Қазақстан инвесторлардан "жери" бастады

1822

Мысалы, Ұлытау жақта жұртшылық инвесторға қарсы шығып жатыр. Елде инвесторларды тарту үрдісінің орнын инвесторларды итеру баспай ма? 

Қазақстан инвесторлардан "жери" бастады Фото: Quasa.io

Қаңтар оқиғасына дейін Қазақстанда майшелпек кәсіпорындардың, қазынаға толы кенорындарының көлеңкелі жолдармен таратылғаны баршаға мәлім. Қазіргі кезде Әділетті Қазақстанның ұстанымы тұрғысынан олардың бәріне ревизия жүргізу қажеттілігі пісіп жетілді. Бұл әрине, национализациялауды білдірмейді. Бірақ оның бәрі әділ жолмен беріліп, адал инвестордың қолына тигені маңызды. Әйтпесе, ел байлығы өзіне жетпей, елдің әл-ауқаты құлдырап, халық қатты кедейленіп барады.

2022 жылы көрші Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі мен экономикасы 7%, Өзбекстандікі 6% өскен. Ал Қазақстанда биылғы 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған рекордтық деңгейге жетті. Бейбіт заманда бұл енді масқара.

Сондықтан 12 желтоқсанда Смайылов Үкіметінің осы жылдағы соңғы кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы мәселені төтесінен қойды. Мәселен, қазір үнді миллиардері Лакшми Митталдың Қазақстандағы "мұрасының" тағдыры шешілуде. Сорақысы сол, оның өндірісі "өлім ошағына" айналып бара жатқандай.

"Кейбір кәсіпорында адам өліміне әкеп соқтыратын апаттар тым жиілеп кетті. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы – осының айқын дәлелі. Онда 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден астам азаматымыз қазаға ұшырады. Биылдың өзінде ел бойынша 14 адамнан айырылып қалдық. Өткен аптада тағы бір жұмысшы опат болды. Меморгандар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, экология және салық заңнамасын белден басып отыр. Инвестициялық міндеттемелерін де орындамайды. Қоғам әділ, қатаң және шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп жатыр", – деген еді Президент Қ.Тоқаев.

Жалпы, жаңа 2023 жылы инвесторларды тарту мәселесінде біраз өзгеріс болмақ. Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп тексере келе, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілгені әшкереленді.

Әкімдіктердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары еліміздегі құнды пайдалы қазбасы бар 87 кенішті заңсыз астына басқан. Өз кезегінде олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, осы кеніштерді жеке компанияларға су тегін таратқан. Сол себепті Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтаруға кіріседі.

Бұрынғы билік тұсында кенорындары мен ірі кәсіпорындардың қалай таратылғанына халықтың да көңілі толмайды. Осы орайда Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Қалыбек Өтенов бұқараны мазалаған мәселені көтеріп, орталық билікке бастамамен жүгінді.

"Бізді, яғни Ұлытау облысындағы Ұлытау ауданының Жезді кенті тұрғындарын елді мекеннің іргесінде орналасқан бұрынғы даңқты "Қазақмаргенец" тау-кен байыту фабрикасының бүгінгі жай-күйі алаңдатады. Қазіргі кезде осы фабриканы "Нерис" ЖШС иемденіп отыр. Алайда оның соңғы 3–4 жылда бұрыннан қоймада жиналып қалған марганец ұнтақтарын жай магниттік сеператордан өткізіп, өңдеп алғаннан басқа іс-әрекет жасау ойында жоқ. Ол жерде әрине, бүгінде біраз адам жұмыс жасап жатыр. Бірақ фабриканың қуаты осы өңірді дамытатын драйверге айналуға жетер еді. Осы мекемеде көп жыл қызмет атқарған маман да соны айтады. Сондықтан маманның дәлелдеріне сүйене отырып, осы кен байыту фабрикасына басқа инвестор қарау қажеттігін айтқымыз келеді", – деді депутат.

Яғни, жергілікті өкілді билік пен қоғам белсенділері фабриканы "әл-қуаты мықты, осындағы марганецті ғана емес, сирек металдарды да өңдей алатын, өндірісті сауатты жүргізетін" басқа инвесторға тапсыруды сұрап отыр.

"Соның арқасында келешекте шахтамыз ашыла қалса, 40 пайыздық марганец концентратының бір тоннасының бағасы кем дегенде 200 доллар болар еді. Жаңа инвесторға Жездіде гидрометаллургиялық сирек металдар цехын ашқызсақ, онда бір жағынан өңдеу саласы дамып, екінші жағынан, руданың сату құнын бірден 15 есеге арттыруға болар еді. Қазақ минералды шикізат ғылыми-зерттеу институтының 1994 жылғы есептеулері осыны көрсеткен. Сонда болашақта тек осы бір кенорнынан жылына шамамен 55 миллиард теңгенің тауарын шығаруға болады", – деп дәйектеді Қалыбек Башарұлы.

Бұл бүкіл Ұлытау өңірінің дамуына серпін берер ме еді. Сондықтан мәслихат депутаты орталықтағылар жергілікті ақпараттарды назарға алып, дұрыс шешім қабылдайды деп сенетіндерін жеткізді.

Биылғы референдумда Президенттің ұсынуымен, Ата заңға "Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі" деп бекітіп қойды.

"Еліміздегі бар қазына-байлық – халықтікі екенін айта беру артық болар. Дегенмен, осы қағиданы ескеріп, біз, Жезді кентінің тұрғындары, сол байлықтың қазір құлдырап, құлазып тұрған кентіміздің ахуалын көтеруге септігін тигізуін қалаймыз. Осындағы жер қойнауындағы байлық Жезді кентін де, өңірді де аяғынан тік тұрғызуға толық жетеді. Сонда Жездінің бағы қайта түлеп, экономикасы дамып, Ұлытау халқы Қазақстандағы ең бай-қуатты тұрмыс құрар күнге жетері анық", – деді мәслихат депутаты.

Айтқандай, Жезді марганец кенорнының да, "Қазақмаргенец" тау-кен байыту фабрикасының да әлеуеті толыққанды пайдаланылмай тұрғанын тәжірбиелі геолог Болат Жугунис мәселе етіп көтерген болатын.

Қазақ жерінің асты мен үстіндегі ен байлықты таратуға Индустрия және инфақұрылымдық даму министрлігі аталатын "суперминистрлік" жауапты. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника өндірісі де соған жүктелгенін Inbusiness.kz жазған болатын.

Бұл меморган әзірге Жезді кенорнының инвесторын өзгерту мәселесі қарастырылып отырмағанын білдірді. Онда тек қоқысқа шығарылып тасталатын сирек металдарды тауып, өңдеу жайы пысықталмақ. Оның үстіне егер оны компания табысы аз деп тапса, онда бұдан да ештеңе шықпауы мүмкін.

ИИДМ "Neris" ЖШС-нің техногендік минералдық түзілімдерден марганец концетратын алу жөніндегі қызметі 2021 жылы басталғанын еске салды. Кәсіпорын өндірілген өнімді ферроқорытпа алу үшін өңдеуге әрі қарай "Qaz Carbon" ЖШС-іне жібереді.

"Бүгінгі таңда Жезді байыту фабрикасы үйінділеріндегі сирек және жерде сирек кездесетін элементтердің құрамы туралы мәліметтер толық, нақты емес. Ендеше оның химиялық құрамы мен элементтер санын анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізу қажет етіледі. Тиісті талдаулар жүргізілгеннен кейін компания өндірістің рентабельділігін ескере отырып, сирек металдарды алудың қаншалықты орынды екені туралы мәселені қарастырады", – деп түсіндірді Индустрия министрлігі.

Белгілі болғандай, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндірісі саласындағы ынтымақтастықты қарастыратын келісімге қол жеткізіліпті. Келісім аясында техногендік кенорындарынан бағалы ілеспе компоненттерді алу үшін инвестициялар мен технологияларды тарту мүмкіндіктері қаралатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу