мың элиталық мал әкеле бастайды Фото: canva

Қазақстандық сиыр еті 15 000 теңгелік психологиялық асуды бағындыруға әзір. Бұл баға бәйгесінің артында тек нарық заңдары ғана емес, ықпалды топтар мен нақты экономикалық мүдделер де тұр. Өйткені қымбатшылық нәтижесінде республикадағы ет бағытындағы мал шаруашылығы табысы көл-көсір секторға айналып, ірі инвестицияларды магниттей тартуда.  

Қаржы асау өзендей ағылған салаға мемлекет те назар аударып, капитал ағынын әртүрлі құралдар арқылы қолдауға кірісті. Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын бекітті.

Табалдырық алдындағы тайталас

Салаға арналған алдыңғы бағдарламалар саланың бағын да, әлеуетін де толық аша алмады. Себептердің бірі – шағын фермерлерге жеткілікті назар аударылмады. Ал, шынында мал өсірудің іргетасы – дәл осы шағын отбасылық шаруашылықтар.

"Біздің қауымдастық Кешенді жоспарды әзірлеуге қатысты. Дегенмен, даулы тұстар бар. Мысалы, біз 100 бас ірі қарадан көп мал өсіретін фермаларды көптеп құру үшін жеңілдетілген несие беруді ұсындық. Алайда жобада төменгі шек 300 бас болып белгіленген. Қауымдастық бұл "кіру табалдырығын" төмендетуге күш салады. Әлемдік және қазақстандық тәжірибе көрсеткендей, малының саны 100-ден басталатын ферманың өзі тұрақты әрі рентабелді бола алады", – деді журналистерге сұхбатында Turan мал өсірушілер қауымдастығының жетекшісі Жәнібек Кенжебаев.

Жеңілдетілген несиелеудің төменгі шегін 300 бас мал деңгейінде белгілеу фермерлердің ең көп әрі ең белсенді қабатын сыртта тебеді. 100 бас малы бар шаруашылықтарды елемеу оларды "жанбағыс" деңгейінде бұғаттап, тиімді тауарлық өндіріс деңгейіне дейін көтерілуіне мүмкіндік қалдырмайдыы.

Сарапшы ірі сиыр етін өндіруші үш елді – Бразилия, АҚШ және Австралияны мысалға келтірді. Бұл мемлекеттерде ірі қараның шамамен 70%-ы 100–300 сиырды бағатын шағын фермаларға тиесілі.

Қазақстанда көрініс басқаша: мал басының жартысына жуығы ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарында. Әрқайсысында небәрі 5–10 сиыр. Қағаз жүзінде – мал шаруашылығы, шын мәнінде – жанбағыстың амалы. Мұндай табын етті тиімді өндіруге жеткіліксіз.

Ауылдағы мал көбіне туыстық шағылысуға, инбридингке ұшырайды, қоректі азықтанбайды, ауыл маңында жайылып, айналасын тақыр қылады. Салдарынан ондай сиыр ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарын қызықтыратын қоң мен салмақ жинай алмайды.

Сондықтан ауылда мал ұстайтын ағайынның – шенеуніктер тілінде "жеке қосалқы шаруашылықтың" еті негізінен ішкі нарық пен базарға арналған өнім. Олар "ғылыми селекция – ферма – бордақылау алаңы – ет комбинаты" өндірістік тізбегіне кірікпеген. Ал, дәл осы тізбектің түпкі мақсаты – сиыр етін экспорттау.

Turan мал өсірушілер қауымдастығының ұсынысына сәйкес, экспортқа жұмыс істейтін осы экожүйеде бағаны арзан ет іздеген жергілікті тұтынушылар емес, тек шетел нарығындағы сұраныс және тізбекке қатысушылардың инвестициялары айқындауға тиіс.

"Егер сыртқы нарықта қазақстандық сиыр етінің келісі 10 мың немесе 15 мың теңгеге бағаланса, бұл Қазақстандағы ішкі бағаның да автоматты түрде сол деңгейге дейін қымбаттайтынын білдірмейді. Өйткені ішкі нарықты жеке қосалқы шаруашылықтар, шағын фермерлер етпен қамтамасыз етеді: олардың өзіндік құны мен баға қисыны басқаша", – дейді ұйым басшысы.

Алайда сала "элиталық экспорт" пен "әлеуметтік базар" болып екіге жарылып қала берсе, инфляциялық қысым күшеюі мүмкін.

Жоспарда тағы не бар?

Кешенді жоспардың кіріспесінде авторлар елде 27 млн гектар жердің тозғанын мойындайды, көбі – елді мекендердің айналасы. Қазақстандағы жайылым жердің жалпы көлемі – 23,5 млн гектар ғана, яғни, тозған жайлаудан 3,5 млн гектарға аз.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, Кешенді жоспар аясында шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға және жайылым инфрақұрылымын қалыптастыруға 2026 жылға 50 млрд теңге көлемінде, жылдық 6% ставкамен бірыңғай жеңілдетілген несие ұсынылады.

Сонымен қатар мал азығын дайындайтын техника мен жабдық сатып алуға 5%-дық жеңілдетілген қаржыландыруды енгізу жоспарланып отыр. Оған бюджетте әзір қаржы жоқ: қажеттілік – 50 млрд теңге.

Саланы кадрмен қамту және мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдай жасау шаралары көзделген. Бақташылар мен шопандарға 55 жасқа толған соң арнайы әлеуметтік төлем төлеу (бұл ерте зейнеткерлікке шығумен тең), ауылда мамандарға арнап тұрғын үй салуды қолдау және өзге де бастамалар бар.

Кешенді жоспарды іске асыру 2030 жылға қарай ірі қара санын қазіргі 7,9 миллионан 2030 жылы 12 млн басқа, ұсақ малды 20,2 миллионан 28 млн басқа дейін арттыруды көздейді. Ет өндірісі 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін өсіп, экспорт көлемі 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін екі есеге ұлғаяды деп жоспарланған.

Әрине, мақсат өршіл. Дегенмен тарих бұл сандарға сақтықпен қарауға үйретеді. Алдыңғы "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған жобасы" жарға жығылды:  іс жүзінде АҚШ, Австралия, Канада, Еуропа және Ресейден мал импорттаумен шектелді. Тұрақты өндірістік тізбек құрылмады.

Жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлер жүйенің толыққанды буынына айналмады. Бордақылау алаңдары оқшау дамып, мемлекеттік қолдау негізінен соларға бағытталды.

Салдарынан қосылған құны жоғары етті жаһанға экспорттау орнына шетелден тасылған асыл тұқымды малды субсидия алынған соң, тірілей күйде Өзбекстанға төмен бағамен жаппай өткізу белең алды.

Жергілікті ет комбинаттарына шикізат жетіспеді, қайта өңдеу сегменті қолдау көрмеді. Сала толыққанды жүйеге айнала алмады.

Енді міне, Үкімет ұқсас жаңа бағдарламаға бой ұрды. Тағы да негізгі тірегі – асыл тұқымды малды импорттау. Тағы да бюджеттен қомақты шығындар әлдеқайда жол тартады. Тағы да нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізбеу қаупі туындайды. Өйткені Кешенді жоспарда нақты жауап беретін жалғыз мекеме жоқ. Сен салар да мен салар...

2026 жылға республикалық бюджеттен мал сатып алуды несиелеуге және жайылым инфрақұрылымын дамытуға 350 млрд теңге қарастырылады. Келесі төрт жылда тағы 1,4 трлн теңге, жыл сайын 350 млрд теңгеден бөлу көзделіп отыр.

Малдың жаһандық "мобилизациясы"

Бағдарлама аясында фермерлерге отандық және импорттық мал сатып алуға 5%-дық жеңілдетілген несие беріледі. Жыл сайын 110 мың бас сатып алу жоспарланған: 50 мыңы – отандық, 60 мыңы – импорттық болуға тиіс.

Қазақстан мал өсірушілер одағы басшысы Даурен Салықов әлемдік базардан қолжетімді бағаға сонша малдың табыларына күмәнданады.

"Қолжетімді бағамен 60 мың асыл тұқымды аналық мал табу – оңай шаруа емес. Ресей биыл ең әрі кетсе, 20 мың бас, Беларусь – 3 мың, Еуропа – шамамен 12 мың бас ұсына алады. Бірақ бұл – әлемдік нарыққа шығарылатын жалпы көлем. Оның бәрін жалғыз Қазақстанға береді деген кепілдік жоқ. Әрқайсысының өз клиенті бар. Қатты тырысқанның өзінде осы көлемнің жартысына қол жеткізу мүмкін болады. Бірақ ол үшін жоғарылау баға ұсыну керек", – деді сарапшы.

Қалған малды қайдан аламыз? АҚШ пен Канада сұрайтын бағаны Қазақстанның қалтасы көтермейді: бір қашар оларда шамамен 5000 доллар тұрады. Бұған тасымалдау және карантин шығындары қосылады. Австралияның бағасы оңтайлырақ көрінеді – бір басқа шамамен 3000 доллар. Балама жеткізушілер ретінде Уругвай, Аргентина және Бразилия қарастырылуда.

Өз асылымыз өгей ме?

Алайда отандық мықты селекциялық базаны қалыптастырмайынша, Қазақстанның тағы да шетелдік фермерлердің "демеушісіне", жатжұрттың "тіленшісіне" айналу қаупі бар.

"Шенеуніктер бұрынғы бағдарлама арқасында асыл тұқымды репродукторлар желісі құрылғанын мақтана айтып жүр. Онда отандық асыл тұқымды орталықтарға тапсырыс берсін! Олардың малы біздің климатқа, жем-шөпке бейімделді, әрі жергілікті жануар дерттеріне төзімді. Репродуктор жоқ емес, бар: етті асыл малды ұсына алады. Ең бастысы – елге жаңа "жат" аурулар әкелмейді. Бірақ фермерлердің бұл ұсынысын Үкімет елемейді. Әлдекімдер осы арқылы шетелден мал жеткізетін компаниялардың лоббиін жүргізіп отырғандай", – дейді "ElDala" аграрлық порталының басшысы Сергей Буянов.

Өйткені өткен бағдарлама аясында ең қомақты әрі жылдам табыс тапқандар да дәл солар болыпты: шетелден мал сатып алып, оны жеткізіп, фермерлерге өткізіп, делдалдық комиссиясын алу – тәуекелі аз, пайдасы мол бизнес. Ал, сол малдың Қазақстанда жерсінуіне, карантиннен аман өтуіне, жалпы, кейінгі тағдыры қандай боларына бас қатырған жоқ. Бұл ауыртпалықты сатып алушы фермер арқалады.

Сарапшы 50 мың баспен шектемей, шетелден мал тасуға мүлдем тыйым салып, оның орнына Әулиекөл, Qazaq Aqbas және басқа да қазақстандық селекция тұқымдарын субсидиялауды ұсынады. Қазақтың төл асыл тұқымды төрт түлігін және отандық репродукторларды дамыту әлдеқайда саналы, ұтымды қадам болар еді. Бұл жағдайда қаражат отандық мал шаруашылығын дамытуға жұмсалады. Импорт кезінде біз, керісінше бәсекелестеріміздің, мысалы РФ-тің мал өсірушілерін қолдаймыз.

Әзірге сала сарапшыларының бұл тілегі жете ескерілді деу қиын. Есесіне бюджет есебінен шетелден мал әкелгендерге – әрбір басына субсидия төленеді: 2025 жылдың соңында демеуқаржы көлемі ұлғайтылды, ет және ет-сүт бағытындағы аналық ірі қараны импорттау кезінде әр басқа 390 мыңнан 525 мың теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы төленеді. Ал, отандық малға берілетін субсидия – небары 260 мың теңге. Бұл өз өніміңді өгейсіту емей немене?

Сиыр баққан дрон-бақташы

Кешенді жоспарда жаңа технологияны енгізу жөнінде де ұсыныстар бар. Оның қатарында малды цифрлық есепке алу мен қадағалауды қамтамасыз ету, ол үшін малға цифрлық чип орнатылған сырғалар мен мойынбауларды тағу қарастырылған. "Киберпанк-сиыр" деп отырғаны осы. Алайда мұндай жобаларға бюджеттен қаржы көзделмеген – бәрі бизнестің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуға тиіс.

Сондай-ақ малды бақылау үшін дрондарды пайдалану және табынды басқару мен болжам жасау мақсатында жасанды интеллектіні қолдану ұсынылады. Ірі шаруашылықтардың кейбірі үлгі болу үшін жекелеген пилоттық жобаны іске асыруы мүмкін.

Алайда Ұлттық статбюро дерегінше, Қазақстанда ірі қара мал басының басым бөлігі – 45%-ы қорасында мал ұстайтын ауылдықтарда және шағын фермаларда шоғырланған. Оларда мұндай технологияларды енгізуге қаражат та, білікті мамандар да жоқ. Сондай-ақ ауыл маңында жайылатын жиырма шақты сиырды басқару үшін ЖИ пен дронды қолдану – ақылға сыймас шаруа.

Ал, әзірге Қазақстанда ет бағасы Еуропа мен Таяу Шығыстың кейбір елдерінен де асып түсті. Global Product Price порталының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда еліміз сиыр еті бағасының қымбаттығы бойынша 76 мемлекеттің ішінде 42-орынға шықты.

Қазақстанда сиыр еті Еуропаның, Азияның және Таяу Шығыстың бірқатар елінен қымбат. БАӘ-де сиыр етінің бір келісі 12,5 доллар тұрады, Қазақстандағыдан 17% арзан. Соған қарамастан, Қазақстан БАӘ мен Үндістанға ет экспортын жолға қоюды жоспарлап отыр.

Осының аясында "Бәйтерек" холдингінің басшысы Рустам Қарағойшиннің әпенді мәлімдемесі қоғамда резонанс тудырды: "Қазақстанда еттің бағасы шынында өте арзан. Әлемдегі ет бағасына қарасаңыз, ең арзаны – Африка құрлығында, шамамен 47 цент. Бізде одан да арзан!" – деп салды "Бәйтеректің" басқарма төрағасы.

Бұл – шындықтан тым алыс, әпенділікке толы сөз болса керек. 0,47 доллар – шамамен 230 теңге. Әрине, кез келген қазақстандық етті 230 теңгеден сатып алса, бөрігін аспанға атып қуанар еді. Алайда Қазақстанда мұндай баға қашан болғанын еске түсірудің өзі қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу