Қазақстан банктері тұрмыстық несиемен күн көріп отыр

Дүниежүзілік банк Қазақстанның дамыған отыздыққа кіретініне күмән келтірді. 

Қазақстан банктері тұрмыстық несиемен күн көріп отыр

Қазақстанға Өзбекстанмен бәсекелесу тиімсіз. Импортты шектеу ішкі өндірістің сапасын түсіреді. Қазақстан банктері бизнеске несие бергеннен гөрі, қарапайым халыққа қарыз таратқанды оңай көреді. Бұл экономикалық өсімді тежеп, инфляция қатерін арттырады. Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан экономикасына осындай баға беріп отыр.

Стратегиялық бастамалар орталығы мен Дүниежүзілік банк бірлесіп өткізген пікірталас алаңында  Қазақстан экономикасына қатысты өзге де құнды ойлар айтылды. Қазақстан экономикасының өсімін 4% деп бағалаған Дүниежүзілік банк елде тұтыну несиелерінің артқанына алаңдап отыр. Несие көлемі артқанмен, кепілдендірілмеген тұрмыстық қарыздың үлесі басым болып отыр. Ал бизнеске несие жетпей жатыр. Ал ішкі бизнесті банктердің орнына мемлекеттік компаниялар несиелендіріп отыр. Салдарынан екі институт арасында бәсеке пайда болған. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто елде онсыз да төленбей жатқан несиелердің көп екенін, тұтыну қарыздарының көбеюі  қаржылық секторға ауыр тиюі мүмкін екенін ескертті.

Экономиканың мұнайға тәуелділігін төмендету үшін Қазақстан үкіметіне тауар жеткізудің жаһандық тізбегіне ену шараларын жетілдіру қажет.

"Қазір әлем экономикасында жоғары сұранысқа ие өнімдерді нақты бір ел ғана өндіреді деп айтуға келмейді. Технологиясы дамыған Корея, Қытай, Жапония, Германия сияқты елдер  ең өтімді тауарлардың саудасынан үлес алу үшін жанталасады. Осы шеңберге Қазақстан да кіруге талпынуы керек", – дейді Жан-Франсуа Марто.

Ал банктің Қазақстан бойынша аға экономисі Самсу Рахарджа әуе қатынасындағы "Ашық аспан" саясатының жариялануы Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін туристердің санын арттырады деген болжам айтты.

"Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі ЖІӨ-нің 20%-ына шамалас. Бұл көптеген елмен салыстырғанда жақсы. Бірақ ресми деректерде фискалдық картина түгел көрініс таппаған. Нақты бағалау үшін сыртқы қарыздың өзге де компоненттері ашық болуға тиіс", – дейді сарапшы.

Ел бюджетінің әлеуметтік шығыны 2018 жылы жалпы ішкі өнімнің 4,4%-ына тең болса, 2019 жылы 5% болған. Жалпы экономикадағы өсімге осы өзгеріс көбірек әсер еткен. Салдарынан инфляциялық қысым күшейіп, азық-түлік бағасы 9,1% өскен. Егін маусымының жайсыз болуы ұн, нан сияқты дәнді дақылдардан алынатын өнімдердің бағасын көтеруі мүмкін деп отыр сарапшылар.

"Жалпы ел экономикасында өсім бар. 2019 жылы ол 4% деңгейінде болды. Ал 2020 жылы 3,7% болады деп ойлаймыз. Инфляция Ұлттық банктің бақылауында болады, дәлізден ауытқи қоймайды. Әлем экономикасының өсімі 2,7% болғанын ескерсек, бұл жаман емес. Бірақ осы қарқынмен 2050 жылы дамыған 30  елдің қатарына кіру мүмкін емес", – деді Самсу Рахарджа.

Дүниежүзілік банк Қазақстанның еурооблигациялар нарығына шығуын өткен жылы жасаған ең тиімді қадамдардың бірі ретінде бағалап отыр.

"Бұл инвесторлардың сенімін арттырып, Аstana халықаралық қаржы орталығын ілгерілету үшін жасалып отыр", – дейді сарапшы.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша жетекші экономисі Ивайло Изворски  Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының әділ бағаланбай отырғанын еске салды. Ол, сондай-ақ, Қазақстан үкіметінің халық тығыз қоныстанған өңірдің тұрғындарын өзге өңірлерге тарату тәжірибесін сипай қамшылап, сынға алды

"Оңтүстіктегі әлеует пайдаланылмай жатыр. Ондағы тығыз шоғырланған халықты  тарату дұрыс саясат емес. Агломерация дамыған жерде экономикалық өсім көздері пайда болады. Алысқа бармай-ақ, іргелеріңізге қараңыздар. Оны Өзбекстан мысалынан да көруге болады. Шикізаттық емес экспортты көтергілеріңіз келеді. Бірақ Еуразия экономикалық одақ аясында бұлай істеу сіздерге қиын болмақ. Сондықтан Қытай мен Өзбекстан нарығының әлеуетіне әділетті қарау керек. Өзбекстанмен ынтымақтастық экспорт мәселесінде көп көмектеседі. Doing Business рейтингінде Қазақстанның шекаралық сауда мен логистика көрсеткіштері төмен деп бағаланған. Осы тұстарды жетілдіру қажет. Экспорттық әлеует осы салаларда жатыр. Қызмет көрсету экспортының да табысы жоғары. Жеткізудің жаһандық тізбегіне енуге күш салуға тиіссіздер",– деді экономист.

Дүниежүзілік банк өкілдері Қазақстанның импортты алмастыру саясатын алысқа апармайтын алдамшы қадам деп бағалады. Самсу Рахарджа бұл істе Шығыс Азия елдерінің қателігінен сабақ алуды ұсынды.

"Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында Шығыс Азия елдері де импортты алмастыруға күш салған болатын. Бәрінің талпынысы сәтсіз аяқталды. Өйткені балама импорт болмаған жерде сапа әлсірейді. Бұл істе Кореядан үлгі алуға болады. Олар болат өндірісін көтеру үшін импортқа да орын берді, өздері де өндірді. Кореялық өндірушілер импортпен бәсекеге түсу арқылы сапаны көтерді. Импортты тежеу осы тәсілмен жүргенде ғана жеміс береді", – деді ол.

Бұл ойды әрі қарай өрбіткен Ивайло Изворски  18 млн адаммен импортқа тәуелсіз экономика құрамыз деу ақылға қонбайды деген пікір айтты.

"18 млн халықпен бүкіл қажет дүниені өзіміз өндіреміз деу ойға қонбайды. Бірден айтайын, бұл тығырыққа апаратын жол. Аргентина мен Бразилия да осы жолды таңдап, экономикаларын тұралатқан болатын. Экспортты арттыру үшін импортты тежеу деген қисынға сыймайды. Өйткені екеуінің бағыты екі бөлек. Сондықтан Қазақстан импортты қала тежеймін деген сұраққа бас ауыртпауы керек. Экспортты қалай арттыруды ойласа, өндіріс сапасы мен өнімділік өседі.Осының есебінен-ақ жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеті артады", – деді экономист.

 Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу