Қазақстан футболдан Намибия құрамасын 2:0 есебімен жеңді

146

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада өтіп жатқан FIFA Series-2026 турниріндегі алғашқы ойынында Намибия құрамасымен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан футболдан Намибия құрамасын 2:0 есебімен жеңді Фото: kff.kz

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап қарсыластар жылдам гол соғуға тырысты. Дегенмен олардың бұл әрекеті нәтижесіз аяқталды.

Кездесудің 12-минутында қазақстандық Ян Вороговский қарсылас қақпасының саңылауын тауып, есеп ашты. Одан кейін екі команда да есепті өзгертуге мүмкіндік алғанымен, оны пайдалана алмады.

Екінші кезеңде Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қақпашы Темірлан Анарбековтің орнына Мұхаммеджан Сейсенді шығарды. Сондай-ақ, Рамазан Оразовтың орнына Айбол Әбікен алаңға шықты.

Кездесу барысында екі құраманың да белсенді ойыны байқалды. Ойынның 79-минутында қазақстандық Әлібек Қасым есепті еселей түсті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы қарсыласын 2:0 есебімен жеңді. Намибия құрамасы осал қарсылас емес. Ұлттық құрамалар арасындағы FIFA рейтингінде 118-орында тұрған бұл команда алғашқы ресми кездесуін 1990 жылы өткізіп, онда Маврикийден 1:2 есебімен жеңілген.

Намибия құрамасы Африка Ұлттар кубогының финалдық кезеңіне 4 рет қатысқан (1998, 2008, 2019 және 2023 жылдары). Ең үздік нәтижесі – 2023 жылы 1/8 финалға шығуы.

Аталған турнирге бастапқыда Қазақстан, Намибия, Комор аралдары және Кувейт құрамалары қатысады деп жоспарланған еді. Алайда Кувейт құрамасының бас тартуына байланысты ойындарды айналмалы жүйе бойынша өткізу туралы шешім қабылданды.

Енді қазақстандық футболшылар 31 наурызда Комор аралдары құрамасымен кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу