Қазақстан Азия ойындарын жалпыкомандалық есепте 8-орынмен аяқтады

162

Қазақстан құрамасы Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында 84 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 46 елдің арасында 8-орынға тұрақтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Азия ойындарын жалпыкомандалық есепте 8-орынмен аяқтады Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль түсті. Осылайша, Қазақстан 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарындағы нәтижесін жақсартты. Ол кезде құрама 11-орын алған болатын.

Биыл қазақстандық спортшылар бірқатар олимпиадалық спорт түрінен ел тарихындағы алғашқы жетістіктерге қол жеткізді.

Бокстан Төрехан Сабырхан мен ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай Азия ойындарының чемпионы атанды. Қазақстандық боксшылар Азиада алтынын 12 жылдық үзілістен кейін қайта жеңіп алды. Соңғы рет ұлттық құрама 2014 жылы чемпион болған еді.

Сапымен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Азиада тарихындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Финалда қазақстандықтар Корея Республикасын 43:42 есебімен жеңді.

Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы қос ескекті қайық жарысында жеңіске жетіп, Қазақстанға осы спорт түрінен Азиададағы алғашқы алтынды сыйлады.

Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта чемпион атанып, Қазақстан тарихында осы спорт түрінен Азиада алтынын жеңіп алған алғашқы спортшы болды.

Велоспортта Алексей Луценко Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізді. Ал Рината Сұлтанова әйелдер арасындағы жекелей жарыста жеңіске жетіп, Қазақстан әйелдер велоспорты тарихындағы алғашқы Азиада алтынына ие болды.

Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева алтын медаль жеңіп алды. Берульцева үшін бұл Азия ойындарындағы екінші чемпиондық атақ болды.

Аралас жекпе-жек Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп, Қазақстан спортшылары бұл жарыста да жүлдеге ие болды. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль алды.

Дзюдодан Қазақстан құрамасы жекелей сында төрт рет финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, Қазақстан аралас командалық жарыста да күміс медаль жеңіп алды.

Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, Қазақстан бұл бағдарлама бойынша 32 жылдан кейін Азия ойындарының жүлдесіне қайта қол жеткізді.

Еркін күрестен қазақстандық балуандар үш қола медаль жеңіп алды. Әйелдер күресінен бір күміс және екі қола медаль еншіленді.

Азия ойындары қарсаңында спорт федерациялары ұлттық құрамалардың нәтижесіне қатысты міндеттемелер қойған болатын. Енді Азиада қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігі спорт түрлері бойынша көрсеткіштерге талдау жүргізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу