Қазақстан 2026–2027 жылдары жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл еліміз күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдайды, ал 2027 жылы Астанада үстел теннисі, дзюдо, бокс, таеквондо, киберспорт және шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары ұйымдастырылады.
2027 жылғы жарыстардың күнтізбесіне сәйкес, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 28–31 қаңтарда, бокстан әлем чемпионаты 10–26 сәуірде, үстел теннисінен 22–30 мамырда, дзюдодан 1–14 маусымда, ал таеквондодан 7–13 шілдеде өтеді. Киберспорттан әлем чемпионатының мерзімі кейінірек жарияланады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болып отыр. Бұл Қазақстанның спорт инфрақұрылымы мен халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, әлем чемпионаттары отандық спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, туризмнің, қызмет көрсету саласының және елдің халықаралық имиджінің нығаюына да оң әсер етеді.