Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U23 жас санатындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарыстың соңғы күнінде ерлер арасында ақтық бәсекелер өтіп, Қазақстан құрамасының өкілдері үш алтын және төрт күміс медаль иеленді.
75 келіге дейінгі салмақта Аман Қонысбек финалда Қырғызстан боксшысы Алмаз Оразбековты жеңіп, чемпион атанды. Ал 85 келіге дейінгі салмақта Темірлан Мұқатаев Өзбекстан өкілі Норбек Абдуллаевтан басым түсті. Сондай-ақ Ибрагим Бетаев финалда өзбекстандық Самир Сабировті жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
Күміс жүлдені 55 келіге дейінгі салмақта Бексұлтан Боранбек, 60 келіге дейінгі салмақта Нұрасыл Төлебек, 70 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Мұрсал және 80 келіге дейінгі салмақта Өнер Сейілхан иеленді.
Бұған дейін әйелдер арасында Гүлназ Бөрібаева (48 келіге дейін), Азиза Исина (70 келіге дейін) және Шұғыла Нәлібай (75 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алған болатын. Күміс жүлдеге Анита Адишева (51 келіге дейін), Ұлжан Сәрсенбек (57 келіге дейін), Құралай Егінбайқызы (80 келіге дейін) ие болды. Ал Аяжан Ермек, Панар Сейітханқызы және Аслан Елдібайұлы қола медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы U23 Азия чемпионатын 6 алтын, 7 күміс және 3 қола медальмен аяқтады.