Қазақстан ет пен сүт импортына жыл сайын 45 млрд теңге жұмсап отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4054

Республика бойынша еттің 33 пайызы, сүттің 31 пайызы ғана қайта өңделеді.

Қазақстан ет пен сүт импортына жыл сайын 45 млрд теңге жұмсап отыр

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, еліміздің агроөнеркәсіп секторында мүмкіндік өте көп. Алайда соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Осының салдарынан өсім де мардымсыз деңгейде қалыптасуда.

Мәселен, бүгінде республика бойынша еттің 33 пайызы, ал сүттің 31 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қайта өңдеу кәсіпорындары 60 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс істеп отыр. Ал бізбен бір одаққа біріккен Ресей мен Беларусь елінде кәсіпорындардың жүктемесі 80 пайыздан асады. Осылайша, Қазақстан ет-сүт өнімдерін Ресей мен Беларусь мемлекетінен импорттауға мәжбүр.

"Біз жыл сайын 6 мың тоннадан астам май, 22 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 6 мың тоннадан астам консервіленген етті шетелден импорттаймыз. Бұл мақсатқа 45 млрд теңге жұмсалады. Бұл өнімдерді өзіміздің зауыттар шығара алады. Өкінішке қарай, мүмкіндік бар болғанымен, өсім жоқ", – деді Нұрлан Нығматулин бүгінгі парламенттік тыңдауда.

Ол аздай, құс етінің импорт көлемі 50 пайыздан жоғары. Осыдан үш жыл бұрын шетелден 165 мың тонна құс еті жеткізілсе, былтыр бұл көрсеткіш 191 мың тоннаны құрады.

Нұрлан Нығматулин назар аударған мәселенің бірі – кредиттік саясат. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға бейілді емес. Кредиттердің 96 пайызы ірі агроөнеркәсіптік нысандарға беріледі. Тек қалған 4 пайызы ғана шағын және орта шаруашылықтарға үлестіріледі. Ал ауыл шаруашылығы өндірісінің негізін шағын және орта бизнес құрап отыр.

"Ауыл шаруашылығы саласы ғылыммен тығыз байланыс орнатуы керек. Жемісті мысал ретінде Ақмола облысындағы "Родина" өнеркәсіптік кешенін және Алматы облысындағы "Байсерке-Агро" ғылыми-өндірістік холдингін алуға болады. Назар аударарлық мәселенің бірі – кадр жетіспеушілігі", – деді Нұрлан Нығматулин.

Еске сала кетейік, бүгінде ауыл шаруашылығы өнімінің 46 пайызын мал шаруашылығы құрап отыр.

Мәжіліс депутаты Берік Оспанов та өзекті мәселелерге назар аударды. Оның айтуынша, төрт түлікті жем-азықпен қамту көңілден шықпай отыр.

"Бүгінде шартты түрде бір басқа небәрі 10 центнер азық өндіріледі. Бұл тиісті зоотехникалық нормадан төмен. Жем-шөп дақылдары жалпы егістіктің тек 16 пайызына ғана егіледі. Ал норма бойынша 30 пайызды құрауға тиіс. Оның үстіне жем-шөп дақылдарының өнімділігі де төмен", – дейді Берік Оспанов.

Егер жем-азық базасын құратын болса, бұл мәселе шешімін табады. Міне, сонда мал басын екі есе арттыруға мүмкіндік туады.

"Сондықтан жем-шөп дақылдарының қазіргі үлес салмағын екі есе ұлғайту қажет. Бұдан бөлек, тұқым шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу керек. Сондай-ақ құрама жем өнеркәсібін дамытатын кез де келді", – деп толықтырды сөзін мәжіліс депутаты.

Берік Оспановтың пікірінше, мал шаруашылығы саласында аса қауіпті жұқпалы аурулармен күрес жұмысында кемшілік көп.

"Ветеринария саласының жұмысы ақсап жатыр. Соның салдарынан елдегі эпизоотиялық ахуал біршама нашарлап кетті. Шет елден жеткізілетін малмен бірге түрлі аурулар ілесе келеді. Оның үстіне шекарадағы ветеринариялық бақылау әлсіреп кетті. Осылайша, жануарлардың жұқпалы ауруларының тізбесі кеңейіп отыр", – дейді депутат.

Оның сөзінше, ветеринариялық қызметтің нашарлауына мемлекеттік ветеринариялық инспекцияның құрылымдық және функционалдық тұрғыдан бөлшектелуі себеп. Өйткені, инспекцияның шекарадағы бөлімшелері кеден қызметінің қарауына, ал бірақатар бақылау функциясы жергілікті атқарушы органдардың ветеринария қызметтеріне берілді. Осының бәрі мемлекеттік инспекцияның әлсіреуіне алып келген.

"Мал басын есепке алуда да кемшіліктер жетерлік. Өйткені негізгі жұмыс қолмен атқарылады. Соның салдарынан жергілікті ветеринарлар қағазға "көміліп" отыр және мәліметтер де нақты емес. Сондықтан цифрлық форматқа көшкен жөн", – деді депутат.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу