Қазақстан астығына сұраныс арта ма?

4161

Украинадағы биылғы егістік көлемі шамамен 30 пайызға қысқармақ.    

Қазақстан астығына сұраныс арта ма?

Украинаның бірнеше өңірінде оқ пен оттың дүрілі ғана емес, көктемгі дала жұмыстарының дүбірі де естіле бастады. Бірақ елдің биылғы егістік көлемі 30 пайызға қысқармақ. Бұл Украина астығын тұтынып отырған елдерді әбігерге түсірмек. Украина Солтүстік Африканы, Қиыр Шығысты, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл дегеніміз – шамамен 100 млн адам. Демек әлемдегі ең ірі астық өндіруші ТОП-10 елдің қатарына кіретін Қазақстан үшін жаңа нарықтардың есігі ашылуы мүмкін. Өйткені...

Өйткені Украина елдегі жағдайға байланысты жоғары маржиналды дақылдардың (күнбағыс пен жүгерінің) алқаптарын азайтты. Есесіне азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан өндіруге оңай мәдени маңызы бар егіс алқаптарын (бұршақ, арпа және сұлы) көбейтуге ден қоюда. Қысқасы экспортқа бағдарланған дақылдардан бас тартып, ішкі нарық тұтынатын азық-түлік дақылдарына басымдық бермек.

Ресей мен Украина әлемде тұтынылатын дәнді дақылдардың 30 пайызын өндіріп отыр. Украинаны "әлемдегі астықтың сарқылмас қоры" дейтіні де сондықтан. Территориялық тұрғыдан алғанда бұл ел Ресейден 28 есе кіші болса да, әлемдегі бидайдың 16 пайызын, жүгерінің 12 пайызын беріп отыр. Шиеленіс басталған кезде Украина негізгі азық-түлік түрлерінің экспортына тыйым салды. Ресей де дәл осындай қадамға барды. Демек Украинадағы соғыс әлемдік азық-түлік дағдарысына алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл жағдай әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатып отыр.

"Украина астықсыз қалмайды. Былтырдан қалған қоры бар. Азық-түлік экспортына шектеу қойды. Есесіне, Украина астығына арқа сүйеп алған елдер тығырыққа тіреледі. Украина экспорттың жолын бітесе, әлемдік нарықтағы азық-түлік бағасы өседі, тапшылық орын алады. Бұл Еуропаға әсер ете қоймас. Дегенмен Азия, Африка және Қытай қиналады. Солтүстік Африка мен Түркия астықсыз, Азия мен Қытай жүгерісіз қалуы мүмкін", – дейді Dragon Capital-дың инвестициялық банкирі Сергей Фурса.

Украинаның егістік көлемі азайтқаны былай тұрсын, мұндағы көктемгі дала жұмыстарына жұмыс күші жетіспей жатыр. Елдегі еңбекке жарамды адамның барлығы дерлік қолына қару асынып, Отанын қорғауда. Астық өнімділігіне бұл да белгілі бір деңгейде кері әсер етеді. Өйткені дала жұмыстары ойдағыдай жүргізілмеуі мүмкін. Мұны БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы да растады.

Халықаралық астық кеңесі наурыз айындағы шолуда Ресей-Украина қақтығысын әлемдік нарықтың негізгі тұрақсыздандырушы факторы ретінде атап өтті. Өйткені екі ел де астық, майлы дақылдар экспорты бойынша әлемдегі көшбасшы саналады.

Ресей мен Украина астық экспортын шектесе, өнімділік төмендесе, әлемдегі жағдайды қалай реттеуге болады? Екі елдің орнын кімдер толтыра алады? Қазір әлемдік қауымдастықты осы сұрақтар мазалап отыр. Халықаралық астық кеңесі Үндістан, Еуроодақ, АҚШ, Бразилия сияқты елдер экспортты арттырған күннің өзінде Қара теңіз аймағындағы жеткізілімдердің төмендеуін ішінара ғана өтей алатынын хабарлады. Қазақстанға жаңа мүмкіндік туып тұр деуіміздің төркіні осында жатыр.

Қазақстан былтыр 15,6 млн тонна астық өндірді. Бұл кейінгі жылдардағы ең төменгі көрсеткіш. Біздің республика 7,8 млн тонна астық экспорттауға әзір. Бұл да төмен нәтиже. Аталған көрсеткішті арттыруға болады. Өйткені Қазақстанның ішкі нарығындағы тұтыну көлемі 2,7 млн тоннаға тең. Сонда біздің ел 12 млн тоннаға жуық көлемдегі өнімді экспорттауға қауқарлы.

Былтыр Ауғанстандағы жағдай шиеленіскенде Қазақстанның астық экспорттаушылары дәстүрлі нарықтан айырылып қаламыз деп алаңдап еді. Ал жаңа нарықтарды табу қиын. Тапқан күннің өзінде бәсекелестікке шыдас беріп, нарықтан орын алуы керек. Бұл айтуға ғана оңай. Енді, міне, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Қазақстан секілді жаңа нарықтарға шыққысы келетін елдерге мүмкіндік ұсынып отыр. "Дағдарыс – қиындық емес, мүмкіндік" деген осы.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу