Қазақстан Еуропаға енді желдің қуатын жөнелтеді

3294

Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда Сауд Арабиясы көмекке келетін болды.

Қазақстан Еуропаға енді желдің қуатын жөнелтеді Фото: canva.com

Алдағы жылдар – Қазақстанда жел энергетикасының қарыштап дамитын бесжылдығына айналуы мүмкін. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 9 айында электр өндірісіндегі жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 5,97%-ға жетті.

Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшуі тұжырымдамасында елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін 2030 жылы 15%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу көзделген. Соның ішінде 2023 жылы бұл көрсеткіш 5%-ға жетеді деп жоспарланған еді. Жоспар асыра орындалып отыр.

Биылғы жыл басынан бері еліміздегі ЖЭК объектілері 4 миллиард 910 миллион кВт/сағат қуат өндірген. Осылайша, 2022 жылғы ұқсас мерзімге қарағанда 2023 жылғы 9 айда ЖЭК өндірген электр энергиясының көлемі бірден 25% артты.

Бір ғажабы, мұндағы электр қуатының ең үлкен үлесі – жел энергетикасының еншісіне тиді. Желді құрықтап, оның арынын тоққа трансформациялаған Қазақстан ағымдағы жылдың үш тоқсанында ғана 2 млрд 575 млн кВт/сағат энергия өндірді.

Ең аз қуат үлесі биологиялық электр станцияларына (БиоЭС немесе қидан қуат өндіретін станцияларға) тиесілі – 2,25 млн кВт/сағат. Күн электр станциялары биыл 1 млрд 571,9 млн кВт/с, шағын гидроэлектр станциялары – 760,9 млн кВт/сағат энергия жасады.

Энергетика министрлігі қазіргі уақытта жаңғыратын қуат көздері нысандарының жалпы қуаты 2 млрд 715,8 МВтты құрайтынын жеткізді. Соның ішіндегі көшбасшысы әрі ең перспективтісінің бірі – жел электр станциялары, жалпы қуаты – 1 246,6 МВт. Одан кейін күн электр станциялары келеді – 1 млрд 197,83 МВт. Шағын ГЭС-тер – 269,6 МВт, биоэлектр станцияларының қуаты – 1,77 МВт қана.

Бұл ретте күн энергетикасы елде тоқырай бастады. Отандық күн панелдерін шығаратын жалғыз зауыт жабылып қалды.

Жел энергетикасының қарқыны болса, алдағы жылдары күрт артпақ. Осы аптаның басында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өткізген арнайы кеңесте Сауд Арабиясы корольдігімен бірлескен инвестжобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонда араб әлемінің көшбасшысы Қазақстанда, Жетісу облысында ірі жел электр станциясын салатыны жарияланды. Алып станция жылына 1 ГВт қуат өндіреді деп жоспарланған.

Үкіметтің дерегінше, қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыруға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы келісімге қол жеткізілгеннен кейін, 2025 жылы құрылысты бастау жоспарланған. Осыған байланысты Әлихан Смайылов Сауд Арабиясымен бірлескен инвестициялық жобалардың әкімшілік рәсімдерін келісуді жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ орталық меморгандарға барлық қажетті шешімдерді тездетіп әзірлеуді жүктеді.

Енді Энергетика министрлігі Қазақстан және Сауд Арабиясы Корольдігінің үкіметтері арасындағы "Жел энергетикасы станциясының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімнің" жобасын қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Оған сәйкес, Сауд Арабиясы қазақ еліне осы саладағы инновациялық жасыл технологияларды табыстауға тиіс.

Құжатта айтылғандай, араб елі Қазақстанға 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуіне көмектеседі, оған "жаңғыратын энергия көздері, энергияны өндіру және сақтау саласындағы ноу-хау және технологияларын" береді, сол арқылы жаһандық жылынумен бірлесе күреседі.

Құжат екі ел арасындағы ірі 1 жобаға арналған. Бірақ онымен шектеліп қалмайды.

"Келісім тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға жәрдемдесетін жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Осы келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға және жасыл технологияларға және электр энергиясын өндіруге және сақтауға бағытталған инновацияларға қолданылады", – делінген келісім жобасында.

Саудия Жетісу облысында ірі жел электр станциясын тұрғызады. Ал Қазақстан Үкіметі оның өндірген электр энергиясын 25 жыл бойы тұрақты түрде сатып алуға кепілдік береді. Құжатта Сауд Арабиясы "Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін, сондай-ақ оның ұлттық электр желісінің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге үлес қосуға" міндеттеме алатыны жазылған.

Дегенмен, Қазақстанның бұл станцияның электрін қандай тарифпен сатып алатынын ашып айтылмады. Тек "баға келіссөздердің қорытындылары бойынша айқындалатыны" көрсетілген. Сонымен қатар инвесторға ол тариф шетелдік валютада төленетіні бекітілмек.

