Қазақстандықтар жыл сайын 100 мың тоннадай банан жейді. Оның 85%-ын елімізге Эквадор жеткізеді. Тегіс осы елден болуы мүмкін, өйткені кеденге жауапты Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, қалған 15 пайызы – Ресейден әкелінеді екен. Алайда РФ-та банан өспейтіні мәлім. Ресей бананның 95 пайызын Эквадордан алғызады.
Енді банан жеткізушімізде – Эквадорда халық толқып жатыр. Тұрғылықты халықтар конфедерациясының басшылығы ұлыстарды ел астанасын шабылдауға көтере бастапты. Бұл туралы ресейлік зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты, РМГУ америкалық зерттеулер кафедрасының доценті Ирина Акимушкина жазды.
"Оңтүстік Америка құрлығының жетекші елінде, Америка Президентінің сенімді досы тізгінін ұстаған Эквадорда 22 қыркүйектен бері мерзімсіз әрі жалпыұлттық ереуілдер жүруде. Оны Үндіс халықтарының ұлттық конфедерациясы жариялады. Мұндағы мақсаты – ел Үкіметінен дизельді отынды арзандатушы тетікті, яғни, оны сатуға берілетін субсидияны қайта қалпына келтіруге қол жеткізу. Тағы бір мақсат – қосылған құн салығын 12%-ға дейін төмендету", – деп хабарлады зерттеуші Акимушкина.
Бұл елдегі тұрғындардың наразылық акциялары да бастапқыда бейбіт, бейғам сипатта басталды. Артынан толқулар үндіс конфедерациясы жақтаушыларының полиция жасақтарымен қатаң текетіресі мен тайталасына ұласты. Соның кесірінен 1 адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды. Қатал басып-жаншуға көшкен билік қарсыласушылардың ондаған жетекшісін түрмеге тығып үлгерді.
Қазіргі жағдайда қақтығыстың қос тарапы да өзінікін дұрыс санайды. Оның үстіне әрбір тарап қарсыласын тізе бүктіруге күші жетеріне сенімді. Мұны олардың мәлімдемелерінен байқауға болады.
Мәселен, ел Президенті Даниэль Нобоа бейберекетсіздік әрі қарай жалғасқан жағдайда шерушілерге қарсы ең қатал шараларды қолдануға ниетті екенін, соның ішінде күш құрылымдарына қару қолданып, демонстранттарды атуға рұқсат ететінін мәлімдеді.
"Независимая газета" 2022 жылы Эквадорда қанды оқиғалар дәл осындай сценариймен дамығанын еске салады. Сонда елдегі экономикалық ахуалдың нашарлауына, сондай-ақ өз ұлыстарының ауыр тұрмысына қатысты 18 күн бойы тоқтаусыз наразылық білдірген жергілікті үндістер ақыр соңында батыл қимылға көшіп, маңызды көлік магистральдарын – трассаларды жауып, бұғаттап тастады.
Сонымен шектелмей, наразылар ел астанасы – Кито қаласын қоршауға алды. Шерушілер дегеніне жетті: ол жолы оқиғалар сол кездегі президент Гильермо Лассоның отставкаға кетуімен аяқталды.
Алайда жергілікті сарапшылардың және сыншылардың байламынша, 2022 жылғы кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жеткен Даниэль Нобоа 3 жылдай уақыт өтсе де, экономикадағы күрделі жағдайды түземек түгіл, керісінше, одан сайын нашарлатып алды. Осыған байланысты жаңа Президент салық реформасын жүргізіп, салықтарды көтеруге кірісті. Үндістердің енді ҚҚС-ты төмендетуді талап етуінің бір мәнісі де осында.
Елдің жетекші EFE Ecuador агенттігі сол жолғы мерзімінен бұрынғы сайлауда Үндістердің ұлттық конфедерациясы қазіргі жаңа президентті қолдамағанына назар аудартады. Енді үндістер іс жүзінде жаңа лидерді де орынтағынан тайдыруға талпынуда екен.
Көксегенін жүзеге асыра алса, эквадорлықтарға жаңа көшбасшысын қайтадан таңдауға тура келеді. Бірақ іс басындағы Президент кезектен тыс сайлау өткізуден үзілді-кесілді бас тартып отыр.
"Ел астанасы Китоны басып алу қатері күшейді. Үкімет әлеуметтік кернеуді басу үшін төтенше жағдай жариялап, жұрттың қозғалысын шектеді, сондай-ақ демалысты ұзартты: халық бейсенбіден жексенбіге дейін демалады. Ағымдағы жағдай бойынша Эквадордың тұрғылықты халықтарының конфедерациясы (CONAIE) ұйымдастырған қарсылық акцияларына қатысушы бас көтерушілер елдің 24 провинциясының үшеуіндегі басты 9 жолды толық жауып тастады. Президент Нобоа олармен диалогқа бармай, қасарысуда: ол наразылардың талабы тіпті талқыланбайтынын жеткізді. Себебі, дизельді отынға субсидия халықтың кедей қабаттарына көмектеспеді, оның орнына контрабандаға және пайдалы қазбалардың заңсыз өндірісіне септесті деп санайды", – деп жазды EFE Ecuador агенттігі.
2022 жылдағы сияқты, 2025 жылы да шерушілерді Марлон Варгас басқаруда. Ол жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде билікке екі таңдау ұсынды: не дизельді отынға мемлекеттік субсидияны қайтарып, отандық өнімдерге ҚҚС-ті төмендетеді, немесе Президент өз еркімен отставкаға кетуі керек, деп жазады Andes ақпарат агенттігі.
Дизель бағасы бірінші кезекте тауда орналасқан ауылдар үшін өте маңызды. Ауыл халқының әл-ауқаты, тұрмысы отын құнына тікелей байланысты. Өйткені ауылдан қалаға қатынау шығыстарының қандай болатыны, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларына жеткізу шығыны қанша долларға түсетіні дизель отынының бағасына тәуелді (Эквадор 2000 жылдан бері сукреден бас тартып, АҚШ долларын ұлттық валютасы ретінде қабылдаған).
Бұл ретте таулы ауылдық аудандардың тұрғындары 100%-дайға кечуа үндістерінен тұрады. Алайда Президент Нобоа ел бюджеті тапшылыққа батқан жағдайда салықты төмендетуге бара алмайтынын қайталаудан жалықпауда. Сондай-ақ ол экономиканың тірек салалары әрі қарай да мемлекеттік субсидияларға сүйене беретін болса, экономика ешқашан тиімді болмайтынын мәлімдеді.
Қазіргі бас көтерулер жағдайындағы ең қауіпті фактор – көтерілісшілердің көшбасшысы Варгастың жақтаушыларын ел астанасы Китоны қоршауға кірісуге, содан кейін президенттік сарайды шабуылдауға шақыра бастауы болды.
Бүгінде үндістер мен оларға қосылған өзге тұрғындар астанаға және елдің бірнеше ірі қаласына апаратын бірнеше жолды бұғаттай алды. Әзірше Кито шаһарына баса-көктей кірген жоқ, тек күш жинап жатыр.
Эквадорлық президенттің астанада бейберекетсіздікке жол бермеуге, ал, демонстранттарға қарсы барынша қатаң шара қабылдап, шетінен атуға уәде беруі қантөгіс қаупінің төне бастағанынан белгі бергендей.
Әйтсе де, қоғамды диалогқа шақыруға да әлсіз талпыныс жасалды. Біріншіден, қазіргі Президент бейсенбіден жексенбіге созылатын демалыс күндері ҚҚС (қосылған құн салығының) ставкасы қолданыстағы 15%-дан 8%-ға дейін төмендетіліп тұратынын мәлімдеді. Бірақ бұл бір жартыкеш шара болса керек. Халық үніне құлақ асудан халықты алдауға көбірек ұқсайды.
Екіншіден, дәл қазір емес, бір айдан соң, 16 қарашада бүкілхалықтық референдум жүргізу жоспарланған. Үкімет Эквадор халқын қазіргі іс басындағы биліктің тағдырын көтеріліспен емес, сол бейбіт шарада – жалпыұлттық сауалнамада шешуге шақырды.
Алайда наразылар оның адал өтеріне сенбейді. Өйткені мысалы, іс басындағы Президент дәл референдум қарсаңында, 14 қарашада барлық мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне "рождестволық сыйлықақы" төленетінін жариялады.
Жалпы, сол референдумда жаңа Конституцияны әзірлеумен айналысатын Құрылтайшылық жиын құру туралы мәселе де халық таңдауына шығарылатын болды.
Қарап жатпай, тағын жанталаса қорғаған Президент Нобоа Эквадордың 10 провинциясында, соның ішінде ел астанасы орналасқан Пичинчуда да төтенше жағдай және коменданттық сағат енгізді. Халықтың бір жерге шоғырлануына, бұқаралық іс-шаралар мен жиындар өткізуіне, билікке қарсы шеру жасауына тыйым салынды.
Қос жақтың да тұғырлы, принципті мәселелерде ымыра іздеп, кері шегінуге бармауы, текетіреске батыл дайындалуы Эквадордағы бұл хаостың немен тынарын болжауды қиындатты.
Бізден тым қашықта, қиянда жатқанымен, бұл латынамерикалық елдегі тұрақтылықтың сақталуы Қазақстан үшін де маңызды. Себебі, қазіргі кезде барлық балдырғанның, тәттіжегіштердің, диета ұстаушылардың, ауруханалардағы сырқаттардың және кондитерлердің басты бір тамағы – бананның 85 пайызы, сондай-ақ кесілген түрлі гүлдердің – 75 пайызы, асшаян-креветкалардың 20%-ы және басқа өнімдер осы елден тасылады.
Бұдан бөлек, Эквадордың жерін шайып жатқан Тынық мұхит арқылы Қазақстанға дейін жеткізілетін саналуан импорттық өнімдердің тоқтаусыз тасылуы да осы елдің порттарының тұрақты жұмысына тәуелді. Бұл елден тыныштық кетсе, Қазақстанға сол бағыттан тауар жеткізілімдер қиындап, онсыз да шығандаған қымбатшылық тіпті өршуі, қазақстандық экономикаға салмақты нұқсан келтіруі мүмкін.