Қазақстан қайтадан ЕҚЫҰ-ға Төраға болуы мүмкін

2658

Ал әзірге Ресей ЕҚЫҰ-ның ұйқы-тұйқысын шығарып, құртуға таяды. Таяуда ғана Қазақстандағы сайлауды жөнсіз сынап, қазақтарға керги сөйлеген еуропалық шенеуніктер енді ұйымды бір құтқарса, қазақтар құтқарады деп жалынғалы отыр. 

Қазақстан қайтадан ЕҚЫҰ-ға Төраға болуы мүмкін Фото: liter.kz

"Will Russia Kill the OSCE?" (Ресей ЕҚЫҰ-ны өлтіріп тастай ма?) – америкалық Foreign Policy журналы осындай айғайлаған тақырыппен шықты. 1–2 желтоқсан күндері Польшаның Лодзь қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті – Министрлер кеңесінің 29-шы кездесуі өтуде. Дегенмен, халықаралық ақпарат құралдары өкілдерін құрылтайда не талқыланғаны емес, ұйымның қазіргі ахуалы көбірек қызықтырды. Себебі ұйым тұйыққа тіреліп, жыларман күйге жетіпті.

Жиын қарсаңында ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рау 2022 жылды осы ұйым тарихындағы ең күрделі жыл деп күрсіне атады. Негізсіз емес. Польша билігі РФ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавровты елге кіргізбей қойды: өйткені оған ресейлік агрессияны қолдағаны және ілгерілеткені үшін батыстық санкция салынған. Сонымен бірге З.Рау ЕҚЫҰ қызметін тұйыққа тіреді деп Ресейді айыптады.

"Ресей Украинаға басқыншылық жасап қана қоймай, сонымен бірге ол еуропалық ұйымның қызметіне шабуылдап, басым бөлігін бұғаттап тастады", – деп мәлімдеді поляк СІМ-інің басшысы.

Мұнысы шындық: ЕҚЫҰ-ның саммиттерінде барлық шешім консенсус негізінде қабылданады, егер бір мүше қарсы болса, шешім қабылданбайды. Содан Ресей ұйымның бюджетін де бекіткізбей, жобаларға вето қойды. Әрине, ұйымға қатысушы елдер бас қосып, Ресейді мүшеліктен айыру мәселесін күн тәртібіне төтесінен қоя алар еді. Бірақ оған да Кремль вето қойып тастары даусыз. Ұйымның бұл тығырықтан қалай шығатыны белгісіз. 

Австриялық дипломат, саясаттанушы Стефани Лихтенштейн батыс елдерінен келген дипломат әріптестеріне сілтеме жасап, Ресейдің ЕҚЫҰ-ны іштен ірітіп, алатайдай бүлдіріп жатқанын растады.

"Мәскеу ұйымның бітімгершілік миссияларын жарға жықты. Оның бюджеттік процесін бұзды. Сөйтіп, еуропалық қауіпсіздік үшін өмірлік маңызды ұйымның тіршілігіне қауіп төндіруде. Венада орналасқан осы ЕҚЫҰ қырғи-қабақ соғыс заманында құрылып, содан бері Шығыс пен Батыс арасындағы жалғыз, сенімді халықаралық диалог алаңы қызметін атқарып келді. Алайда бүгінде Ресей оны жамандыққа арандатып отыр. РФ ЕҚЫҰ-ның жылдық бюджетіне және 2024 жылғы төрағалығына бұғат салды. Ал бұл мәселелер ұйымның қалыпты жұмыс істеуі үшін зор мәнге ие. Оған қол жеткізе алмаған соң, ЕҚЫҰ экзистенциалды дағдарысқа килікті", – деді австриялық дипломат.

Кремль ұйым тізгінінің 2024 жылы Эстонияға берілуін мақұлдамай тастады. Себебі, РФ бұл көршісін өзіне қастық пейілдегі ел санайды.

Бұған қоса, Мәскеу ЕҚЫҰ-ның Украинадағы мониторингтік миссиясының мерзімін ұзартуға да вето қойды. Нағыз қырық бір жақ, қырсық бір жақ дегеннің кері. РФ бұл миссияның өкілдері бақылау жүргізе жүріп, Киевтің пайдасына тыңшылық жасайды деп қауіптенеді. Салдарынан, майдан аясында қалған қалалардағы бейбіт тұрғындарды қорғауға қал-қадари көмектесу орнына, дәл керек кезде бұл миссия биыл тарап тынды. Австриялық дипломат осы тұста тағы бір сорақы жайтқа назар аударды: Украинаның Луганск облысын жайлаған, әлем мойындамаған ЛХР квазиқұрылымы ЕҚЫҰ миссиясының үш мүшесін жансыз деген айыппен тұтқындап, әлі күнге түрмеде қамап ұстап отырған көрінеді. Оның екеуін ойдан құрастырылған айыппен ұзақ мерзімге соттапты.

Яғни, өз өкілдерін қорғай алмаған қауіпсіздік ұйымынан не қауқар, не қайтарым күтуге болады?

Ұйым үшін ең ауыр соққы – биылғы бюджетін Мәскеудің қабылдатқызбай тастауы болды. ЕҚЫҰ осы жылды қалдық қаржыға әзер өткеруде. Оның бюджеті онсыз да аз еді: 2022 жылы оның жалпы бюджеті 138 млн еуро болады деп күтілген.

Foreign Policy жазуынша, "қаржылық аштық" "ЕҚЫҰ-ны параличке айналдырып, оған геосаяси дағдарысқа, аймақтағы қауіпсіздік саласындағы ахуалдың ары қарай ушығуына тиісті ден қоюына мүмкіндік бермеді".