Әрине, бұл Қазақстанда қолға алынып жатқан жалғыз жоба емес. Ұлытау облысы әкімдігінің хабарлауынша, осы өңірде құны 500 миллиард теңгеге жуық қос инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Оның біріншісі – Жаңаарқа ауданында жылына 3,4 миллиард киловатт энергия өндіретін жел энергиясының станциясы. Екіншісі – Жезқазған қаласында жел энергиясы станциясы мұнараларының металл конструкцияларын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіледі. Яғни, бой көтеретін станция жартылай өз өнімімізбен қамтылатын болады.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жобалар жүзеге асырылған соң облыста қосымша 300-ге жуық жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Оны іске қосу үшін Жаңаарқа ауданында 20 мың гектар, ал Жезқазғандағы зауыт құрылысына 20 гектар жер телімі бөлінді. Бұл жобаларды арабтар емес, қытайлар жүзеге асырады.

"Осы мақсатта биылғы 26 қазанда қытайлық инвестор Sinohydro, ТехноГруппСервис компаниялары және Ұлытау облысының әкімдігі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Маңызды рәсім барысында жоспарланған жобалардың 2060 жылға дейін Қазақстанда көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталғаны атап өтілді. Меморандумға қол қойылғаннан кейін болашақ зауыт орнында алғашқы тас қалау рәсімі өтті", – деп мәлім етті облыс әкімдігі.

Мұның бәрі Қазақстанға алдағы жылдардан бастап, жаңғыратын қуат көздерінен, соның ішінде желден алынған электр энергиясын шетелге сатуға мүмкіндік береді деп күтілуде. 

Осы орайда 15 қарашада Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Еуропаға "жасыл" энергияны экспорттау жобасын жүзеге асыруға келісті. Ол үшін түркі тілдес үш ел бірлескен кәсіпорын құрады.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Баку қаласында өткен Қазақстанның, Әзербайжанның, Өзбекстанның энергетика және экономика министрлерінің кездесуінде тиісті келісімге қол жеткізілді.

Оған сәйкес, ЖЭК, соның ішінде жел электр энергиясы Қазақстаннан Әзербайжан аумағы арқылы Еуропаға экспортталмақ.

"Кездесу қорытындысында ведомство басшылары бірлескен коммюникеге қол қойды. Онда елдердің жаңартылатын энергия көздерден алынған электр энергиясын Еуропаға экспорттау жобасына қосылуға дайын екені атап өтті. Қатысушылар жаңартылатын энергия көздеріне баса назар аударып, энергия алмасу саласындағы, жасыл сутегі мен жасыл аммиакты әзірлеу және экспорттау мүмкіндіктері және ілеспе инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі техникалық тапсырманы әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге келді", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Бекітілген техникалық тапсырма негізінде алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) дайындауға тендер жарияланатын болады. Сондай-ақ, қатысушылар жобаны іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру перспективасын зерделеуге кіріседі.

Қазақстан үшін алыс шетелдің, әсіресе Еуропаның нарығы аса қызықты. Себебі, көрші елдер, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей тоқты тым арзанға сатып алады.

Ал жел энергетикасының серпінді дамуы арқасында алдағы жылдары тіпті атом электр станциясын салусыз-ақ, Қазақстанда қуат артықшылығы, профициті қалыптасуы мүмкін. Мысалы, Энергетика министрлігі еліміздің әрбір аймағында жиынтық қуаты 50 МВт болатын жел станцияларының жобаларын іріктеу аукциондарын апта сайын дерлік өткізіп тұрады.

Бір ғажабы, сол аукциондар қорытындысында жел электрінің құны рекордтық шамаларға дейін құлдырап, арзандады. Нақтыласақ, осы аптада, 13 қарашада жиынтық қуаты 100 МВт болатын, Солтүстік аймаққа арналған жел энергетикалық станциялары жобаларын іріктеу бойынша аукцион ұйымдастырылды. Сауда-саттыққа қатысуға 6 компания жіберілді, олар 18 баға ұсынысын берді. Берілген өтінімдердің жалпы көлемі 450 МВтты құрады.

Қатысушылардың өзара бәсекелесуі барысында өтінімдердің баға диапазоны, яғни әр киловаттың құны 22,68 теңгеден 10,5 теңгеге дейін немесе рекордтық 54%-ға құлдырады.

Аукцион қорытындысында жеңімпаз болып, "Сангроу Казахстан Холдингс" ЖШС танылды: ол жалпы қуаты 100 МВт жел станциясын салады: қуатының бағасы 10,5 теңге/кВт*сағ. Жоба Қостанай облысында орналастырылады деп жоспарлануда.

Өзге аймақтардағы бұған дейінгі аукциондарда желден алынатын тоқтың бағасы 11-15 теңге аралығында болыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу