Қазақстан 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын алғаш рет қабылдайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Беделді халықаралық жарыс 9-14 ақпан аралығында Астанада өтеді.
Чемпионатқа Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Мұхит аралдары елдерінің үздік спортшылары қатысып, маусымның маңызды додаларының бірінде бақ сынайды.
Алдағы турнир Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан өтетін ең ірі халықаралық жарыс болмақ. Бұған дейін елімізде 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы қысқы Универсиада аясында бұл спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылғанымен, дәл осындай деңгейдегі чемпионат алғаш рет өткізілмек.
Халықаралық конькишілер одағының (ISU) президенті Чжэ Ёль Ким Қазақстанда мұндай жарыстың өтуі Орталық Азия жанкүйерлері үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
"Біз мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын алғаш рет Қазақстанда өткізетінімізге қуаныштымыз. Бұл – Орталық Азия жанкүйерлері үшін әлемдік деңгейдегі жарысты тамашалап, өз кумирлерінің өнерін жақыннан көруге берілген тамаша мүмкіндік. Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді. Астана спортшылар, жанкүйерлер және барлық қатысушы үшін жоғары деңгейдегі алаң болатынына сенімдіміз", – деді Чжэ Ёль Ким.
Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасындағы жаңа маусым Францияның Анже қаласында 23-25 қазан аралығында өтетін Гран-при кезеңімен басталады.