"Ресейді өзіне ұнамаған шешімдердің бәрін вето құрдымына құлату құқығынан төраға Польша да айыра алмайды. ЕҚЫҰ-да бәрі консенсус қағидатына құрылған. Оған мүше Еуропа, Солтүстік Америка және Орталық Азияның 57 елінің әрқайсысы өз мүддесіне сәйкес келмейтін кез келген іс-қимылды бұғаттап тастау құқығына ие. Бұрынғы тыныш жылдарда да бұл тетік ЕҚЫҰ жұмысына нұқсан келтіретін. Бірақ ұйым бірауыздан шешім қабылдау ережесінен бәрібір бас тарта алмады", – деп түсіндірді Стефани Лихтенштейн.

Оның байламынша, енді осы тетікті ойына келгенше қолданған Кремль тұтас ұйымды "кепілге алып отыр".

Әрине, ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның да өкпесі бар. Мысалы, таяуда еліміздің Сыртқы істер министрлігі оған қарсы зілді мәлімдеме жасады.

"ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның 2022 жылғы Қазақстандағы Президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының алдын ала қорытындылары мен тұжырымдары туралы мәлімдемесінде объективтілік жоқ. Осы уақытқа дейін республикамыздың қолдауына ие болған бұл ұйымның енді маңызды институт ретінде тиімділігіне күмән туды. Мәлімдеме ЕҚЫҰ ДИАҚБ үшін дәстүрге айналған трафаретті және біржақты қорытындыларды қамтиды, еліміздегі ішкі жағдайды толық түсінбейтінін көрсетеді. ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылар тобы мен оның басшылығының қызметі Қазақстан Президентінің елді трансформациялауға, оны құқықтық дамыған озық қоғамға айналдыруға бағытталған реформаларына қарсы достық емес көзқарасты айқын көрсетті", – деп, әдетте шектен тыс ұстамды қазақстандық СІМ оны аяусыз сынады.

Қызығы сол, ведомство сөз соңын "доқ" көрсетумен аяқтады: "ЕҚЫҰ ДИАҚБ мәлімдемесі онда Қазақстан билігімен ұзақ мерзімді және сындарлы ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысының жоқтығын көрсетті және біз мұны алда міндетті түрде ескеретін боламыз"!

Бірақ Қазақстан бұл ұйыммен ат құйрығын үзісе алмайды. Оның күйреуіне де мүдделі емес. Себебі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – бұрынғы Кеңес одағына кірген республикаларды бүкіл Еуропа елдерімен және АҚШ-пен біріктіретін және дауыс беруде солармен тең құқық беретін қауіпсіздіктің жалғыз институты болып табылады. 

"Тілінен тапты" деп дана қазақ айтқандай, бүгінде Әзербайжан мен Армения да ЕҚЫҰ бюджетінің қабылдануына вето салды. Баку мен Ереванға еуропалық ұйымның жергілікті шиеленіске қатысты тұжырымдары ұнамаған.

Бюджеті барлық мүше елдердің келісімінен өтпесе, ұйымға тек шектеулі режимде жұмыс істеу ғана қалады. Қаржылық регламентіне сәйкес, бюджеті бекітілмей, оның жаңа жобаларды бастауға, жаңа қызмет бағыттарын өрістетуге құқығы жоқ. Ол сондай-ақ басқа ұйымдармен жаңа келісім бекіте алмайды.

Польшаның төрағалығы алдағы 31 желтоқсанда аяқталады, 2023 жылы төрағалық тізгінді Солтүстік Македония алады. Ал 2024 жылғы төраға кім болатыны белгісіз. Ресейде билік ауыспай, ол Эстонияның еуропалық ұйымның билік басына келуіне келісімін бермейді.

Осы орайда америкалық Foreign Policy журналы және австриялық дипломат Стефани Лихтенштейн қызықты хабарды жариялады: 2024 жылғы ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстан болуы мүмкін. Себебі, оның кандидатурасына Мәскеу де, Батыс та қарсы емес.

"ЕҚЫҰ аясында бірнеше дипломат Foreign Policy-мен анонимділік жағдайында тілдесті. Олардың байламынша, алдағы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Солтүстік Македонияға 2024 жылғы төраға лауазымына кандидатқа қатысты консенсусқа келу үшін тездетіп келіссөздерді бастауға тура келеді. Әйтпесе, көшбасшылық кризисі басталады. ЕҚЫҰ "Үштік" органынсыз (бұрынғы, іс басындағы және алдағы төрағалардың бірлестігі) қалады. Венадағы дипломатиялық дәліздерде 2024 жылғы төрағаға кандидат ретінде 3 елдің аты аталып отыр, бұлар – Қазақстан, Испания немесе Түркия", – деп хабарлады Foreign Policy.

Дәл қазір қазақстандық делегацияны басқарған Премьер-Министрдің орынбасары–Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Польшадағы саммитте жүр. Бәлкім, жабық отырыстарда бұл мәселе де қаралған болар. Қазақстан 1992 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше болды. 2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Сол жылдың желтоқсанында ұйымның мерейтойлық Саммитін дүркіретіп өткізді. "Астана Декларациясы: қауіпсіздік қоғамдастығына қарай" атты тарихи құжаты қабылданды.

Қ.Тоқаев имидждік жобаларды жақтырмайтынын білдірді. Бірақ дипломат ретінде әрі еуропалық беделді ұйымды сақтап қалу үшін оның тізгінін алып, жол бастауға келісуі де ғажап емес.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться