Қазақстан цифрлық архитектураны біріздендіруге көшеді

129

Digital Qazaqstan форумы аясында сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексін талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан цифрлық архитектураны біріздендіруге көшеді Фото: gov.kz

Пікірталастың негізгі өзегі – инновацияларды дамыту мен адам құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдік болды.

Сессия барысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун баяндама жасады.

Оның айтуынша, жаңа Кодекс елдің жекелеген IT-шешімдерден біртұтас, қауіпсіз әрі түсінікті цифрлық архитектураға көшуін білдіреді.

Құжат алғаш рет заңнамалық деңгейде азаматтардың цифрлық құқықтарын бекітеді. Атап айтқанда, "цифрлық ұмытылу" құқығы, анонимдік және дербес деректерді қорғау тетіктері енгізіледі.

Сондай-ақ, Кодексте жасанды интеллект жүйелерінің есеп беру міндеті қарастырылған. Егер алгоритмдер қабылдаған шешімдер азаматтардың мүддесіне әсер етсе, оларды қайта қарау мүмкіндігі беріледі. Бұл ЖИ қолдану үдерісінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, құжат смарт-келісімшарттар, бөлінген жүйелер және биометриялық сәйкестендіру сияқты технологияларға ресми мәртебе беруді көздейді.

Дмитрий Мун цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік органдар үшін міндетті стандартқа айналатынын атап өтті. Енді барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар жыл сайын цифрлық даму бағдарламаларын іске асырып, оның нәтижесі басшылар жұмысының тиімділігін бағалауда ескерілмек.

Жиын барысында Қырғызстан тәжірибесі де талқыланды. Қатысушылар өңірлік деңгейде деректер мен жасанды интеллектіні реттеу стандарттарын қалыптастыру мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Сарапшылардың пікірінше, Цифрлық кодекс – икемді әрі дамып отыратын құрал. Ол тек қазіргі процестерді реттеп қана қоймай, Industry 5.0 технологияларын қауіпсіз енгізуге негіз болады және Қазақстанның технологиялық инвестициялар үшін тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу