Қазақстан биатлоншылары алдыңғы ондыққа кіре алмады

1957

Словенияның Поклюка қалашығында биатлоннан Әлем кубогының екінші кезеңі өтіп жатыр. Ерлер арасындағы 4х7,5км эстафетада Қазақстан құрамасы 14-орынға тұрақтады.

Қазақстан биатлоншылары алдыңғы ондыққа кіре алмады

7 жарым шақырымдық жарыс жолына бірінші Ян Савицкий шығып, жап-жақсы өнер көрсетті. Ол 1,8 шақырымда 14-ші келді. Жатып ату кезінде барлық 5 оғын нысанаға дәл тигізіп, 6-орынға көтерілді. Алайда, тұрып ату кезінде екі оғы мүлт кетіп, қосымша екі оғын жұмсауға мәжбүр болды. Сөйтіп, 11-орынға түсіп қалды. Дегенмен, эстафетаны 11-ші болып табыстауының өзі тамаша көрсеткіш.

Бәрін құртқан Максим Браун десек болады. Ол екінші айналымға 11-ші болып шығып, жатып атуда мергендігімен көзге түсті. Барлық оғын дәл тигізді, бірақ жатып ату кезінде қолдары дірілдеп, бірнеше қосымша оғын жұмсады. Нәтижесінде бірнеше команда бізден ұзап кетті. Алдында 46 секундқа қалып келе жатып, мәреге жеткенше, арақашықтық 1 минуттан асып кетті.

Содан кейін қазақстандықтардың уақыт айырмасы ұзай берді. 3, 4-айналымда жарыс жолына шыққан Василий Подкорытов пен Антон Пантовтардың қарасы да көрінбеді.

Эстафетадағы негізгі бәсеке Франция, Ресей, Италия, Германия және Украина командалары арасында өтті. Француз Кантен Фийон Майе екінші айналымда командасын қалай алға шығарды, содан бастап оларды ешбір команда қуып жете алмады. Ресейліктер Максим Цветков, Антон Бабиков, Матвей Елисеев және Антон Шипулиндер қанша тырысқанымен франциялық төрттік Жан-Гийом Беатрикс, Кантен Фийон Майе, Симон Дестье мен Мартен Фуркадтарға шамалары жетпеді.

Нәтижесінде Франция құрамасы мәреге 1 сағат 11 минут 56.5 секундта жетіп, жеңімпаз атанды. Ресейліктер 15,7 секундқа қалып екінші орын алды. Немістер 21,5 секундқа кешігіп 3-орынды қанағат тұтты. Украина құрамасы бүкіл жарыс бойы алдыңғы үштікте келе жатып, соңғы 4-айналымда Дима Пидручный шаршап қалды. Неміс биатлоншысы Симон Шемп басып озып, Германия қола жүлдені жеңіп алды. Украина 4-ші орында қалды. Бұдан кейінгі орында тиісінше Чехия, Австрия командалары болды, ал басында алдыңғы бестіктен көрініп жүрген Италия құрамасы мәреге 7-ші боп жетті. Ал қазақстандық жігіттер 3 минут 26.8 секундқа қалып 14-орынды қанағат тұтты.

Жалпы нәтиже мынадай:

1. Франция – 60

2. Ресей – 54

3. Германия – 48

4. Украина – 43

5. Чехия – 40

6. Австрия – 38

7. Италия – 36

8. Швейцария – 34

9. Норвегия – 32

10. Канада – 31

11. Болгария – 30

12. Швеция – 29

13. Словения – 28

14. Қазақстан – 27

15. Словакия – 26

16. Эстония – 25

17. Румыния – 24

Алдыңғы орындардан көрініп жүретін Беларусь командасы 2-айналымда жарыстан шығуға мәжбүр болды. Бірінші болып жарыс жолына шыққан Сергей Бочарников оңбай құлап, винтовкасын сындырып алды. Атыс алаңында мылтығын ауыстырам дегенше біраз уақыт жоғалтып алды. Осылайша, Беларусь құрамасы басқалардан бір айналымға кешігіп, жарыс жолынан шығып қалды. Бір айналымға қалған оңтүстік кореялық команда да жарыстан ерте шығып қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу