Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындарының жартылай финалындағы Наталья Богданова мен Махмұд Сабырханның жеңілісіне қатысты төрешілер шешіміне наразылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
"Біз қазір наразылық түсірдік, шешіммен келіспейміз. Богданова да, Махмұд та таза жеңді. Төрешілердің шешіміне қатысты наразылығымызды осында, Азия конфедерациясына да, World Boxing ұйымына да білдірдік.
Сондықтан шешіммен келіспейміз, ашығын айтқанда, жеңісті тартып алды", – деді ҚБФ атқарушы директоры Рауан Игенев.
Сонымен қатар, федерация бокс турнирінің регламенті бойынша нәтижелер қайта қаралмайтынын атап өтті.
Наразылықтың процедуралық маңызы бар және қазақстандықтар қатысатын келесі жекпе-жектерге нақты төрешілерді тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін.
Айта кетейік, Наталья Богданова (75 келі) жартылай финалда үндістандық Ловлина Боргохайнға 2:3 есебімен жол берді.
Ал Махмұд Сабырхан жартылай финалда филиппиндік Карло Пааламнан 2:3 есебімен жеңілді.