Қазақстан халқының 64%-ы шетелге көшіп кетуді ойластырып отыр

6962

Шетелге эмиграцияның алапат толқынын тоқтату үшін ел Үкіметі көші-қон саясатын өзгертпек. Мысалы, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанғандар жер учаскесін алуда басымдыққа ие болады.  

Қазақстан халқының 64%-ы шетелге көшіп кетуді ойластырып отыр

Президент Қ. Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысындағы сөзінде "Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді!" деп мәлімдеген еді. Ол Қазақстанның өңірлері бірқалыпты дамымай отырғанын, бұл саладағы теңгерімсіздік, диспропорциялар әлеуметтік жайсыздық пен миграциялық көңіл күйлердің ушығуына алғышарт тудыратынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, "қасіретті қаңтар" көрсеткендей, батыс және оңтүстік өңірлерде жұмыспен қамту проблемасы аса өткір тұр: "оларда бала туу көрсеткіші жоғары, ал экономикасы жаңа жұмыс орындарын құрып үлгере алмауда".

Оның үстіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, квотамен келетін қандастар да, басқа иммигранттар да осы өңірлерге үйір көрінеді. 

"Сыртқы иммигранттар үшін Қазақстанда Маңғыстау, Алматы облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы – ең тартымды өңірлер болып қалуда. Бұл үрдіс елдің солтүстік және оңтүстік өңірлеріндегі халық пен экономикалық әлеуеттің бөлінісіндегі диспропорцияны барған сайын ушықтыруда", – деген байлам жасады министрлік.

Бұйте берсе, ел аумағы бос қала ма?

Ресеймен шекаралас өңірлер керісінше, жалаңаштанып жатыр.

"Қазақстанда тәуелсіздіктің барлық жылдарында елдің солтүстік өңірлеріндегі тұрғындар саны тоқтаусыз азайып келеді. Бұған бірінші кезекте славян этностарының шетелге көшуі ықпал етуде. Бұл республиканың аумағында халықтың саны мен тығыздығының дисбалансын күшейтті. Ел аумағының үлкен территориялары депопуляциялануға ұшырап, бос қалуда. Солтүстік өңірлердің экономикалық белсенділігі құлдырауда. Бұл процесс шекаралас аумақтағы осы жерлеріміздің қауіпсіздігі мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Халық елдің ішкері жағына қарай жаппай қоныс аударуда", – деп түсіндірді министрлік.

Серік Шәпкеновтің ведомствосы "көші-қон бағыттарын қалыптастыру және ішкі миграцияны солтүстік өңірлерге бағдарлау үшін қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз болып отырғанын" мойындады.

Шетелді бетке алған эмигранттар негізінен, 5 өңірден – Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды өңірлерінен кетіп жатыр.

2019-2020 жылдары Қазақстаннан тұрғылықты тұру үшін шетелге 74,3 мың азаматымыз аттанған. 2021 жылдың 9 айында елімізден өзге елдерге тұрақты тұру үшін тағы 25 мың адам көшкен. Жыл қорытындысында бұл сан 40 мыңға жуықтауы ықтимал. Салыстыру үшін айтсақ, 2013 жылы көшіп кетушілер саны 24,4 мың ғана болған.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейінгі жылдары қазақстандық эмигранттардың басым көпшілігі 3 елді таңдауда. Бұлар: Ресей – 64,9 мың адам немесе 87,3%-ы, Германия – 5 мыңнан астам адам және Беларусь – 589 адам. Қалғандары Түркия, Украина, Еуропа елдерін және АҚШ-ты таңдайды. 

Бұлай бара берсе, елде адам қалмай, Ұлы дала босап қалуы да ғажап емес. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Boston Consulting Group (BCG) жүргізген талдау нәтижелеріне сүйеніп, төбе шашты тік тұрғызатын жайтты жариялады.

"Қазақстан халқының 64%-ы шетелге көшу мүмкіндігін ойластырып жатыр. Бұл сан 2018 жылғы ұқсас зерттеумен (61%) салыстырғанда тағы 3 пайызға өсті... Қазақстандықтар шет мемлекеттерге көшудегі негізгі мақсаты ретінде көбіне озық еңбек тәжірибесіне қол жеткізу және анағұрлым жоғары жалақы алу мүмкіндігін, мансап сатысымен өсудің зор мүмкіншіліктерінің бар болуын, сондай-ақ ол елдерде өмір деңгейі және баю перспективалары әлдеқайда жоғары екенін атады", – деп хабарлады министрлік.

Меморган Қазақстанның асыл құндылық – адами капиталдан айырылып жатқанын да ашық айтты. Оның мәліметінше, республиканы басым көпшілігінде білікті мамандар тастап кетуде.

"Олардың орнына шетелден негізінен мектеп білімі ғана бар адамдар келіп жатыр. Нақтылай кетсек, 2015-2020 жылдары көшіп кеткендердің құрамында жоғары білімі бар (38%) және техникалық-кәсіптік білімі бар (34%) тұлғалар басым болды. Олардың шетелге қоныстанушылар арасындағы жыл сайынғы үлесі 70%-дан көп. Бұл ретте елге бағытталған көші-қонда жоғары білімді иммигранттар саны барған сайын қысқаруда: соңғы 10 жылда олардың үлесі екі еседен астамға азайды және 2019 жылы – 2,1 мың, ал 2020 жылы – 1,9 мың адамды ғана құрады", – делінген министрліктің құжатында.

Қоныс аударғандарға қандай қолдау болады?

Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру және көші-қон саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін Еңбек министрлігі "Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын", "Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын" және оларды іске асырудың іс-шаралар жоспарын әзірлеп шықты.

Бұл құжаттар тұтас шаралар кешенінен тұрады және оны орындауға Үкіметтің мүшелері мен әкімдер корпусы тегіс дерлік жұмылдырылмақ.

Мысалы, "ішкі мигранттар бойынша интеграцияланған деректер базасын" құру жоспарланған. Онда еліміздің бір өңірінен екіншісіне көшкен қазақстандықтарға қатысты өзіндік "досье" жиналуы мүмкін. Көшкен азаматтардың кәсіби біліктілігі, қоныс аудару бағыты және орны, қандай мемлекеттік қолдау не көмек алғаны, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік-мәдени бейімделу көрсеткіштері және басқа да мәліметтері көрініс табуға тиіс. Министрлік мұнда "дербес деректерді қорғау қағидаты сақталатынына" сендіреді.

Үкімет Қазақстан азаматтары үшін тартымдылығын арттыру мақсатында солтүстік өңірлердің және шекаралық аумақтардың экономикалық және әлеуметтік дамуын ынталандыруды және инвестиция құюды жоспарлап отыр.

"Адамдарды қоныстандыру үшін басымдықты елді мекендер" анықталады және соларға көшетін азаматтар үшін артықшылық-преференциялар топтамасы әзірленеді. 

Оңтүстіктегі тұрғындарды солтүстікке көптен қоныстандыруға үгіттеу үшін мемлекет ақпараттық, үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын күшейтеді. Сондай-ақ осы іске жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерін тартады.

"Серпін-2050" бағдарламасы бойынша түлектерге бірінші жұмыс орнын ұсынған жұмыс берушілерге субсидия ұсынылады.

Әлеуметтік бағдарламалар немесе арендалық тұрғын үй аясында қоныстанушыларға баспана басымдықты түрде беріледі.

Оларға өз бизнесін ашып, кәсіпкерлік қызметпен айналысуы үшін түрлі гранттар, жеңілдікті кредиттер берілмек.

"Переселендер" бақша салу немесе коммерциялық мақсатта жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуда басымдықты құқыққа ие болады.

Қоныстанушыларды, қандастарды жергілікті қоғамдастыққа әлеуметтік және мәдени интеграциялау бағдарламалары әзірленеді, бұл іске азаматтық қоғам институттары, ҮЕҰ-лар жұмылдырылады.

Егер елден бұрын көшіп кетіп, енді қайта оралуды қалайтын бұрынғы "отандастар" солтүстік өңірлерді таңдаса, оларға да жағдай жасап, Қазақстан азаматтығын алу рәсімін жеңілдету көзделеді.

Бұл, әрине, қарастырылып жатқан шаралардың ақырғы тізімі емес. Ең бастысы, "көші-қон саясатының міндеттерін жүзеге асыратын шаралардың қаржымен қамтамасыз етілуіне" мән беріледі. Әйтпесе, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандар баспанамен, басқа қолдау түрлерімен жете қамтылмай жатады.

Егер осы іс-шаралар кезекті рет қағаз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асса, Ресей көз сұғын қадап отырған қазақ жерінің солтүстігі қазаққа толып шыға келуі әбден мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу