Қазақстан футбол клубтарын жекешелендіру мәселесі талқыға түсті

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.   

Қазақстан футбол клубтарын жекешелендіру мәселесі талқыға түсті Фото: olympic.kz

Жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен  федерация өкілдері футболды дамыту мәселелеріне тоқталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Кездесуге Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай, ҚФФ тарапынан бас хатшы Скотт Манн мен бас хатшының кеңесшісі Амантай Байғали қатысты.

Әуелі Скотт Манн Қазақстан футболында жоспарланып отырған реформалардың негізгі бағыттарын таныстырып өтті. Тараптар футбол саласын коммерцияландыру, футбол клубтарын жекеменшікке беру, сонымен қатар, әйелдер мен жасөспірімдер футболын дамыту мәселелерін қарастырды. 

Мұнан бөлек, спорт саласындағы кадрлық және басқару әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан ҰОК өкілдері білім беру бастамалары және Халықаралық Олимпиада комитетінің Olympic Solidarity бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы айтты.

Скотт Манн ҚФФ қызметкерлері мен менеджерлерінің Қазақстан ҰОК ұйымдастыратын білім беру жобаларына қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, ҚФФ өкілдері әкімшілік курстарға, гендерлік теңдік пен әйелдер көшбасшылығына арналған бағдарламаларға, сондай-ақ спорт мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған басқа да жобаларға қатысуға ниетті.

ҚФФ бас хатшысы Қазақстан ҰОК бастамаларын жан-жақты қолдауға дайын екенін жасырмады. Оның пікірінше, бұл ұйымдар арасындағы тәжірибе және кәсіби білім алмасуды кеңейтуге мүмкіндік сыйлайды.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, Қазақстан спортының мүддесі үшін өзара байланысты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу