Қазақстан химиялық кастрацияны биыл бастап кетуге дайын

2922

Ел үкіметі адамдықтан безіп, азғындық кейіпке түскендерді "еркектік қабілеттен" айыру ісіне биыл жүздеген миллион теңге қаражат бөлетін болды.  

Қазақстан химиялық кастрацияны биыл бастап кетуге дайын

Әйтпесе, арсызданып, бүлдіршіндерге көз сүзген айуандарға басқа тоқтау болмай тұр.

Әрине, қылмыскер болса да, өз азаматын хирургиялық жолмен "белден" айыруға мемлекет бармайды, сондықтан әлемде мұны химиялық жолмен, яғни арнайы дәрі-дәрмектің көмегімен жүзеге асыру тәжірибесі қабылданған. Қазақстан да осы үлгіні өзінде енгізуде.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде педофилдерді химиялық кастрация жасау арқылы мәжбүрлеп емдеу өмірге жолдама алды.

Осыған байланысты үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутаттық корпуске бұл шараның қалай жүзеге асырылатыны жөнінде түсініктеме жолдады.

Премьердің хабарлауынша, парламент қабылдаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балалар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын жүзеге асыру мақсатында денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен және бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің келісуімен, 2017 жылдың 15 маусымында "Химиялық кастрацияны қолдану ережелері" бекітілген. 

Бұл құжатта кастрацияның бұл түрін тағайындау, ұзарту, тоқтату тәртібі нақты реттеледі. Сондай-ақ аталған процедураны өткізу кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігін және бақылауды ұйымдастыру мәселелері қарастырылған. Атап айтқанда, бұл бағытта денсаулық сақтау, қылмыстық-атқару жүйесінің және ішкі істер органдарының қызметкерлері тізе қоса, қимылдайды. 

Сонымен бірге, денсаулық сақтау және ішкі істер министрліктері медициналық бейінді мамандарды бөлу, химиялық кастрацияны қолдану кезінде қажетті зертханалық зерттеулермен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қойған. Яғни, үкімет жетекшісіне сенсек, Қазақстан өзі үшін мүлдем жаңа болып табылатын тәжірибені ендіруге сақадай-сай дайын.

Бұған қоса, ел үкіметі қылмыстық-түзеу мекемелеріне педофилдердің құмарлығын күштеп басу рәсімдерін өткізетін 170 медициналық қызметкерді бекітіп беріпті.

Сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуге, соның ішінде химиялық кастрация түріндегі медициналық мәжбүрлеу шараларын қолдануға республикалық бюджеттен 2018-2020 жылдарға 2 миллиард 345 миллион теңге бағытталып отыр. Зертханалық зерттеулер мен мамандардың кеңес-консультацияларын өткізуге тағы 21 миллион теңге жұмсалады.

Бұлар сыртында, өңірлерде арнайы психиатриялық комиссиялар құрылғаны мәлім болды. Олардың құрамына қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің және денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлері кірген.

Үкімет басшысы Қазақстанда химиялық кастрация үшін пайдаланылатын медициналық препарат та анықталғанын мәлім етті. Ол "ципротерон" деп аталады.

Бұл ретте химиялық "әтектендіру" азғындардың тиісті дәріні ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде қабылдауын қарастырады. Демек, аталған препаратты мемлекетке үлкен ауқымдарда сатып алуғы тура келеді. Түрмеде отырғанда педофилге дәріні түзеу мекемесі, ал бостандыққа шыққаннан кейін тұрғылықты жері бойынша тіркелген, амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы береді.

Осы мақсатта республикалық бюджеттен биылға және алдағы екі жылға денсаулық сақтау министрлігіне 57 миллион 855 теңге арна тартты.

Негізі, химиялық кастрацияны түрмеден кейін де жалғастыру туралы шешім қалай қабылданады? Балиғат жасқа толмағандарға қарсы жыныстық қылмысы үшін жазаланғандар жазасын өтеп, еркіндікке шығар алдында, алты ай бұрын қылмыстық түзеу мекемесінің әкімшілігі сотқа материалдар жолдайды. Содан кейін судья сотталушыда сексуалды зорлық жасауға бейімділігінің және психикалық ауытқушылығының бар-жоқтығы туралы шешім қабылдау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындайды. Сараптама қорытындысы бойынша судья химиялық кастрация түріндегі мәжбүрлі шараны ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Азғын ары қарай да аяғын тартып басуы үшін ол босап шыққан соң, алты айдан 3 жылға дейін оның үстінен әкімшілік қадағалау орнатылады. Бұл үшін әрбір педофил ішкі істер органдарында профилактикалық есепте алынады. Егер ол қойылған шектеулерді бұзса, мәселен, мектептің жанында көз сүзіп жүрген жерінде ұсталса, қадағалау мерзімі ұзартылуы ықтимал.  

Бұлар сыртында қолға түспей өріп жүрген педофилияға бейім айуандарды әшкерелеп, қылмысының жолын кесу үшін бас прокуратура, ішкі істер, білім және ғылым министрліктері енді әлеуметтік желілерге, сайттарға, өңірлік қоғамдастықтарға, танысу сайттарына ұдайы түрде мониторинг жүргізіп, "казнеттің" тамырының бүлкілін басып отырады.  

Мәселен, осы мониторинг нәтижесінде 2017 жылы 1047 интернет ресурс анықталып, олар бұғатталуы үшін ақпарат және коммуникациялар министрлігінің "Тыйым салынған сілтемелер, материалдар және сот шешімдерінің реестрі" ақпараттық жүйесіне енгізілген.

Өкінішке қарай, балалардың зорлық көруі отбасы, ошақ қасында сырт көзден жасырын жүруі, сөйтіп, ұзақ уақыт "жабулы қазан" күйінде қалуы ғажап емес. Ондай деректерді және құрбандарды анықтау үшін ішкі істер органдарының 2 мыңнан астам мектеп инспекторы оқушылар арасында құпия анкета түрінде сауалнама жүргізеді екен. Мұның сыртында білім беру ордаларында қазіргі уақытта 8 мың психолог, 4 мыңнан астам әлеуметтік жұмыскер жұмыс жасауда. Зорлық білім ордасы қабырғасында жүрмеуі үшін әзірге 7 464 мектепте (жалпы санының 63%-ында) бейнебақылау камералары орнатылыпты. 

Бұдан бөлек қиын жағдайда қалған балаларға психологиялық қолдау көрсету және жедел кеңес беру үшін 2008 жылдан бері білім және ғылым министрлігінің сенім телефоны және "111" нөмірлі бірыңғай Сall-орталық жұмыс жасайтынын айта кеткен жөн.

Қазақстандық адвокат Джохар Утебеков заң бойынша тек бүлдіршіндерге ғана емес, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі барлық балаларға жыныстық жәбір көрсеткендер "педофил" болып саналатынын еске салады.

"Химиялық кастрация сот үкімі бойынша тағайындалады. Сот-психиатриялық сараптаманың айыпталушыда сексуалды зорлыққа бейімділігі мен психикалық ауытқушылығы барлығы туралы қорытындысы оны қолдануға негіз болады. Содан кейін қылмыскер жыныстық қабілетін төмендетуші препараттар қабылдауға мәжбүрленеді", – дейді қорғаушы.

Ал медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның психиатр және нарколог дәрігерлер қауымдастығының құрметті президенті Ғалия Құдиярова педофилия – маскүнемдік пен нашақорлықтан да қорқынышты құбылыс екенін айтады. Оның байламынша, химиялық кастрация бұл дертті ішінара ғана шешеді.

"Белгілі бір шамада көмектесуге тиіс. Өйткені дәрі олардың патологиялық құмарлығын басады. Педофилдердің құмарлығы өте күшті келеді әрі басқаруға көнбейді. Бір жағынан бұлар – нағыз есі ауысқан аурулар, ендеше оларды психикалық науқастар ретінде емдеу керек. Екінші жағынан, бәрі менің қолымда болса, оларға өлім жазасын қолданар едім. Себебі, бұл өте тұрақты дерт. Менің ұзақ дәрігерлік тәжірибемде педофилдердің мерзімін өтеп шыға сала, қайтадан айуандыққа баруының қаншама оқиғасы кездесті. Дені дұрыс адам, айталық, қатты қарны ашса, шыдайды. Маңызды жиналыста отырса, орнынан атып тұрып, айғайлап, тамақ әкелуді сұрамайды ғой. Ал бұларда ондай деген жоқ, педофил кез келген жолмен өз құштарлығын қанағаттандыруға ұмтылады, ештеңеден тайынбайды. Бұл үшін қараусыз қалған қыз не ұл баланы, жалғызбасты ананы, құрбанының кедейшілігін, яғни кез келген мүмкіндікті пайдаланады. Ешкімді аямайды", – дейді Ғалия Құдиярова.  

Олай болса, бала жәбірлеуші жексұрындардың бостандықтағы әр қадамына қоғамдық бақылау да керек. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің порталында педофилдер базасы іске қосылды, онда жүздеген қылмыскердің деректері көрініс тапқан (http://infopublic.pravstat.kz/map.html?&type_map=7). Сол арқылы, бұрын бала зорлап, сотталып шыққан адамдар белгілі бір ауыл не қалаға тұрақтаса, жергілікті тұрғындар өз араларына тұруға кімнің келгендігі туралы біле алады.

Жақында Оңтүстік Корея 13 жасқа дейінгі балаларды зорлаушыларға өлім жазасын енгізетінін жариялады. Сондай-ақ Беларусь, Иран, Сауд Арабиясы секілді елдерде балаларға жасалған осындай айуандық әрекеттер үшін ең жоғарғы жаза қарастырылған. 2013 жылдың маусымында Кувейт он жыл бойы 17 жасөскінді ұрлап, зорлағаны үшін Мысыр азаматын дарға асты. Айтқандай, Кувейтте өлім жазасына мораторий енгізілген, бірақ билік бұл қадамға халықтың сұрауымен барған. Алдыңғы жылы Сауд Арабиясы мұсылмандыққа жат, педофилиялық құмарлығы үшін қылмыскер әл-Джубейридің басын шауып тастады. Балаларға сексуалдық қылмыс жасағандарды Йеменде де осындай ауыр жаза күтеді. Мұсылман әлемінің өзге елдері де балаларға қарсы бағытталған мұндай азғындықты қатал айыптайды.

АҚШ-тың Техас, Монтана, Оңтүстік Каролина және Оклахома штаттарында егер педофил бұған дейін ұқсас қылмысы үшін сотталған болса, бала зорлау үшін өлім жазасы қолданылуы мүмкін. Көрші Қытайда балаларға сексуалды қиянат жасағандарға еш аяушылық жоқ: тіпті жасөскіндерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген, бірақ өзі ешкімді зорламаған және өлтірмеген компартияның аудандық комитетінің хатшысын өлім жазасына кескен.

Қазақстанда 2003 жылдың 17 желтоқсанынан бері өлім жазасына мерзімсіз мораторий енгізілді. Ал 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ерекше жағдайда ғана қолданылатын бұл жаза заң жүзінде "өмір бойы бас бостандығынан айыруға" ауыстырылды. Дегенмен, педофилдерге бұл жаза да қолданылмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу