Қазақстан биатлоншысы Галина Вишневская сенсация жасады!

1963

Жігіттерден кейін Словенияның Поклюка шаңғы жарыс жолына қыздар шығып, командалық эстафетада әлем кубогының 2-кезеңіндегі жеңімпазды анықтау үшін бәсекеге түсті. Бірінші айналымда күтпеген жерден біздің Галина Вишневская сенсация жасады. Ол әлемнің ең үздік деген 23 командасының ішінде жарыс жолына 10-шы шыққан болатын. Бір шақырымнан кейін қазақстандық биатлоншы 3 қарсыласын басып озып, 7-орынға шықты.

Қазақстан биатлоншысы Галина Вишневская сенсация жасады! Фото: vesti.kz

Ал жатып ату кезінде Вишневская мергендігімен көзге түсті. Ол барлық 5 оғын нысанаға дәл тигізіп, чехиялық Пучкарчиковадан кейінгі 2-ші орынға орналасты. Алайда, 3 жарым шақырымға жеткенше біздің қызды ресейлік Ольга Подчуфарова қуып жетіп, Галина 3-орынға түсіп қалды. Бірақ, ату алаңына жетер сәтте біздің Галина намысқа тырысып, ресейлік қызды қайта басып озды. Ату алаңына екінші болып кіріп, бірінші шықты. Тұрып ату кезінде де мүлт кетпеді. Барлық 5 оғын тағы дәл тигізді. Осылайша, Галина Вишневская сенсация жасап, әлем кубогының эстафетасында уақытша болса да бірінші орыннан көрінді. Жарайсың дедік бәріміз!

Дегенмен, 1-айналымның мәре сызығына жеткенше Чехия және Словакия биатлоншылары Вишневскаяның алдын орады. Нәтижесінде спортшымыз мәре сызығын 3-ші болып кесті.

Өкінішке қарай, қуанышымыз көпке созылмады. Эстафетаны алған екінші қызымыз Анна Кистанова бәрін құртты. 1 жарым шақырымдық нүктеге қазақстандық биатлоншы 4-ші жетті. Бұл жолы алдымызға ресейлік Татьяна Акимова шықты. Нәтижеде ату алаңына Кистанова 5-ші кірді. Міне, осы жерде бүкіл қазақстандықты жерге қаратты спортшымыз.

Ату кезінде 4 оғы қиыс кетіп, масқара болдық. Жатып атқанда осылай болса, тұрып атқанда не болмақ? Сөйтіп айып алаңын 4 рет айналып өткенше 1 минуттан аса уақыт жоғалтып алдық. Сөйтіп, 12 орынға сырғыдық.

Осы Анна Кистанова: "Менің арманым Олимпиада чемпионы болу", – деп айтқан еді сұхбаттарының бірінде.

Әрине, осындай мақсат қойған дұрыс қой, бірақ, мына түрімен Олимпиадаға баруының өзі екіталай. Әрине, Анна әлі жас, мүмкін қобалжып, мүлт кеткен болар, бірақ, бұл әлем кубогы екенін ұмытпаған жөн.

Командаластарын ұятқа қалдырды, Вишневскаяның бар еңбегі зая кетті. Осы екінші этаптан кейін біздің қалған екі қызымыз Ольга Полторанина мен Алина Райкова жап-жақсы өнер көрсетті. Ольга жатып та, тұрып та ату кезінде бірде-бір рет мүлт кетпеді.

Сөйтіп, Полторанина командасын 10-шы орынға көтерді. Ал Алина Райкованың бір оғы ғана қисық кетті. Оның өзінде, тұрып атқанда. Сол бір оқтың кесірінен тағы біраз уақыт жоғалтып алдық.

Тым алыс қалып қойғаннан кейін, бұл қыздар да алдыңғы орыннан көрінуге еш мүмкіндік болмады. Мәре сызығын Қазақстан құрамасы тура жігіттер секілді 14-ші болып кесті. Чемпион командадан 4 минут 07.7 секундқа кешігіп жетті.

Ал осы 4х7.5 км эстафетада 1-орын үшін талас өте қызықты өтті. Франциялық биатлоншылар Анаис Шевалье, Жюстин Бреза, Селия Эмони үштігі өз кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп, ату кезінде бір-бір оқтары тимегеннің өзінде алда келе жатқан болатын. Ал 4-ші, соңғы кезеңге шыққан Мари Дорен-Абер барлық нысананы дәл көздеп өткеннің өзінде Германиялық Лаура Дальмайер оны соңына таман қуып жетіп, мәреге жақын басып озды.

Сөйтіп, Германия құрамасы францияның жолын кесті. Әйтпегенде, ерлер құрамасының жетістігін қайталар еді. Нәтижеде, неміс қыздары мәреге франциялықтардан 10 секундқа бұрын жетіп, командалық эстафетаны жеңіп алды. Украина қыздары жарады. Олар 37.7 секундқа ғана қалып, 3-орынды иеленді. Чехия 4-ші, Норвегия алдыңғы бестікті түйіндеді. Бұдан кейінгі орындарда Ресей, Польша, Швеция, Беларусь, Швейцария, Канада, Италия, Финляндия, Қазақстан, Австрия, Словакия, Болгария, Словения, Жапония, Литва, Оңтүстік Корея, Эстония және Румыния құрамалары.

Биатлоннан Әлем Кубогының келесі кезеңі 15-18 желтоқсан аралығында Чехияда жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу